АГРОСЕКТОРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалар шеңберінде атқарылған жұмыстармен қатар біраз мәселенің де барын жоққа шығармады. «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауылшаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор» дей келе, қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдалана алмай отырғанымызды жеткізді.
Президент айтпақшы, Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Ал осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Мемлекет басшысының «Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет» деуі де сондықтан. Мемлекет басшысы Жолдауда ауылшаруашылығы саласын алға бастыру үшін басқа да маңызды бірқатар міндет жүктеп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органға нақты тапсырмалар берді.
Облысымыз еліміздегі аграрлы аймақтың бірі. Топырағы құнарлы, жері шұрайлы, табиғаты жайлы облысымыз агроөнеркәсіп кешенінің көкжиегін кеңейтіп, ел ырысын еселеуге үлкен мүмкіндіктер береді. Алайда Президент айтқандай, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланып жүрміз бе? Ендеше ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап шыққан едік.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков асыраушы салаға мемлекеттік қолдау көлемі жыл санап артып келе жатқанын айтады. Нәтижесінде көптеген өзекті мәселелер оң шешімін тауып, кем-кетігі бүтінделіп, жоқ-жітігі түгенделіп, табысты сала жан-жақты дамып келеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылшаруашылығы саласының дамуына үлкен көңіл бөлуде. Мұның себебі түсінікті. Біздің елімізде көптеген табиғи ресурс көздері бар. Мұнай, металл, уран, көмір және тағы басқалар. Бірақ үдемелі сипатқа ие өнеркәсіптік әлеуетіміздің қазіргі деңгейімен есептегенде бұлардың барлығы таусылуға жататындықтан және аталған өнімдерге халықаралық бағалардың тұрақсыз бола бастауынан халқымыздың болашағы негізінен ауылшаруашылығымен байланыстырылады. Сол себепті де агроөнеркәсіп кешенін қолдау қарқын алып келеді.
2023 жылы ауылшаруашылығы саласын қолдауға 56,9 миллиард теңге қаржы қаралды. Бөлінген қаржының 27 миллиард теңгесі субсидияға бөлініп, бүгінгі күні 19,1 миллиард теңгесі облыстағы 6 112 шаруашылыққа төленді. Одан бөлек кредит және трансферттерге («Ауыл аманаты» жобасы) 24,9 миллиард теңге, басқа да кіші бағдарламаларға 1,3 миллиард теңге бөлінді.
Сондай-ақ қуаңшылыққа байланысты Үкіметтің резервінен бөлінген 3,6 миллиард теңгенің 1,3 миллиард теңгесі 232 шаруашылыққа өтеліп берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Нәтижесінде жыл басынан бері 401,8 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 93 пайызды құрады. Сондай-ақ ауылшаруашылығының негізгі капиталына 33,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 170,5 пайызға артса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 2,4 миллиард теңге инвестиция салынып, 147,4 пайызға өсті, – деген басқарма басшысы Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту ісіне де ерекше көліп бөлініп жатқанын жеткізді.
Еске сала кетсек, биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы: «Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Қазір ауылшаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр», дей келе, жыл сайын техниканың 8-10 пайызын жаңартып отыруды тапсырған болатын.
Президенттің тапсырмасына сәйкес 2023 жылы облыста 1 885 ауылшаруашылық техникасын алу арқылы 15 пайызға жаңарту көзделіпті. Қазірге дейін барлығы 1 283 техника (8 комбайн, 306 трактор, 969 басқа да техника) алынып, 10,2 пайызға жаңартылған. Жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштер толығымен орындалатын болады.
Осы орайда Нұрби Рахметханұлы техника паркінің жаңаруы көктемгі-күзгі дала жұмыстарын, жиын-терін науқанын сәтті жүргізуге мүмкіндік бергеніне тоқталды.
– Биыл ауылшаруашылық дақылдары 762,5 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда (2022 жылы – 756 мың гектар) 6,5 мың гектарға ұлғайды. Талдай айтсақ, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 407,2 мың гектарға, майлы дақылдар – 65,6 мың, көкөніс-бақша дақылдары – 59,8 мың, картоп – 11,3 мың, қант қызылшасы – 10,8 мың және мал азығы дақылдары 207,6 мың гектарға егілді.
Егін жинау науқанында 379,7 мың гектар масақты дәнді дақылдан 362,8 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ 446,3 мың тонна бақша дақылы, 1 155,8 мың тонна көкөніс, 237,3 мың тонна картоп жиналды. Ал қант қызылшасынан бүгінгі күні 83,3 мың тонна өнім жиналып, 77,5 мың тоннасы қант зауытына өткізілді.
Сонымен қатар мал қыстату науқанына 2 миллион 104 мың 500 тонна пішен, 87,3 мың тонна пішендеме, 413,4 мың тонна сабан, 81 мың тонна сүрлем дайындалды, – дейді Нұрби Рахметханұлы.
Биыл жиналатын мал азығы жылдағыға қарағанда бірнеше есе көп. Себебі мүйізді ірі қара саны 5,7 пайызға, қой мен ешкі – 8, жылқы – 9,5 және құс саны 3,1 пайызға артыпты. Осылайша биылғы жылдың 9 айында мал саны 4,6 миллионға жетіп, өсім 6,9 пайызды құрапты. Мал саны өскен сайын тиісінше өндіріс те ұлғайған. Яғни ет өндірісі 3,7 пайызға, сүт өндірісі 1,4 пайызға артыпты.
Келесі кезекте басқарма басшысы жүзеге асырылатын жобалар жайлы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Басқарма басшысының сөзінше, алдағы жылдары саланың дамуына үлкен серпін сыйлайтын бірқатар жоба жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылатынын айтып өтті.
– Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жол картасы аясында 2023 жылы 8,6 миллиард теңгеге 7 жоба іске асырылып, 159 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күні құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылды. Қалған 4 жоба жылдың соңына дейін іске қосылады.
Ал 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен қолдану мақсатында 19,2 миллиард теңгеге 14 жобаны іске асыру көзделуде (3 сүт тауарлы ферма, 6 көкөніс сақтау қоймасы, 5 су үнемдеу технологиясы).
2023-2026 жылдары құны 374,1 миллиард теңгені құрайтын 28 жоба іске асырылып, 969 жұмыс орнын құру күтілуде, – дейді Нұрби Жігітеков.
Агроөнеркәсіп кешені жайлы сөз қозғағанда «Ауыл аманаты» жобасы жайлы айтпай кетуге болмайды. Жамбылдан басталып, бүгінгі таңда республиканы қамтыған жарқын жоба туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек», деген болатын.
2019 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен жүзеге асырыла бастаған жоба аз уақытта тиімділігін дәлелдеді десек, артық айтқанымыз емес. Тұрғындар жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастап, тұрмысын жақсартып, бүгінде табыс тайқазанын тасытып отыр. Мәселен, жобаның игілігін көргендердің бірі – Жуалы ауданының Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Тасбастау ауылының тұрғыны Рақымжан Әбдікәрімов. Кәсіпкер бірнеше ай бұрын ғана 6,4 миллион теңгеге Түркістан облысының Қарабұлақ ауылынан 14 сауын сиыр сатып алыпты.
– Бүгінде сүт шаруашылығы ел экономикасының маңызды саласына айналды. Сондықтан да мүмкіндік беріліп тұрғанда көзді тарс жұмып, сүт бағытында жұмыс істеуге белді бекем будық.
Бұрын 10 сиырымыз болған. Бірақ жолдасымның сиыр саууға денсаулығы жарамай, бәрін сатып, орнына жылқы алдым. Кейіннен сиырды сатқаныма өкініп қалдым. Ал қайта сиыр сатып алуға қаржы тапшылығы қолбайлау болып, шамам жетпей-ақ қойды. Сөйтіп, биыл көптен бері ойда жүрген ісім оңынан шешіліп, мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын кәсібімізді бастап кеттік.
Қазір қорамызда 14 сиыр болса, әрқайсысы күніне 5 литр сүт береді. 250 мың теңгеге Тараз қаласынан арнайы сиыр сауатын техника да сатып алдым. Күнделікті «Бурный сыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 50-55 литр сүт өткіземіз. Зауыт сүттің литрін 150 теңгеден қабылдайды, – дейді Рақымжан Әбдікәрімов.
Ауыл тұрғыны алдағы уақытта ауласындағы бос жерге қора-жай соғып, сауын сиыр санын көбейтіп, жылқы бордақылап, кәсібін кеңейтуді мақсат етуде.
Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбековтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 154 тұрғын 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, атакәсіпті дамытуда. Округ тұрғындары Түркістан облысының Сайрам, Түлкібас аудандарынан және еліміздің басқа да аймақтарынан барлығы 3 100 мал сатып алған. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізген тұрғындардың барлығы малшаруашылығымен айналысуды жөн көріпті. Кейіннен құжатын өткізген екі тұрғынның бірі наубайхана, енді бірі тігін цехын ашуды жоспарлап отыр екен.
Ал облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, 2019 жылы жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы шағын несиеге қол жеткізіпті. Бұл мақсатта 9,2 миллиард теңге игерілген.
Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен (3,1 миллиард теңге) Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ пилоттық жобаға енгізіледі. Нәтижесінде 253 жоба іске асырылды. Ал 2022 жылы республикалық бюджеттен 6,047 миллиард теңге бөлініп, 10 ауылдық округтегі 1 178 кәсіпкер несиелендіріледі. Сонымен қатар кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 800 миллион теңге бөлініп, 10 кооперативке 2,5 пайызбен 131 әртүрлі ауылшаруашылық техникасы алынып берілген.
– Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылы бастау алған пилоттық жоба экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. 2019-2022 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте 2019 жылмен салыстырғанда мал саны 113 241 басқа немесе 126 пайызға өсті. Ет өндірісі 2 110 тоннаға немесе 139 пайызға, сүт өндірісі 3 050 тоннаға немесе 119 пайызға ұлғайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1 254 адамға қысқарды.
2023 жылы 24 миллиард теңгеге 10 ауданнан 33 округ қаржыландыруға ұсынылды. 33 округте 84 308 адам тұрады, аула саны – 15 749. Алдын ала жасалған скрининг нәтижесінде 5 мыңнан аса жоба қаржыландырылады. Сондай-ақ 33 кооператив құрылады. Жаңадан құрылатын кооперативтерді техникамен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Қаржы толық көлемде «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына аударылды.
Қазіргі таңда 22,9 миллиард теңгеге 3 965 өтінім келіп түсті. 15,9 миллиард теңгеге 2 765 жоба мақұлданса, 12,1 миллиард теңгеге 2 127 жобаның кепіл мүліктері тіркелуде, 11,5 миллиард теңгеге 2 030 жоба қаржыландырылды.
2023 жылға бөлінген 24 миллиард теңгені жыл соңына дейін толығымен игеру жоспарланған.
Қаржы қайтарымы 98,2 пайызды құрап отыр.
Жоба шеңберінде 630,3 мың тұрғыны бар 153 ауылдық округтегі 109 777 аула қамтылады. Пилоттық жоба толық іске асырылғанда 25 мыңнан астам жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркеледі. Жылына 3,7 миллиард теңге бюджеттік түсімдер күтіледі. 7 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 8 мыңнан астам адамға төмендейді. Нәтижесінде бюджеттік үнемдеу жылына 1 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 7 мыңнан астам адамға қысқарады. Мұнан бөлек 352 мыңнан аса мал сатып алынады. 231 мың тонна ет және сүт өнімдері өндіріледі. Үй іргесіндегі егіс көлемі 109 777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс, бақша дақылдары өндіріледі. 798 мың тонна дәнді дақылдар және мал азығы дайындалады.
Бір сөзбен айтқанда, атқарылған жұмыстар аз емес, алда тұрған міндеттер де аз емес. Осы орайда әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, алдымыздағы ауқымды міндеттерді абыройлы орындау жолында баршаңызға табандылық пен ерік-жігер тілеймін. Барлық ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне табанды еңбегі үшін алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, жұмыстарына табыс, отбасыларына бақ-береке тілеймін! – дейді Нұрби Жігітеков.
Ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнінің күздің соңғы айы болып белгіленуі тегіннен-тегін емес. Себебі күз – маңдайын күнге қақтаған диқанның да, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан мал соңында жүрген малшының да жыл бойғы төккен тері мен жасаған бейнетінің зейнетін көріп, қорытынды шығаратын шағы. Рас, биылғы жыл жер емген диқандар қауымы үшін су тапшылығы салдарынан ауыр болғаны анық. Дегенмен облыстың ауылшаруашылығы тауар өндірушілері туындаған қиындықтарға қарамастан ел ырысын еселеу жолындағы мойнына алған міндеттерін абыроймен атқара білді. Сала мамандарына біз де кәсіби мерекемен құттықтай отырып, әрдайым абырой биігінен түспей, құрмет құшағында болыңыздар деп ақжарма тілегімізді білдіргіміз келеді.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала