ЦИФРЛЫқ БӘСЕКЕЛЕСТІК
Цифрландыру саласында еліміз көрші мемлекеттермен ғана емес, Еуропаның бірқатар елімен лайықты бәсекелес болып отыр. Кейбір көрсеткіштер бойынша Португалия, Италия, Словения, Мажарстан, Польша елдерінің алдына түсті.
Өткен жылы IMD цифрлық бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингінде еліміз 63 мемлекеттің арасында 36-орынды иеленді. Айта кету керек, ТМД және Орталық Азия елдерінен рейтингке Қазақстан ғана еніп отыр. Сонымен қатар біздің ел Еуропа мен Азияның бірқатар елінен алда тұр. Мысалы, Португалия, Италия, Мажарстан, Хорватия, Үндістан, Польша, Румыния, Бразилия, Түркия бізден кейінгі қатарда орналасқан. Мұндай баға цифрландыру саласындағы елдің жоғары даму дәрежесін халықаралық институт та растап отырғанын көрсетеді.
«IMD World Digital Competitiveness Ranking» рейтингі таңдалған 63 елдің бизнестегі, үкіметтегі және жалпы қоғамдағы экономикалық өзгерістердің негізгі факторы ретінде цифрлы технологияларды енгізу және пайдалану қабілеті мен дайындығын сараптайды. Зерттеуге сәйкес WDC рейтинг әдістемесі цифрлы бәсекеге қабілеттілікті үш негізгі фактор – білім, технология, мемлекеттің болашаққа дайындығы бойынша анықтайды.
Ал рейтинг бойынша, цифрландыру саласындағы ең дамыған елдер қатарына Дания, АҚШ, Швеция, Сингапур, Швейцария, Нидерланд, Финляндия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Канада кіреді.
Кейінгі жылдары еліміз де цифрландыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Үкімет цифрлық экономиканың дамуын жеделдетіп, өмір мен өнеркәсіптің барлық саласына заманауи технологияларды белсенді түрде енгізіп жатыр.
Мәселен, құрылыс саласын алайық. Бұл сала – цифрландыруға қиын салалардың бірі. Алайда бұдан шет қалып жатқан біз жоқпыз. Айталық, бір ғана «BI Group» компаниясының өзі айтарлықтай нәтиже көрсетті. Құрылыс компаниясы прогрессивті стандарттарды енгізе отырып, жылжымайтын мүлік пен құрылыс саласындағы өнімдер мен қызметтердің сапасын арттырудың қозғаушы күшіне айналды. Көптеген қызмет «big App» мобильді қолданбасында қолжетімді. Қолданба компания клиенттеріне жылжымайтын мүлікті іздеуден бастап тұрудың жайлылығын арттыруға дейінгі онлайн қызметтерді ұсынады. Сондай-ақ сатылымдар мен жарнамалардың басталғаны туралы, тұрғын үйлер туралы және тағы да басқа ақпараттар беретін жаңалықтар лентасы бар. Бұған қоса қажетті құжаттар өтінім бөлімінде қолжетімді. Тұрғын үй мен пәтер қызметтеріне өтінім беру, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, онлайн дауыс беру, тұрғын үй шығыстары туралы есептердің бәрі онлайн.
Цифрландыруды қолданысқа кеңінен енгізген саланың бірі – банк секторы. Бұл – елдегі ең озық әрі барынша цифрландырылған саланың бірі. Ірі банктер цифрлы платформаларды, онлайн-банкингті және мобильді қосымшаларды белсенді түрде енгізіп жатыр. Бұл қаржы операцияларын мүмкіндігінше қолжетімді әрі клиенттерге ыңғайлы етеді. «SimilarWeb» порталының мәліметінше, «HalykBank», «Kaspi.kz», «B-Bank» («Береке» банкі) қосымшалары еліміздегі үздік банк қосымшалары саналады.
Электронды үкіметіміз де цифрландырудың игілігін жалпақ жұртқа ұсынып отыр. Электронды үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігін қамтамасыз ететін бірыңғай платформа. Елімізде «Еgov.kz» электронды үкіметі қарқынды дамып келеді. Оның көмегімен азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алады. Айта кету керек, 2022 жылы Қазақстан БҰҰ мониторингіне енгізілген 193 елдің арасында электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша 28-орынды иеленді. Бұл – ТМД мен Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Жеткізу қызметі де цифрлық жолға түсті. Елімізде кейінгі жылдары қарқынды дамыған салалардың бірі дәл осы жеткізу қызметі екені даусыз. Оның дамуына, біріншіден, кәсіпорындардың технологиялық жабдықталуы мен цифрлық мүмкіндіктерінің артуы, екіншіден, пандемия кезіндегі онлайн жеткізу сұранысының жоғарылауы себеп болды. Сондай-ақ бұл қызмет мыңдаған жұмыс орнын құру арқылы жұмыспен қамтуға оң әсер етті.
Айтолған ЖҮНІСХАН,
журналист
Келесі мақала