Ғылым мен бизнесті интеграциялау жайы талқыланды
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Жамбыл облысындағы ғылым мен кәсіпкерлікті интеграциялау мүмкіндіктері» атты форум ұйымдастырылды.
Форумның мақсаты – гранттық қаржыландыру аясында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын университет ғалымдары және облыс кәсіпкерлерімен бірлесіп жүзеге асыруға ықпал ету.
Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы және Дулати университетінің ұйытқы болуымен өтті. Екі күнге созылған шараға өңір кәсіпкерлері, екінші деңгейлі банктердің директорлары, компания басшылары, Дулати университетінің ғылыми қызметкерлері қатысты.
Университеттің ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізуді көздеген бұл жиын көптің көңілінен шықты.
Кездесудің алғашқы күні «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының өкілдері университет ғалымдарымен кездесіп, технологияларды коммерцияландыру грантына сәтті өтінімді қалай дайындау керектігі, ғылым мен бизнесті біріктіру мүмкіндіктері тақырыбында ақпарат берді.
Форумда «Ғылым қоры» АҚ ғылыми әзірлеменің коммерциялық құндылығын ұсынуға және жеткізуге, сондай-ақ әлеуетті іскер серіктестермен жобаны бірлесіп қаржыландыруға және ынтымақтасу келісіміне келуге мүмкіндік беретін «Технологияларды коммерцияландыру реакторын» өткізді.
Айта кетсек, өткен жылдары өткізілген «Технологияларды коммерцияландыру реакторлары» нәтижелері бойынша 63 ғылыми жобаның 31-і бірлескен коммерцияландыру үшін бизнес серіктестерін тапқан. Оған қоса коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсына қатысу үшін бірлескен қаржыландыруға ие болды .
Осы жылдың 31 қазанында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым қоры» атынан «Satbayev University» және «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен – «Tech Garden» жобасы үшін бірлескен ізденіс жұмыстарын жүргізді. Ғалымдар жер қойнауын пайдалану саласындағы «Технологияларды коммерцияландыру реакторын» «Satbayev University» базасында өткізді.
Сонымен қатар биыл алғаш рет жер қойнауын пайдалану саласындағы «Технологияларды коммерцияландыру реакторына» Дулати университеті ғалымдарының 3 ғылыми әзірлемесі жобаларды іріктеу бойынша онлайн-питчіне өтті. Питч дегеніміздің өзі – жобаны инвесторлардың алдында қысқаша презентациялау. Онлайн-питчтен өткен жобаларды тарқатып айтсақ. Мысалы, Қамбар Тұрсынбаев жетекшілік еткен «Фосфор өндірісінің өндірістік қалдықтары негізінде жаңа биомелиорант өндіру» жобасы үлкен қызығушылық тудырған. Бұл жоба жер қойнауын пайдалану саласындағы «Технологияларды коммерцияландыру реакторына» финалға өтіп, арнайы сертификатқа қол жеткізілді. Сондай-ақ Маржан Қалмаханованың жетекшілігіндегі «Суды қайта пайдалану мақсатында тазартуға арналған белсендірілген көмір негізіндегі сүзгі жүйелері», Халила Садиеваның басшылығымен жасалған «Баритты бетон өндірісі» жобалары онлайн-питчтен өтіп, жоғары бағаға ие болды. Соның ішінде Қамбар Тұрсынбаевтың «Фосфор өндірісінің өндірістік қалдықтары негізінде жаңа биомелиорант өндіру» жобасы жер қойнауын пайдалану саласындағы «Технологияларды коммерцияландыру реакторына» финалына өтіп, сертификат алды.
Университетте ұйымдастырылған осы форумда сөз болған ғалымдардың жобаларын іске асыру, қаржыландыру мәселесі сөз болды.
Коммерцияландыру бөлімі «2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа» ғалымдар жобаларының қатысу әлеуетін арттыру үшін ішкі конкурс өткізді.
Ауқымды жиында университет ректоры Мұхтар Байжұманов форумның маңыздылығына тоқталып, бұл ғалымдар үшін жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.
Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков білім беру саласындағы цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігін сөз етті.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабекова бизнес идеяларды қаржыландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айбар Әбдіқадыров инновациялық идеяларды қаржыландыруда кездесетін кедергілерге тоқталды. Ол қаржыландыру көлемі аз болғандықтан, инновациялық идеяларды жүзеге асыру көрсеткіші төмен екендігін тілге тиек етті.
Ал «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаров ғылым мен бизнесті байланыстыру мақсатында ұйымдастырылған жиын ғалымдар үшін пайдалы боларына сенім білдірді.
– Дулати университеті ғалымдарының әлеуеті жоғары. Екі күндік форум аясында біраз мәселе талқыланды. Экономикасы дамыған мықты елдердің қатарына қосылуда ғылым жетекші рөл атқарады. Біздің қор отандық ғалымдарымыздың жобаларын, өнертабыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Басты мақсатымыз –
гранттық қаржыландырудың қолжетімді екенін көрсету, – деген Құрманғазы Құралұлы гранттық қаржыландырудың талаптарын тарқата айтып берді.
Ол өз сөзінде бір жобаны 350 миллион теңге көлемінде қаржыландыратын мүмкіндік бұған дейін болмағанын және осы мүмкіндікті сәтті пайдалану керегін жеткізді. Сонымен қатар ғалымдар мен бизнес өкілдерін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.
«Ғылым қоры» АҚ инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің бас менеджері Юлия Вяткина ғылыми серіктес табу мәселесін қозғады. Ғалымдарды бизнес өкілдері түсінбей, соның әсерінен жақсы жобалардың жүзеге аспай жататын сәттері кездесетінін жасырмады. Сондай-ақ, бизнес өкілдеріне дайын жобалармен танысуға мүмкіндік барын жеткізді.
Университетте форумның өтуіне мұрындық болған Коммерцияландыру бөлімінің басшысы Салтанат Бектұрғанова университет ғалымдарының ғылыми жетістіктеріне тоқталды. Конкурсқа дайын алты ғалымның жұмысы жайлы мәліметімен бөлісті.
Форум аясында Мелиорация және агрономия кафедрасының аға оқытушысы Хамбар Тұрсынбаев пен техника ғылымдарының кандидаты Халипа Садиева ғылыми жобаларын таныстырды.
Іс-шара соңында қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала