ГАЗДЫҢ ҚАУПІ АЗ ЕМЕС
Қараша айының 13-19 күндері аралығында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өртсөндіруші-құтқарушылары 80-нен астам шақыртуға шыққан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, құтқарушылар қураған шөптер мен қоқыстардың жану жағдайларына 35 рет, авариялық-құтқару жұмыстарына 6 рет, электр сымдарының қысқа тұйықталу дерегіне 5 рет, полицияға көмекке 4 рет, жедел жәрдем қызметтеріне қол ұшын созуға 1 рет, есіктерді ашуға 10 рет, түтін шығаруға 1 рет шыққан.
Өрт сөндіруге жедел шығу тұрмыстық өрттер мен автокөліктегі өрттерге және тұрғын үйлердің, шаруашылық құрылыстардың, сондай-ақ шөпханалардың өрттеріне байланысты болған.
Алайда жоғарыда аталған оқиғалардан қаза тапқандар тіркелмегенімен Тараз қаласында ауаға таралған газдың жарылысынан зардап шеккендер бар. Сонымен қатар Тараз қаласының өртсөндірушілері «Қарасу» алқабындағы фазендадағы өртті сөндіру кезінде 1 газ баллоны мен бензин канистрлерін сыртқа шығарып, залалсыздандырған. Қазіргі уақытта мамандар өрттің себебін және келтірілген материалдық залалды анықтауда.
Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күн сайын өртсөндіруші-құтқарушылар тұрғындарды жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақыра отырып, облыстың тұрғын үйлерін аралауда. Одан бөлек департамент мамандары жылыту маусымында газ және пеш аспаптарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертуден жалыққан емес. «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Әйтсе де сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпаған жөн. Өрт немесе төтенше жағдай туындағанда тұрғындар «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалуы қажет.
Мұның бәрі де құтқарушылардың тынымсыз еңбек етіп жатқанын көрсетсе керек. Әсіресе жаз мезгілінде табиғи өрттердің тұтану қаупі жоғары болса, қыста газ баллондарынан туындайтын төтенше жағдайлар аз емес. Осы орайда ҚР Төтенше жағдай министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің қызметкерлері де газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Жылыту маусымы басталғанда тұрғын үй секторында өрт оқиғалары жиілейді. Негізгі себептерінің бірі – газ баллондарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Егер баллонда клапан жеткілікті түрде жабылмаса, газ шығып, бөлмені толтыра бастайды. Мұндайда кез келген кездейсоқ ұшқын үй ішінде жарылыс пен өрт туғыза алады.
Жыл сайын газ баллондарының жарылуынан болатын көптеген жазатайым оқиғалар орын алады. Статистикаға сәйкес, мұндай оқиғалардың көбісі газ баллонын суық мезгілде төмен температурада газбен толтырғанда және кейіннен баллонды жылы бөлмеге ауыстыру кезінде жиі кездеседі, – дейді ҚР Төтенше жағдай министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің бас маманы Ақерке Әлімбек.
Жарылыстың ең көп таралған себептерінің статистикасына сүйенсек, ондай жағдайлар көбінде баллондардың техникалық куәландырудан өтпегенінен және баллондарды толтыру ондағы қысым бойынша емес, толтырылатын ыдыстың салмағы бойынша жүзеге асырылатындығында.
Негізінде ыдыс сыйымдылығынан газдың қысымын төмендету үшін оны 85 пайыздан артық толтыруға тыйым салынады. Өйткені автогаз құю стансасында тұрмыстық баллондар шамадан тыс толтырылса жарылыс болуы мүмкін. Сондықтан автогаз құю стансаларында газды сату литрмен жүзеге асырылады. Бұл толтыру деңгейін бақылауға мүмкіндік бермейді. Пропанмен толтыру сәтті болған жағдайда да, егер ол күн сәулесінде қыздырылса немесе жылу көздеріне жақын орналасса, нәтижесінде баллон кейінірек жарылып кетуі ықтимал.
Мұндай жарылыстар көбінде сұйытылған газ сататын автогаз құю стансаларының заң нормаларын сақтамауынан туындайтынын айтады сала мамандары.
Шапағат Әбдір
Келесі мақала
Жаңа құжат – кадастрлық паспорт
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024