Халықаралық чемпионаттан жеңіспен оралды
Қарағанды қаласында 2-5 қараша күндері «Roboland – 2023» халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі өтті. Сайысты Қарағанды қаласының білім басқармасы ұйымдастырды.
Озық ойлы жас дарындар бақ сынаған жарыста Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Греция мемлекеттерінен келген және Қазақстанның әр өңірінен барған командалар сайысқа түсті.
Аталған фестивальға біздің облыстан Байзақ, Меркі аудандары және облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей, дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының оқушылары қатысты.
Фестиваль барысында оқушылар «Лабиринт», «Жоба қорғау», «Квадрокоптермен маневр жасау» және «Робошоу» номинациялары бойынша өз жұмыстарын қорғады.
Халықаралық фестивальдың қорытындысы бойынша жерлестеріміз бірнеше жүлделі орындарды еншілеп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Атап айтқанда, Байзақ ауданынан барған қос бірдей оқушы Бекнұр Кенжебай мен Таңат Дидар бірінші орынға ие болды.
Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей оқушылары Нұрайлым Серік, Аяла Әділет екінші орынды еншіледі. Байзақ ауданындағы №1 мектеп-гимназияның оқушысы Алмазхан Жалқаш та екінші орынды қанжығасына байлады.
Меркі ауданы, Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназияның оқушылары Дәулет Садырмек, Болат Нұртілеу үшінші орынды місе тұтса, осы аудандағы, №18 А.Қосанұлы атындағы орта мектептің оқушылары Махметжан Дәурен, Кенесбай Алан да үшінші орынды иеленді. Байзақ ауданындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясының оқушысы Ұлдана Есенбаева да үшінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орынның жүлдесін иеленгердердің қатарында Байзақ ауданы, Бурыл орта мектебінің оқушылары Асылхан Нұрәділ мен Орымбай Шалқар да бар.
Фестивальға белсене қатысқаны үшін барлық командаларға сертификаттар табысталды.
Жамбылдық жас өрендердің толағай табысы мұнымен толастамайды. Астана қаласында 4-5 қараша күндері «Кazrobotics» Қазақстан спорттық және білім беру робототехникасы федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «KazRoboSport-2023» спорттық робототехника бойынша республикалық чемпионат өтті.
Биылғы чемпионат ұлттық робо-ойын түрлері – «Асық ату», «Арқан тартыс», «Ақ сүйек» және «Робо Сумо» категориялары бойынша ұйымдастырылды.
Облыс бойынша робототехника сайысына Қордай ауданының «Балалар шығармашылық орталығы», Тараз қаласындағы «Техникалық шығармашылық орталық» және Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназиясының 8 оқушысы қатысты.
Нәтижесінде «Асық ату» бағыты бойынша Тараз қаласы, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназиясының оқушылары Аян Кенжебек, Айбар Тұрсынбай бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.
Жеңімпаз оқушыларды және оларды дайындаған жетекшілерді құттықтаймыз!
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала