Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоныс аударушылар қолайлы мекенді таңдайды

Қоныс аударушылар қолайлы мекенді таңдайды
ашық дереккөз
Қоныс аударушылар қолайлы мекенді таңдайды
Бүгінде әлемнің әр елінде 8 миллионнан астам этникалық қазақтар өмір сүріп жатса, оның дені Өзбекстан, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия секілді мемлекеттерде көрінеді. Олардың арасында иен далаға иелік етіп, ұлан-байтақ жердің қожайыны болған қазақ елінің территориясы бір кездері қайта сызылғанда шекараның арғы бетінде қалып қойып, атамекенін тастап кете алмай, бабасының қорымын күзетіп қалғандар да, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жайлы тұрмыс іздеп шетелге қоныс аударғандар да бар. Тарих не дейді? Дегенмен сыртқа кеткен қазақтардың басым бөлігін «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған замандарда өзге елге ұрпағын сақтап қалу үшін жөңкіле көшкендер құрайтынын айта кету керек. Мұндай кесімді пікірдің растығына шартарапқа тарыдай шашылған қазақтардың туған жерін тастап, шетелге қыр асуының себебін ізденген, ол жөнінде жазылған тарихи дерекке үңілген адам көз жеткізе түседі. Мәселен, патшалық Ресейдің отырықшылық саясатын жүргізудегі озбырлығына шыдамаған қазақтардың алды 1912 жылдардан кейін өзге мемлекетті пана тұтып жер ауа бастаса, одан кейінгі қаралы көш қазақ деген халықты қырғынға ұшыратқан жаппай ашаршылық кезеңі, яғни 1930 жылдары тіпті үдей түсіпті. Адамы аштықтан не қуғын-сүргіннен құрбан болып, ал тірі қалғаны өзге елге бет түзегендердің көші осылайша қазақ тарихында қаралы көш атауымен қалды. Кейбіреулердің әлі күнге дейін көксеп жүрген Кеңес үкіметі «ел ішінде теңдік орнатамыз» деген желеумен қазақтың малды байларының, би-болыстарының ізіне түсіп, олар бар дүние-мүлкімен Қытай, Моңғолия секілді елдерге ауа көшті. «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» деген ұран аясында қазақтың бай-бағландарының алдындағы малын, иелігіндегі жерін, қолындағы сайманын тартып алғанда бойында әлі бар, бірақ өзегі талған қазақ тағы да қыр асуға мәжбүр болды. Жалпы, қазақ даласын 1918-1919, 1921-1922, 1931-1933 жылдары адам төзгісіз аштық жайлағаны белгілі. Сол кездері 4 миллионға жуық қазақ өз жерінде қырылып қалып, көретін жарығы барлар Орта Азия мен Ресей аумағына бет алды. 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде де қазақтың беткеұстар қаймақтары атылып, атылмағаны итжеккенге айдалып кетіп жатқанда «Халық жауының туысы, танысы» деген көзтүрткіге шыдай алмағандар да атажұрттан жырақтады. Осы тектес зобалаң заман талай қазақты Отанынан қол үзуге мәжбүрледі. Дегенмен заманның беті бері қарағанда жатжұрттық қазақтардың елге оралуына мүмкіндік туғаны халық үшін бір бақыт еді. Соның бірі – Кеңес одағының әкімшіл-әміршіл жүйесінің қысымынан Қытай Халық Республикасына қоныс аударған қандастардың 1956-1962 жылдары елге келуіне берілген рұқсат. Қазақтардың атажұртқа оралуына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан тағдыр талайымен сыртта жүргендерді «Қазақстан» атты қара шаңыраққа қайтару ісінің берік қолға алынуы себеп болғанын да айта кетуіміз керек. 1992 жылы дүниежүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен құрылған қауымдастық осы іске басты мұрындық болды. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі халық саны 10 миллионнан асса, шетелдерде 5 миллион қазақ болған деген дерек бар. Егемендікке қол жеткізгелі бері сол бір ұлы көшке деген қолдаудың арқасында Қазақстанға 2 миллионға жуық қазақ көшіп келсе, 30 жылда 79 мың 400-ге жуық қандас Әулиеата өңіріне қоныстанған екен. Қазір еліміздегі халық саны 19 миллионнан асады. Халық өсімінің артып не кемуіне адамның табиғи жолмен көбеюінен бөлек, көші-қон мәселесі де айтарлықтай әсер етеді. Десе де кез келген мемлекет демографиялық жағдайдың қалыпты болуын назарда ұстайды. Жалпы, бір елден бір елге ауа көшкен босқындарды айтпағанда қазіргідей бейбіт заманда халықтың мемлекеттер арасындағы қозғалысына экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени, саяси және басқа да жағдайлардың түрткі болатыны белгілі. Осының ішінде бізге ең танымалы – экономикалық фактор. Мысалы, қандай да бір жұмыс күшін қажет еткен дамыған елдерге өндірісі артта қалған, халқының әлеуметтік жағдайы төмен басқа мемлекеттердің азаматтары нәпақа табу үшін аттанады. Өз еліндегі жұмыс орнының жетіспеушілігі мен ұсынылатын төмен жалақыдан басқаны көрмеген гастарбайтер дамыған елде күреп ақша тапқаннан кейін ойға шоматыны анық. Ең бастысы оған сол мемлекеттің ұсынған ауқымды жалақысы мен өз еліндегі баласын балабақшаға беру, медициналық және басқа да мемлекеттік қызметті тұтыну барысында кездескен әділетсіздіктен ада атмосфера расымен де ұнап қалатыны анық. Мұндайда алғашында еңбек келісімшарты, яғни еңбек көші-қоны арқылы шекара асып жүрген азамат күндердің күнінде өзі табыс тауып жүрген шетелдің азаматтығын алуға біржола шешім қабылдайды. Отбасылы болса, жанұясын көшіріп әкетеді. Бүгінде әлемде өзге елдің азаматтарын қомақты еңбекақы төлеу арқылы жұмыспен қамтып жатқан Англия, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея, Австралия және Батыс Еуропа мемлекеттерінде өз қазақтарымыз да еңбек етіп жүр. Олардың да арасында аталған елдерде қалып қойғандар бар. Мұны сөз етуіміздің басты себебі Қазақстанның ішкі-сыртқы көші-қонына қатысты тірлік қандастарды елге көшіріп әкелумен ғана шектелмейтінінде. Біздің мемлекетте де сырттан келіп жұмыс істеп жүргендер және Қазақстан азаматтығын алып жатқандар жетерлік. Ал оларға қатысты тірлік көші-қон заңымен реттелетіні белгілі. Заңсыз миграцияға жол берілмейді Біздің Әулиеата өңірі де шетелмен шекаралас аймаққа жатады. Сондықтан Жамбыл жеріне көршілес мемлекет азаматтарының бірі келіп, бірі кетіп жататыны қалыпты жайт. Ал жұртшылықты Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша облыста шетелден келген азаматтардың қанша күн жүре алатыны туралы сұрақ толғандыруы мүмкін. Сондай-ақ өңірге шетелден келген азаматтардың ішінде заңсыз көшіп-қонғандар бар ма? Мұндай әрекеттерді қадағалау қалай жүзеге асырылады және оларға қандай шара қолданылады? Заңсыз миграциямен күрес қалай жүргізіледі? Көші-қон барысында халық санының өсуі немесе кемуі зерделене ме? Мәселен, былтыр облыста қанша халық болды? Шетелден және өзге облыстан қанша адам облысымызға көшіп келді? Оның есебінен халық саны қаншаға артты немесе кеміді? Сонымен қатар қандай да бір ауыр қылмыс жасаған адамдар облысқа көшіп келсе немесе басқа жаққа көшіп кетсе, олардың қайда орналасқаны немесе немен айналысатыны қадағалана ма? Облысымыздан солтүстік өңірге көшіп барғандар бақылауға алына ма және оларға қандай қолдау көрсетіледі? Біз осы сауалдарды облыстық полиция департаменті көші-қон қызметінің басшысы, полиция полковнигі Арман Тұрдалиевке қойған едік. Оның айтуынша, көші-қон жұмысын жүргізуде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысындағы жаңа түзетулер басшылыққа алынады. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі мен болуын, олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларына және көші-қонды бақылауды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды бақылау есепке алу қағидасына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Республикасының аумағына кіруге тыйым салынған адамдар – егер шетелдік Қазақстанға виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген болса, онда ол ҚР шекарасынан өткеннен кейін күнтізбелік 30 күннен кейін республика аумағынан шығып кетуі тиіс. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін болу мерзімі Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап 90 күнтізбелік күн өткен соң аяқталады. Бұл ретте олар ҚР-да 90 күн ғана бола алады. Егер бұрын шетелдіктер Қазақстан Республикасында рұқсат етілген 90 күндік болу аяқталғаннан кейін шетелге шығып, қайтіп оралып, елімізде 180 күнтізбелік күн бола алса, енді мұндай мүмкіндік берілмейді. – Азаматтық және иммиграция бағыты бойынша басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Негізінде өңірде 5457 шетел азаматы тұрақты тұрады (2022 жылы – 6177). Оның ішінде ТМД азамат­тары – 5103 ( 2022 жылы – 5842), алыс шетел азаматтары – 354 (2022 жылы – 335), сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғалар – 796 ( 2022 жылы – 740). 660 шетел азаматы тұруға қатысты ықтиярхатпен (2022 жылы – 308), азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігімен 101 азамат ресімделді (2022 жылы – 81). Бірқатар азаматтың ҚР азаматтығына қатыстылығы анықталды. Оның ішінде 1225-і жеңілдетілген тәртіппен, ҚР Президентінің Жарлығы бойынша 78 адам азаматтыққа қабылданды. Сондай-ақ облыс бойынша 547 адамның Қазақстан Республикасынан басқа елдерге тұрақты тұруға кетуі рәсімделді (2022 жылы – 813). Елде заңсыз иммигранттарды анықтау бойынша арнайы операциялар жүргізіліп жатқанын айта кетуіміз керек. Облыс бойынша есепті кезеңде шетелдіктердің елде болу мерзімдерін бұзғаны үшін 1006 дерек тіркелді. Шетелдіктердің еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін 211, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 63 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 468-ден астам жеке және заңды тұлғаларға полицияға өздерінде болған шетелдіктер туралы уақытылы хабардар етпегені үшін айыппұл салынды. Сонымен қатар соттар шетелдіктерді елден шығару туралы 222 шешім шығарды. Оның ішінде 10 адам мәжбүрлі түрде жер аударылды. Заң бойынша оларға Қазақстанға кіру бес жылға тыйым салынды. Шетелдік тұрғылықты жеріне келгеннен кейін қабылдаушы тарап өзі қабылдайтын шетелдік туралы ішкі істер органдарын хабардар етуі тиіс. Әйтпесе, қабылдаушы тарап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 518-бабы, яғни «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзуы» бойынша әкімшілік жауапқа тартылатын болады. Тарқата айтсақ, жеке тұлғалар үшін ескерту, лауазымды тұлғалар, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне 15, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 20 АЕК көлемінде айыппұл салу заңмен көзделген. Осы жылдың басында Қазақстанда иммигранттардың болуына қатысты ережелер өзгерді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматтары енді Қазақстанда 90 күн бола алады, бірақ тек бір күнтізбелік кезең ішінде 180 күн. Бұған дейін елде жарты жылдық мерзімге шектеулер болған жоқ. Учаскелік инспекторлар өз жұмысында ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрықтарын басшылыққа ала отырып, сотталғандар тұратын пәтерлерді түнгі уақытта аралап, сот қаулысы бойынша 23.00-ден кейін олардың алкогольдік ішімдіктерді ішетін-ішпейтінін, көршілердің мазасын алатын-алмайтынын тексереді. Күндізгі жұмыс кезінде олар тұратын тұрғын үйдің тұрғындарымен сұхбаттасады. Өйткені олар жергілікті жерлердегі жағдай туралы толық, объективті көрініске ие болу үшін ерекше көршілері туралы айтады. Бірден айта кетейік, мұндай шектеулер уақытынан бұрын колониядан босатылған, сынақ мерзімінен өткен немесе еркін қозғалыста шектелген адамдарға ғана қатысты. Соттылығы өтелген, яғни түзеу колониясында жазасын толық өтеген адамдар шектеулерге ұшырамайды. Олар қарапайым азаматтардың барлық құқықтарын пайдаланады, – дейді аталған басқарма басшысы. Бүгінде еліміздің солтүстік өңіріндегі сиреген елді мекендерге халықты қоныстандыру мақсатында байыпты бағдарлама жүргізіліп жатқаны белгілі. Жұмыс күшін қажет ететін осындай өңірлерге облыстан жыл сайын бірнеше отбасы көшіп баруда. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек көші-қоны бөлімінің басшысы Мәди Мәдіжанов Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қыркүйектегі «Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерді айқындау туралы» №765 қаулысына сәйкес әулиеаталық отбасылар Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Ұлытау және Абай облыстарына жіберіліп жатқанын айтады. – 2023 жылдың басынан 1 қарашаға дейін Жамбыл облысынан жұмыс күші тапшы өңірлерге 190 отбасы, 605 адам қоныс аударды. Қоныс аударушылар арасынан 364 адам жұмысқа қабілетті жастағылар болса, олардың 167-сі тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. 18-35 жастағы жастар 241 адамды құрайды. Мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 350 бала балабақшамен және білім ошақтарымен қамтылды. Былтыр жұмыс күші тапшы өңірлерге 161 отбасы, 598 адам қоныс аударған болатын. Қоныс аударушылар арасынан 275 адам жұмысқа қабілетті жастағылар болып саналса, олардың 171-і тұрақты жұмысқа орналасты. 74 адам 14-28 жастағы жастар. Мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 288 бала мектепке дейінгі және орта білім беретін мекемелерге орналастырылды. Қоныс аударушы отбасылар толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленді және олар жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілген, – дейді Мәди Молдажанұлы. Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушылар туралы А.Тұрдалиевтің де айтары бар. Ол оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар тұрғын үй сатып алуға мемлекеттен төрт миллион теңгеге дейін қаржы ала алатынын айтады. Тұрақты жұмысқа орналастырылған азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша тұрғын үй сатып алуға төрт миллион теңгеге дейін қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қазір қарастырылып жатыр екен. Іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы проблемаларын шешуде шешуші рөл атқармақ. Ол ұлттық жоба шеңберінде қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары ұсынылатынын әңгімеледі. Тарқата айтқанда көшуге арналған субсидия – бір уақытта бір басшыға және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде. Отбасы мүшелері мен елді мекен санына байланысты 12 ай ішінде 15-30 АЕК мөлшерінде тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау қарастырылған. Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдама да беріледі екен. Жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу қызметі мемлекет тарапынан ұсынылады. Атқарылған іс ауқымды Жалпы, өңірдің көші-қон саласы облыстық полиция департаменті көші-қон басқармасының бақылауында тұрған іс екені белгілі. Есепті кезеңде облыстық көші-қон қызметінің бірнеше бөлімшелері тарапынан жүйелі іс атқарылған. Мәселен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында тұратын 21920 азамат (2022 жылы – 22857) біздің өңірге уақытша тіркеліпті. Оның ішінде алыс шетел азаматтарының саны былтыр 53 адамды құраса, биыл уақытша тіркелгендер ішінде шалғайда жатқан шетелдіктер болмаған. Қазақстан Республикасы аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін 1657 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен (2022 жылы – 2277). ҚР аумағынан 391 ТМД шетел азаматы шығарылған (2022 жылы – 353), оның ішінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде (АПК) 1 іс қаралған (2022 жылы – 5). Шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдаған жеке немесе заңды тұлғалар да жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бұл тұрғыда салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 13 миллион 817 мың 245 теңгені құраған. Оның ішінде айыппұлдар 100 пайыз өндірілген. Қабылданған шаралар нәтижесінде алимент төлемеген 118 борышкердің іздестіру ісі тоқтатылған. Ал мемлекеттік борышкерлер саны 51 адамды құраған. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 25 қылмыстық іс (2022 жылы – 15) қозғалса, оның ішінде 11-і ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы бойынша қаралған. Тағы 14 іс ҚР ҚК 394-бабына қатысты болып отыр. Көрсетілген уақыт кезеңінде шетелдіктер 64 қылмыс жасаса, шетелдіктерге қатысты 30 қылмыс орын алған. 817 азаматтықтан айыру дерегі рәсімделіпті (2022 жылы – 17). Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 496-бабы бойынша 8 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған (2022 жылы – 2). – Есепті мерзім ішінде жеке басын куәландыратын құжаттарға рәсімделген 120 мың 830 электрондық өтінім жіберілді. Былтыр бұл бойынша көрсеткіш 145 мың 371 болған еді. Облыс тұрғындарына 46962 паспорт (2022 жылы – 54448) және 73899 (2022 жылы – 92925) жеке куәлік берілді. 14909 азаматтың жоғалған құжаттары қайта қалпына келтірілді. Анықтама деректерін өзгерту себебі бойынша 1668 азаматтың құжаты ресімделсе, оның ішінде 1572 азамат тегін, 54-і ұлтын, 42-сі туған күні мен жылын өзгертті. Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылданған 1651 адам, ҚР Президентінің Жарлығы бойынша қабылданған 189 адам заңды құжаттарына ие болды. Бұрынғы КСРО-ның 1974 жылғы үлгідегі паспорттарды айырбастау және жоғалуына байланысты оларды қалпына келтіру, сондай-ақ туу туралы куәліктердің негізінде 18 жастан асқан адамдарды құжаттандыру, яғни жарамсыз құжаттар бойынша жұмыс әлі де жалғасуда. Осылайша 2023 жылдың 10 айында 1974 жылғы үлгідегі паспорттарды ауыстыруға байланысты 22 азаматтың ісі шегіне жетті, туу туралы куәліктер бойынша 18 жастан асқан тұлғалар, яғни 121 азамат құжаттандырылды. 24 тергеу-қамауға алынғандар мен 165 сотталғандар құжаттандырылды. Есепті мерзімде тұрғылықты жері бойынша 48633 азамат тіркелді, Оның арасында облыс ішіндегілері – 30724, басқа облыстардан келгені – 17414 (2022 жылы – 19084), елімізден тыс жерлерден келгендер 495 адамды құрады. Тіркеуден барлығы 18556 азамат алынды, оның ішінде тұрғын үй иесінің өтініші бойынша 18012 азамат (2022 жылы – 19067), ҚР аумағынан тыс жерлерге кеткен 515 адам тіркеуден шығарылып отыр, – дейді Арман Тұрдалиев. Облысымыздың ішкі-сыртқы көші-қонына қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың реті осындай. Десе де біз шетелден көшіп келуге ниеті бар қандастарды облыс аумағына орналастыру немесе өңірдегі қандастарды жұмыс күшін қажет ететін өзге облыстарға қоныстандыру ісін саябырсытпауымыз керек. Қазақстанға қалай көшіп келу, қай облыстың қай ауданы, қай елді мекені жұмыс күшіне зәру деген ақпараттарды еліміз бойынша интернет ресурстарында жариялап отырсақ, иен даламыздың кез келген аймағы иесіз болмайтыны анық. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар