Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баланың бетін қақпау – бетімен жіберу емес

Баланың бетін қақпау – бетімен жіберу емес
ашық дереккөз
Баланың бетін қақпау – бетімен жіберу емес
Қазақи тәрбиеге байланысты кітап беттеріне үңілер болсақ, қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелегені туралы жазылады. Олар – «ұят болады», «жаман болады» және «обал болады». Мұндағы ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме дегені. Сонымен қатар жаным арымның садағасы дегені. Ал жаман болады дегені – жақсы сөз жарым ырыс, жамандықтан аулақ жүр деп, жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді дегені еді. Үшінші обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін, ешкімге көлеңкең түспесін дегені еді. Жаман боладыға жақындамай, ұят боладыға ұрынбай, обал болады дегенге ойлана қарайтын ұрпақ едік. Ал, қазір ше?.. Меніңше «ұят болады» сөзі – тәртіптіліктің басшысы. Тектіліктің бастау көзі. Тәрбиенің тал бесігі, емес пе еді?! Кейінгі кезде осы бір текті сөзді айтудан қалғандаймыз. Бұл асыл сөздің өзі – бар жаман іс-әрекеттердің, әдепсіз қылықтардың алдын алып, тыйып тұратыны айтпаса да түсінікті. Сәби күнімнен әженің аялы алақанын сезініп, әңгіме-ертегісімен сусындап өстім. Кәрі әжемнің бірауыз «тек», «ұят болады» деген сөздерінен кәдімгідей именіп, ненің жаман, ненің жақсы екенін айыратынмын. Осындайда Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінде суреттеген Қызтумас әжесінің кіршіксіз образы еріксіз ойға оралады. Бұл повесті оқи отырып мен де өзімнің әжемді көргендей күй кешемін. Өзі қандай мұнтаздай таза болса, көңілі де әппақ қардай таза әрі кіршіксіз еді-ау, жарықтықтың. Басынан ақ жаулығын тастамайтын. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Бүгінгі қоғамға дәл осындай қариялар ауадай қажет-ақ. Неге десеңіз, ақ пен қараны ажырата алмайтын, санасыз робот сынды ұрпақ қалыптасып келе ме деген үрейлі ой жаныма маза бермейді. Себебі қазіргі уақытта ата-ананың немесе ата-әжелердің немерелеріне «ұят болады, қой» деп айтып жатқанын естімейтін болдық. «Неге олай?» деп сұрай қалсаң: «Қоя бер, қайтесің, бір үйдің ерке қызы немесе жалғыз қызы ғой. Өзі біледі не істесе де» деп қысқа ғана қайырады. Әй, құдай-ау, өзім білемдікке салынған бала ертеңгі күні қандай адам болады?! Әрі қарай ойлай беріңіз. Мейлі, көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине. Бәлкім, менің ойымдағыдай текті ата-ана көзіме көрінбей жүрген болар. Қонаққа бара қалсаң, дастархан басында улап-шулап жүрген бүлдіршіндерді көресің. Іштен «Қап, әттеген-ай! Әй дейтін әже, қой дейтін қожаның болмағаны ма?» деп таңырқайсың. Тіпті, жайылған дастарханның үстіне қолын сұғанақтатып, бір тәттіні мұнда, енді бір тәттіні анда шашып жатқанда жүйкең сыр бере бастайды. Рас, баланы еркелетіп өсірген де дұрыс шығар. Десе де, баланың бетін қақпау керек деп, бетімен жіберудің қажеті қанша? Даналарымыз айтқандай «Тәрбиенің – тал бесіктен басталатынын» неге естен шығарамыз осы?! Бірде теледидардан бала тәрбиесі туралы әңгімелеп отырған психологтың сөзіне құлақ түрдім. «Ұят болады деп балаға айтып, әр нәрседен тыя берсек бала жасқаншақ, ынжық, ұяң болып өседі. Ондай баланың болашағы бұлыңғыр», деп қойып қалмасы бар ма? Ал енді қараңыз, осы «ұят боладыны» естімей жүрген талай жасөспірімнен неше түрлі сұмдық шығып жатқан жоқ па? Мәселен, ұрлық, зорлық, біреуге зәбір көрсету секілді. Одан кейін жасаған істері әшкере бола қалса, «Оның несі ұят?» деп беттерінің бүлк етпейтінін қайтерсің. Айта берсең, әттегенайлар көп... Сол себепті «ұят» сөзі бірінші кезекте тұруы тиіс. Тіпті, хәкім Абай отыз алтыншы қара сөзінде ұят туралы: «Шын ұят сондай нәрсе: шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі істеген адамды есіркегендіктен болады... Ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты... Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен ұятты болдым, дедім ғой, енді нең бар?» дейді, Абай Құнанбайұлы. Хош. Адамзаттың бойындағы әшекейі болып саналатын ұят сезімі – бүкіл жаманшылықтардан қорғайтын рухани қалқан болып саналмақ. Ол адам баласының Жаратушы Иемізге және бүкіл пенделерге деген міндеттерін толық орындауына септігін тигізеді. Түйіндей келе, жақсы қоғам қалыптастыру үшін бала тәрбиесіне жете көңіл бөлуіміз керек. Егер сізді расымен де балаңыздың болашағы алаңдататын болса, «Ұят болады» деген секілді жамандықтан тыятын, ұлағатты сөздерді уақытынды баланың миына құйып отырғаныңыз жөн. Біздің мақсат – қалың оқырманға салмақты ой салу. Ендеше, жоғарыда айтылған сөздерді ой елегінен өткізіп, тәрбиелі де саналы ұрпақ қалыптастыру өз қолыңызда екенін естен шығармағаныңыз абзал, құрметті оқырман!

Маржан БЕКЕТОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ІІІ курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар