ЭЦҚ-НЫ КӨЗІҢІЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ сақтаңыз
Бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған интернет дәуірінде өмірімізді электрондық цифрлық қолтаңбасыз (ЭЦҚ) елестету мүмкін емес. ЭЦҚ көмегімен кез келген уақытта қашықтан көптеген қызмет түрін ала аламыз. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді егер қырағылық танытып, электрондық цифрлық қолтаңбаңызға сақ болмасаңыз, алаяқтардың құрбаны болуыңыз әбден ықтимал.
Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) – сіздің қолжазба қолтаңбаңыздың цифрлық баламасы. Белгілі бір цифрлық құжаттарға жеке ЭЦҚ-мен қол қою арқылы сіз іс-әрекеттеріңіздің заңдылығын растайсыз.
ЭЦҚ-ны Қазақстанда жеке, сондай-ақ заңды тұлғалар ресімдейді. Жеке тұлғалар ЭЦҚ-ны мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алу, өздерінің зейнетақы аударымдарын немесе медициналық сақтандыруды қадағалау және тағы да басқа мақсаттар үшін пайдаланады. Заңды тұлғалар үшін ЭЦҚ-ны басшы, сонымен қатар қажет болған жағдайда белгілі бір міндеттерді шешу үшін уәкілетті қызметкерлер де алады.
Дегенмен кейінгі жылдары елімізде алаяқтардың ЭЦҚ-ны өз мақсаттарына пайдалану оқиғалары жиі тіркелуде. Ендеше қулығына құрық бойламайтын алаяқтар ЭЦҚ-ны өз мүдделеріне қалай бұрмалап пайдаланады? Егер сіз ЭЦҚ-ны жоғалтып алсаңыз немесе бөтен адамдарға қандай да бір «көмек» үшін берсеңіз, онда сіздің барлық жеке деректеріңіз басқалардың қолында бар деп есептей беріңіз. Қаскүнемдер ЭЦҚ-ны күмәнді мәмілелер жасау, пәтерге бөгде адамдарды тіркеу немесе сіздің көлігіңізді қайта ресімдеу үшін пайдалана алады.
Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін ЭЦҚ арқылы жасалатын алаяқтықтың бірнеше мысалын қарастырайық.
Алаяқтар ЭЦҚ-ны белгілі бір ұйымның қаржысын иемдену мақсатында пайдаланады. Жалпы ЭЦҚ-мен алаяқтықтың ең көп таралған түрі – басшының өз ЭЦҚ-сын фирманың атынан қаржылық операциялар жүргізуге құқылы қызметкерге беруі.
Жосықсыз қызметкер ұйымның ақшасын жалған мәмілелер мен жалған төлем шоттары арқылы иемденуі мүмкін. Алайда ЭЦҚ басшының атына тіркелгендіктен құқық қорғау органдары басшының өзін жауапқа тартады. Ал қолтаңба иесіне алаяқтыққа қатысының жоқтығын дәлелдеу өте қиынға соғады.
Сонымен қатар ЭЦҚ арқылы «жоқ адамдарды» жұмысқа орналастыруға да болады. Алаяқтар арасында «жоқ адамдарды» жұмысқа орналастыру кеңінен таралған. Жұмысқа жалған орналастыру процесі де басшының ЭЦҚ-сы арқылы жасалады. Жұмысшылар қағаз жүзінде ғана болады. Ал жалақысы алаяқтардың қалтасына түсіп отырады. Мұндай жағдайда да тергеу жұмыстары күрделене түседі. Себебі жоқ қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға басшының қолы қойылған.
Кейбір алаяқтар ЭЦҚ-ның көмегімен сыйақы үшін жүздеген адамды бір пәтерге тіркейді. Тіркелген азаматтардың арасында ұры-қары, басқа да түрлі қылмыс жасағандар болуы әбден мүмкін. Мұндай жағдай ЭЦҚ-сын жоғалтқан немесе басқа адамға сеніп тапсырған баспана иесіне қатысты орын алады.
Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына жиі жүгінеді және жалпыға қолжетімді стационарлы компьютерлерден ЭЦҚ алады. ЭЦҚ алғаннан кейін көп адамдар компьютердің жұмыс үстелінде сақталған деректерді өшірмей кете барады. Егер жеке деректеріңіз алаяқтардың қолына түсетін болса, қалағанынша өз мақсаттарына пайдаланады.
Сондықтан электрондық цифрлық қолтаңбаның заңды күші бар екенін, ұқыптылық танытпасаңыз алаяқтардың құрбаны болатыныңызды естен шығармаңыз. Осы орайда оқырмандарымыздың керегіне жарап қалар деген ниетпен ЭЦҚ-ны пайдалануға байланысты бірнеше пайдалы кеңесті ұсынамыз.
Біріншіден, ЭЦҚ паролін өзгертіңіз. Сіз қолтаңбаны халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алдыңыз делік. Орталық қызметкері көп жағдайда ЭЦҚ-ға стандартты 123456 паролін орнатады. Сол себепті парольді жеке кабинет арқылы өзгерткеніңіз дұрыс. Осылайша сіз өзіңізді алаяқтардан да, ХҚКО-ның жосықсыз қызметкерлерінен де қорғайсыз.
Екіншіден, ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға бермеңіз. Бөгде адамдарға қандай жағдай болмасын рұқсат бермеу қажет. Себебі ЭЦҚ арқылы бөгде адамдар құжаттарға қол қоюы ықтимал. Және мұндай жағдайда сіздің қолтаңбаңыз еместігін дәлелдеу мүмкін болмайды.
Үшіншіден, ЭЦҚ-ны мессенджер, әсіресе топпен құрған чаттар арқылы жібермеңіздер. Себебі кез келген қатысушы көшіріп пайдалануы ықтимал. ЭЦҚ-мен жасалатын барлық рәсімді өзіңіз жасауға тырысыңыз.
Төртіншіден, компьютерді вирустардан қорғаңыз. Егер ЭЦҚ-ны компьютерде сақтасаңыз, сапалы лицензиялық антивирус орната отырып, қорғауды ойлаңыз және үнемі жаңартып отырыңыз. Сондай-ақ белгісіз (танымайтындардан) адамдардан келген электрондық хаттарды ашпаңыз және күдікті сілтемелер бойынша өтпеңіз. Өйткені түрлі сілтемелер немесе электрондық хаттар сіздің компьютеріңіздегі барлық затқа қашықтан қол жеткізетін бағдарламалар болуы мүмкін.
Бесіншіден, ЭЦҚ салынған файлға паролінің атын қоймаңыз. Кейбір азаматтар ЭЦҚ паролін ұмытпау үшін қолтаңбасы бар папкаға немесе файлдың өзіне құпия комбинация атын қоюы ықтимал. Мұнымен алаяқтардың жұмысын жеңілдетесіз.
Алтыншыдан, ЭЦҚ-ны бөгде адамдар арқылы ресімдемеңіз. ЭЦҚ алуға ХҚКО-ға немесе «eGov mobile» арқылы онлайн жүгіне аласыз. Ал егер сауалдарыңыз болса, 1414 call-орталығына қоңырау шалыңыз. Қолтаңбаны жылдам әрі еш мәселесіз ресімдеймін дегенге сенбеңіз. Себебі алаяқтар «шынайылық үшін» ЖСН, банктік картаның деректемелерін және пин-кодын да сұратуы ғажап емес.
Жетіншіден, егер ЭЦҚ-ға рұқсаты бар компания қызметкері жұмыстан шықса, қолтаңба сертификаттарын уақытында қайтарып алыңыз. Бұл тармақ жекеменшік бизнес иелеріне қатысты. Экс-қызметкер компания шотынан ақша алуы да және шотты жабуы да ықтимал.
Сегізіншіден, егер сіз компьютерде немесе флешкада сақтаған ЭЦҚ-ны жоғалтсаңыз, онда оның күшін жойып, жаңасын жасап алыңыз.
Жалпы жұртшылық көп жағдайда электрондық цифрлық қолтаңбаға немқұрайды қарайды. Керек кезінде ғана пайдаланып, қалған уақытта бар-жоғын ұмытып та кетеді. Жоғарыда келтірілген деректерді назарға ала отырып ЭЦҚ-ны да көзіңіздің қарашығындай сақтамасаңыз, сан соғып қалатыныңызды ұмытпаңыз.
Жасұлан Сейілханов
Келесі мақала