Мәдениет – асыл қазына
Облыс орталығындағы «Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме залында «Мәдениет –
асыл қазынам» атты облыс аудандары мәдениет күндерінің қорытынды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, мәдениет қызметкерлерінің қуанышына ортақтасты.
Өнер кешін облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы құттықтау сөзімен ашып беріп, ұйымдастырылған шараның мәніне тоқталды.
– Мәдениет – халқымыздың бай мұрасы, ұлттық руханияттың негізі. Осы мәдениетімізді жаңғырту мақсатында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндері барлық ауданда өткізілді. Көпшілікке өңір тарихы таныстырылып, дәстүрлі өнер насихатталды. Сонымен бірге «Өнер көзі – халықта» атты өнер ұжымдарының фестивалі, «Ең үздік» ауылдық мәдениет үйі мен әдістемелік кабинеттер іріктелді. Жалпы облыста 197 мәдениет үйі мен клубтар болса, биыл тағы 9 нысан пайдалануға берілуде.
Бұл қолдау алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Жамбыл өңірі – Ықылас Дүкенұлы, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Аяз Бетбаев сынды ұлттық руханиятқа, мәдениетімізге мол мұра қалдырған тарихи тұлғалардың шығармаларын кеңінен дәріптеп келе жатқан қасиетті өлке.
Ал ескінің ізін жалғайтын ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру – қашанда өзекті.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында сөйлеген сөзінде «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», деді.
Осы ретте келесі жылы облысымызда «Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығы» ашылатыны туралы сіздермен жақсы хабарды бөліскім келіп отыр.
Бұл – жыр-дастандарды насихаттайтын күйшілер мен термешілерді, айтыскер ақындарды тәрбиелейтін өнер орталығы болмақ. Алдағы уақытта елімізді әлемге танытатын атақты өнер иелері осы орталықтан шығады деп үміттенеміз.
Ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне зор алғыс айтамын.
Сіздерге шығармашылық табыс, өнер жолында жаңа жетістіктер тілеймін, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Шараның негізгі бөлігінде аудан, қалалар мәдениет күндерінің қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. «Халықтық» (үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының деңгейін анықтау, халық шығармашылығы жанрларын дамыту мақсатында өткен «Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалінің «Үздік би ұжымы», «Үздік хор ұжымы», «Үздік ән-би ансамблі», «Үздік аспаптық, фольклорлық ансамблі» номинацияларының және «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб-2023», «Ең үздік әдістемелік кабинет» облыстық байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Сөйтіп, мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша жүлделі I орынды Шу ауданы иеленіп, оларға шағын автобус табыс етілді. Сонымен бірге жүлделі II орын алған Қордай ауданының өнерпаздары да автокөлікке ие болды. ІІІ орынды иеленген Мойынқұм ауданы
1 комплект музыкалық аппаратура жеңіп алды. Қалған аудандарға ынталандыру жүлдесімен 5 домбырадан табыс етілді.
Мереке соңы байқаулар мен фестивальдарда үздік өнер көрсеткен облыс өнерпаздарының гала-концертіне ұласты.
Айта кетейік, биылғы жылдың мамыр-қазан айлары аралығында облыс әкімдігінің қолдауымен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері өткен болатын.
Айжан ӨЗБЕКОВА
aizhan-uzbekova@mail.ru
Келесі мақала
Аймақ басшысы инвесторлармен кездесті
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024