Стартап жобалар іріктелді
Ғылымды трендке айналдыру – заман талабы. Мемлекеттің ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөлуі сондықтан. Әсіресе қазір жас ғалымдардың идеяларын өнертабысқа қолдану мақсатында ілкімді істер қолға алынуда. Әр өңірдің қоғамдық мәселесіне айналған түйткілдерді шешу үшін жастардың ойларын тиімді пайдалануға болады.
Жақында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты байқау өтті.
Шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдауға бағытталған байқауға университеттің 18-35 жас аралығындағы студенттері, магистранттары, докторанттары және жас оқытушылар қатысты. Байқауда жастар өздерінің стартап жобаларын таныстырды.
Жаңашыл жобалардың ішкі байқауы ғылым, өнер, ақпараттық технологиялар, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары, жастар ұйымдары мен ауыл жастарының бастамаларын қолдау бағыттары бойынша өтті.
Байқауға қатысушылар 27 жобаны қорғады. Стартап жобаларды ішкі електен өткізу барысында комиссияның шешімімен 12 қатысушы озық шықты. Атап айтқанда, «Бизнес» бағыты байынша Дана Жарылқасын, Назира Абдраманова, Нұрдәулет Мұса үздік атанды. «Ақпараттық технологиялар» бағытының жеңімпаздары болып Айбек Сейдазимов, Дінмұхаммед Исламов, Асылбек Ашимбеков, Ратмир Хаиров, Самат Бекболатов танылды. «Ғылым» бағытының үздіктері – Қанат Әбиден, Алимардан Нурбердиев, Лес Адилет, Эльмира Бадаева, Мерей Бегалы. Ал Ернар Махмуд «Бұқаралық ақпарат құралдары» бағытында оза шапты. «Жастар ұйымын қолдау» тақырыбында Аруна Нүркенованың жобасы жеңімпаз деп танылды. «Ауыл жастарының бастамаларын қолдау» бағытында Ғалия Қуатова үздік атанды.
Жеңімпаздар алдағы уақытта Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыратын «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында бақ сынай алады. Ендеше ғылымды алға оздыратын жаңашыл жастарға сәттілік тілейміз!
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала