Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразда алаш идеясы жастарға насихатталды

Таразда алаш идеясы жастарға насихатталды
ашық дереккөз
Таразда алаш идеясы жастарға насихатталды
Қазақ тарихының Асқар тау белестерінің бірі Алашорда кезеңі. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда құрылған Алашорда үкіметінің қазіргі мұрагері Тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Биыл Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 106 жыл. Осыған байланысты «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының» ұйымдастыруымен «Алаштың асқақ арманы» тақырыбында Алаш-тарихы апталығы өтіп жатыр. Алаш-тарихы апталығы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық коледжі студенттерінің «Арқаның селі, желі, шөлі, белі, ерлерді ұмытпаса, елі де ұмытпас» тақырыбындағы алаш ардақтыларын еске алуға арналған әдеби-драмалық кешімен ашылды. Аталған әдеби-драмалық кешке аудандардан, ауылдардан келген мектеп оқушыларыда қатысты. Олар Алаш қайраткерлерінің шығармалары мен өлендерін жатқа оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. «Алаш-тарихы апталығы апта соңына дейін жалғаспақ. Орталықтың әдебиетші және тарихшы мамандары алаш қайраткерлерінің еңбектері мен ұлт алдындағы ерліктерін Тараз қаласындағы орта мектептерде насихаттайды. Сондай-ақ әр оқушы мен ұстаздарға алаш қайраткерлерінің суреті мен нақыл және қанатты сөздері жазылған 2024 жылдың күнтізбесін үлестіреді. Бүгінгі күннің өзінде 400-ден астам алаш қайраткерлерінің бейнелері мен нақыл сөздері бар күнтізбе жастар мен ұстаздар арасында үлестірілген. Бұл дегеніміз әрбір мектеп оқушысы Алаш зиялыларының нақылдарын жатқа білуге септесетін рухани дүние болмақ»,-дейді Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауаран Қалиұлы. Бүгін орталықта «Алаштың асқақ арманы» атты Алаш-тарихы апталығының қорытынды отырысы өтті. Отырысқа Н.Ә.Назарбаев зияткерлік мектебі, Тараз қаласының №34 және №9 мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты. Жиынның ашылуы барысында Алаш идеясын ұстанатын «Ақ жол» партиясының Жамбыл облыстық филиалының төраға орынбасары Сейсегүл Дүйсебайқызы сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен оқушыларға алғыс айта отырып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аманкүл Бәкенқызы, Тараз қаласының №34 мектебінің ұстазы Анар Қалиева және №9 мектебінің тарих пәні мұғалімі Рәпілбаев Ержан баяндама жасап, алаш тарихына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ жиынға қатысып отырған оқушылар алаш тақырыбындағы ғылыми жобаларын көпшілікке таныстырып, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұд сияқты тағыда басқа зиялылардың шығармаларын жаттқа айтты. Жиын соңында ұстаздар мен оқушылар ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттармен марапатталды. Айта кетейік, аталған іс-шара апта бойы Тараз қаласындағы көптеген орта мектептерде жалғасып, оқушыларға алаш мұралары дәріптелді. Алаш апталығы 25 қараша күні Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында шағын концерттік бағдарламамен ұласып, өз мәресіне жетпек. Еске сала кетейік, 1917 жылдары Қазақ зиялыларының қазақ жерлерінде 68 қазақ съездері өткен. 68 съезддің ішінде қазақ тарихында ұмытылмастай сақталатыны 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығындағы Орынборда қаласында өткен құрлытайы еді. Осы құрлытайда Алашорда үкіметі құрылып, оның төрағасына Әлихан Бөкейхан сайланған. Биыл Алашорда үкіметінің құрылғанына 106 жыл толады. Алаш идеясы, басы айдауда, бармағы шайнауда кеткен қазақ зиялыларының асқақ арманы. Алаштың асқақ арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан. Егеменді Қазақстан – Алаш идеясының жемісі. Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері.    
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар