Мағжанның мәңгі мұралары
Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев – халқымыздың отаншыл, патриот ұлдарының бірі. Бүгінгі жас ұрпақ ақынның жыр мұраларын жаттап, сусындап өскені жөн. Себебі Мағжан мұралары тәрбие мен тағылымға, өнегелі өсиетке толы.
Жақында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай әртүрлі этнос жастары арасында «Мағжан оқулары» байқауын ұйымдастырды. Сайыстың тәрбиелік мәні, ұлттар достығына тигізер ықпалы жоғары болды. Байқауға әр ауданнан ұлты әртүрлі мектеп оқушылары қатысқаны қуантты. Сонымен қатар Тараз қаласындағы колледждерден де талапты студенттер қатысқаны мұндай іс-шараларға жастардың қызығушылығы бар екенін білдірсе керек.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткен байқауға 22 үміткер қатысып, бағын сынады. Онда жастар Мағжан Жұмабаев жырларын жатқа оқыды. Әркім өз шамасына қарай өнер көрсеткенімен, сахнада білгенінен жаңылғандар да, ұялы телефонға қарап оқығандар да аз болған жоқ.
Жамбыл ауданының Айша бибі ауылынан келген мектеп оқушылары Хамза Афлатунов, Анель Айдаралы, Хадиянур Афлатун, аталған ауданның Шайқорық ауылынан келген Севда Қарабаева, Сивиля Ибрагимова байқау сынынан сүрінбей өтіп, өздерінің жақсы дайындықпен келгенін байқатты. Байқау барысында Мағжан ақынның «Сағындым», «Сүйемін», «Немере мен әжесі», «Қазақ тілі» секілді өзге де патриоттық өлеңдері оқылды.
Қазылар алқасының шешімімен аталған байқаудың жеңімпазы (бірінші орын) деп Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің оқушысы Анель Айдаралы танылды. Анель байқау барысында Мағжан ақынның «Жан сөзі» атты ұзақ толғау өлеңін мәнеріне келтіріп, жатқа оқығанда тыңдармандар тегіс ризашылықтарын білдірді. Сахнада күйдің ойнап тұруы да сәтті үйлесім тапты. Бұл ретте жетекшісі Медеу Мырзатайдың да еңбегін атап өтуге болады. Сондықтан қазылар оза шапқан талантты дөп басып таныды деп айтуға болады. Жеңімпазға 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Жүлделі екінші орын аталған Айша бибі орта мектебінің оқушысы Хадиянур Афлатун мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Амина Файзуловаға берілді. Сонымен қатар Жамбыл ауданының Шайқорық орта мектебінің оқушысы Сивиля Ибрагимова мен Тараз теміржол, көлік және коммуникация колледжінің студенті Данил Полейчукке жүлделі үшінші орын бұйырды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлық үлестірілді.
Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар мен облыстық Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім басшысы Назым Қожамарова әртүрлі ұлт өкілдерінің талпынысын жоғары бағалап, жақсы өнерлері үшін алғыстарын білдірді.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала
Ой шеберлері бақ сынады
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Моңғолияда Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024