Қазақ атақ қуып жүр ме, арман қуып жүр ме?
Отанға айрықша қызмет еткен, еліне орасан пайдасын тигізген адам ғана қайраткер атағына лайықты болса керек. Ел-жұртына ересен еңбегі сіңген тұлға ғана қайраткер деңгейіне көтеріле алады. Қатардағы көптің бірі болып жүргендерге, біреудің көкесі, не жәкесі, не «крышасы» барларға кез келген атақты оңды-солды үлестіре беру нағыз қиянат болады. Лауазымды қызмет атқарып, бүкіл ғұмырын жайлы креслода өткізген басшылар мен шенеуніктерге де ел атынан берілетін атақты абайлап беру керек.
Қазақстанның еңбек сіңіріп жүрген қайраткері болғанға не жетсін! Елімнің еңбек сіңірген қайраткері болғым келмейді. Азаттығын алған арайлы қазақ еліне өле-өлгенше еңбек сіңіріп жүргенді қалаймын. Өмірімнің соңына дейін еңбегіммен үлес қосып өтсем деймін. Қалам қуатын елімнің өркендеуіне жұмсасам деймін. Еңбек сіңіріп қойғаннан, «мен болдым-толдым» дегеннен Құдай сақтасын! Жасымыз болсын, кәріміз болсын туған еліңнің кәдесіне жарап, патриоттық сезімді жоғары ұстап, ғибратқа толы іс-әрекетіңмен, қайратқа қайрат қосар сөзіңмен үлес қосып жүргеннен артық қандай бақыт бар?!
Туып-өскен еліміз бен кең-байтақ жерімізді көздің қарашығындай сақтап, қызғыштай қорғап, біздерге көзін алартқан арам пиғылды қаскөйлерге қасқайып қарсы тұрып, батыл тойтарыс беретін аса жауапты кезеңде орден-медальға қызығып, еңбегі сіңбесе де еңбек сіңірген қайраткер атануға құмарпаздардың қаптап кеткендігіне таңғаласың. Жап-жас әншілер мен бишілердің, өнерде жүрген аты беймәлім адамдардың әртүрлі атақтарды арқалап жүргендерін, одан өзге кісілердің кеудесіндегі қызылды-жасылды сыңғырлаған төсбелгілерін көргенде біртүрлі жайсыз күй кешесің.
«Бейне орден-медаль алудың жарысы өтіп жатқандай ма?» деген ойда боласың. Әли Оқап деген әншінің «Құрмет» орденін алған жетістігін қоғам болып шулап жатқаны анау. Кез келген сыйлықтың, жоғары атақ пен марапаттың халық талқысынан өтіп барып ұсынылғаны жөн болар ма еді деген ойға жүгінесің. Билік басында отырғандардың білермендігімен берілген атақтар мен сыйлықтардың мәні де, қадірі де болмайды. Оны бұқара халық та мойындамайды.
Атақты сазгеріміз, Әнұранымыздың авторы Шәмші Қалдаяқов ағамыз мемлекеттік награданы айтпағанда, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі де болмаған екен. Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болғанда бұйымтайын айтып, ештеңе дәметпеген. Атамыз Шәмшіге қарап, «Айтыңыз, Сізге не керек?» дегенде, «Ештеңе керек емес, менде бәрі бар» деп жауап қайтарыпты. Міне, шын жүрегімен сүйген өз елінің, кіндік қаны тамған туған жерінің асыл азаматы, нағыз патриоты Шәмші ағамыз десек, артық айтқандық болмас. Елінен алуды емес, еліне тек қана беруді ғана білетін қайраткердің сөзі осындай болса керек.
Нұрлан Оразалиннің кезінде бір мезгілде 40-50 ақын-жазушыға халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын беріпті деген әңгімені де естігенбіз. Ал аса талантты жазушы Несіпбек Дәутайұлы ағамыздың еңбегі лайықты бағаланбады. Жыл сайын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанымен, бұл жоғары атақ шығармасымен оқырманын тамсандырған Нәкеңе бұйырмады. Хас таланттың бағасы еленбей, ескерілмей өмірден өтті. Жазушының қасіреті дегеніміз осы болар.
Кез келген марапатты алу барысында патриот екенімізді көрсете білу де ерлік. Біз соны көрсетуге келгенде сараңдаумыз, патриоттығымыз жетпейді. Мақтау мен мадаққа, шен-шекпенге құмармыз. Соған лайық па, жоқ па? Оған саналы түрде мән беріп, ой талқысына салмаймыз. Кеудемізге жарқыратып медаль таққанымызға мәзбіз. «Қазақ атаққұмар болып жаратылған ба?» деген ой туады кейде.
Мәдениетке айтулы еңбек сіңірген ардақты ағамыз Әлібек Әмзеұлы «Тараз қаласының құрметті азаматы» деген атағынан бас тартып, төсбелгісі мен куәлігін қайтарып берді. «Мен елдің азаматымын» деген сөзін де естіген едік. Жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыздың «Құрметті азамат» атағының қадірі кете бастағандығын баспасөз беттерінде айтып жазғаны бар.
«Нобель» сыйлығын алғанына өкінген ғалымның бірі – Ричард Фейнман. Американың ғалымы 1943-1945 жылдар арасында Лос-Аламоста атом бомбасы жобасын жасаушылардың бірі болды. «Нобель» сыйлығы берілгенде оны құп көрмеген. Атақты ғалым: «Мен сыйлық алуды армандаған жоқпын. Өйткені мен үшін таза ғылыммен айналысудың өзі үлкен бақыт болатын. Негізі сол сыйлықты алмай-ақ қойғаным дұрыс еді. Себебі қай қоғамда, қай елде болмасын сені осы сыйлықтан кейін қарапайым адам ретінде қабылдамайды екен», депті.
Белгілі жазушы Сәбит Досановтың алмаған атағы, көрмеген сыйлығы жоқ. Оны жазушының өзі де мойындайды. «Күнде айтпайын, ара-тұра Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды алыптардан кешірім сұраймын. Олар да мен алған атақты алар еді, тек олар өмір сүргенде шетелмен мұндай тығыз қарым-қатынас болған жоқ.
Жазушы ретінде бақыттымын. Ойыма алған шығармалардың барлығын болмаса да 60 пайызын жаздым, армандаған кейіпкерлерімді шығардым. Еңбегімнен асырып атақ алдым. Халықтың құрметіне бөлендім. Бірақ адам ретінде бақыттымын деп айта алмаймын. Ұлым бар кезде бақыттымын деп толық айта алар едім. Анам оқымаса да өте данышпан адам еді. Менің дүниежүзін аралап, түрлі марапат пен атаққа ие болып жүргенімді көріп, наразы болған еді. «Қазақтың атағының барлығын алдың, ормандай орыстың да атағын алдың, енді ол жетпегендей Франция дей ме, сол жақтан да темір-терсек алып келдің, аспаннан түспейсің бе? Тым асқақтама, мұның арты жақсылыққа апармайды», деген еді. Апамның осы сөзінен кейін көп ұзамай ұлым қайтыс болды», деп ағынан жарылған еді Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досанов ағамыз.
Жамбыл облыстық телеарнасының басшылығы ұжыммен ақылдаса отырып, (Аязби Бейсенқұлов басқарған жылдары) осы жолдардың авторын 60 жылдығына орай «Мәдениет қайраткері» атағына ұсынған еді. Облыстық ішкі саясат басқармасы бұл ұсынысты қолдап, мақұлдап, Мәдениет министрлігіне жолдады. Жарты жыл жауап күткенімізбен ол жақтан жағымды хабар келмеді. Сол атақты журналиске қимады, қиғылары келмеді. Мерейтой иесі туған күнін ешбір атақсыз, ешбір марапатсыз атап өтті. Бүгінде Мәдениет қайраткері атанған жап-жас әншілер мен әртістер сахна төрінде секеңдеп, секіріп жүр. Фонограммамен ән айтып, арзан өнерімен елді алдап жүр.
Баспасөз бетінде шыққан кейбір мақаланың авторына үңілсеңіз, тегі мен атынан кейін тізбектеп жазылған атақтарды көресіз. Орден-медальді былай қойғанда, еңбегі сіңген қайраткер, ғылым докторы, ғылым кандидаты, бір саланың үздігі, құрметті қызметкер, құрметті ардагер, аудан мен ауылдың депутаты, пәленше деген байқаудың жеңімпазы деген сияқты ешкімге керек емес шұбырған сөздерді оқып тауыса алмайсың.
«Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» дейді ұлы Абай. Сонда арсыздар ғана атақтарға қол жеткізеді, ал ары барлар бәрінен құралақан қалып, тек таза еңбегімен Алланың нығметтеріне риза болатындығын меңзеп отырған тәрізді.
Швейцарияда адамдарды бір-бірінен артық санамау үшін орден, медальдармен марапаттау дегеніңіз атымен жоқ екен. Атақ пен түрлі сыйлыққа аласұрып ұмтылғаннан, Алланың абыройына бөленген абзал. Алланың алғысына жететіні жоқ шығар? Алланың разылығы мен халықтың құрметіне бөленгеннен артық не бар?
Атақтың керегі не, қайтем оны,
Алланың абыройы артық маған.
Темірді неге тағам, неге керек?
Алланың сыйлығы қымбат маған.
Кеуделерде көп медаль сыңғырлайды,
Олар да бірдеме деп сыбырлайды.
Кеудені темір басқан қандай жаман,
Жүрек те емін-еркін бұлқынбайды.
Темірмен құрсауланған керек емес,
Дүние қу темірмен бүтінделмес.
Алланың абыройын алу қиын,
Оны алғандар ешқашан төмендемес.
Кеудені еркін керген қандай жақсы,
Есіңді алса қу темір несі жақсы?
Зіл темірмен еңсеңіз еңкейгеннен,
Кең тыныстап жүргенің қандай жақсы.
Атаққұмар жандар бар іздегенде,
Неге керек атақ үшін жан бергенге?
Өлермендер көбейсе шараң қайсы,
Жалған атақ адамға сән берген бе?
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Келесі мақала
«ҚОЛЖЕТІМДІ ИНТЕРНЕТ» ЖОБАСЫ БЕКІТІЛДІ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Тәуелсіздік күніне орай қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады
- авторAR-AY
- Бүгін, 10:45