Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарысуда сода өндірісі дамымақ

Сарысуда сода өндірісі дамымақ
ашық дереккөз
Сарысуда сода өндірісі дамымақ
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданына іссапармен барып, өңірдегі бірқатар кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандарда болды. Аймақ басшысы алдымен «Qazaq soda» зауытына ат басын бұрды. 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған зауыт жылына 400 мың тонна кальцийлендірілген сода өндіруге қауқарлы болмақ. Серіктестік басшысы Рамазан Ибраимов жоба құны 325 миллион АҚШ доллары немесе 123,5 миллиард теңгені құрайтынын жеткізді. Кәсіпорын толығымен іске қосылғанда 250 адамды жұмыспен қамтымақ. Жобаны ұсынушы – «Yildirim Holding Kazakhstan». Жобаның екінші кезеңінде өндірістік қуаттылығын 1 миллион тоннаға дейін арттыру көзделуде. Сонымен қатар мұнда Ербол Шырақпайұлына Ақкөл көлінен бастап сода өндіретін зауыт шекарасына дейін су таратқыш салу жобасының құрылыс жұмыстары таныстырылды. Мердігер «FORTIS» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан су таратқыштың өткізу қабілеті сағатына 1 000 текше метрді құрайды. Қазіргі таңда аталған су таратқыш жүйенің 43 шақырымына траншея қазылған және 42 шақырымға су құбыры жеткізіліп, 36,2 шақырымдық учаскенің монтаждау жұмыстары аяқталған. Облыс әкімі инвесторларға жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беру керектігін атап өтіп, мемлекет, жергілікті билік тарапынан қажетті қолдаулар жалғасатынын жеткізді. Ербол Қарашөкеев ірі жобаның аумағынан шикізатты пайдалана отырып, жергілікті кәсіпкерлердің дайын өнім шығаруға бағытталған орта және шағын жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын баса айтып, бұл тұрғыдағы мүмкіндіктер мен жоспарлы шараларға қанықты. Зауыт маңынан құрылатын арнайы аймақта 10-ға жуық шағын жобаны жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін алға тартқан аймақ басшысы бұл жұмыстарды үйлестіруді аудан басшылығына нықтап тапсырды. Сонымен қатар жауаптыларға су таратқыштың құрылысын сапалы әрі уақытылы жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Іссапар барысында аймақ басшысы Жаңаталап ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес кездесуге облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Аймақ басшысы алдымен облыста атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. – Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен экономикалық өсім 101,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 3,2 пайызға, негізгі капиталға салынған өнімнің көлемі 2 пайызға артып, 50,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сарысу ауданында да бірқатар жобалар іске асырылып, ел игілігіне жұмсалуда. Атап айтқанда, өткен жылы 6,7 миллиард теңгеге 26 жоба іске қосылса, биыл 13,7 миллиард теңгеге 38 жоба жүзеге асуда. Ал Жаңаталап ауылдық округінде 2 жылда 297 миллион теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылды, – деді Ербол Қарашөкеев. Бұдан соң ауылдық округ әкімі Темірлан Абдраев атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, ауылдық округте 92 шаруа қожалық тіркелген, оның 12-сі малшаруашылығымен айналысады, қалған 80-і егіншаруашылығы мақсатында тіркелген. Сондай-ақ ол ауылда атқарылып жатқан жұмыстармен қатар «Жомарт түлек» жобасы және басқа да салалар бойынша істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал халықтың талап-тілегін тыңдаған облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы білім, денсаулық сақтау жүйесі және спорт саласы бойынша бірқатар өзгерістер қолға алынатынын айтып, бұдан былай мектеп директорлары, аурухана және аудандық спорт мекемелерінің басшылары тікелей эфирде сайланатынын жеткізді. Және осы салалар бойынша жемқорлықпен күрес шаралары да күшейтілетінін атап өтті. Тұрғындар облыс әкімінің назарына су мәселесін шешіп беруді жеткізді. Бұл мәселенің өзекті екенін айтқан облыс әкімі алда бұл бағытта жұмыстар атқарылатынын сөз етті. Аймақ басшысы Е.Қарашөкеев Жаңатас қаласының орталық қазандығының жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорын бүгінде 206 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазандықтың қазіргі жай-күйін баяндаған «Жаңатас-Су-Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Әбутәліп Әбілов қазандықты газға ауыстыру үшін биыл 620,4 миллион теңге қаралып отырғанын, бұл жөнінде мемлекеттік сатып алу ашық конкурсын өткізу бойынша тиісті басқармаға өтінім беріліп, қазіргі уақытта мердігер анықталғанын айтты. Сондай-ақ облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданының орталық ауруханасының жұмысымен де танысып, мұндағы жаңа ғимараттың құрылыс жобасы жайлы ақпаратқа қанықты. Бас дәрігер Айнұр Каликова нысанның ескіргенін жеткізді. 500 келушіге арналған аурухананың жаңа ғимаратын салу үшін Жаңатас қаласы, Әулие ата көшесінің бойынан 5 гектар жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығы беріліп, акт толығымен алынған. Аудандық аурухана тарапынан, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша облысқа бюджеттік өтінім берілген. Бұдан кейін аймақ басшысы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназияға барып, оқушылардың жағдайын көзбен көрді. 1600-ден астам бала оқитын білім ордасының 1977 жылы іргесі қаланса, осы жылы күрделі жөндеуден өткен. Аймақ басшысы оқу кабинеттерін аралап, оқушылармен әңгімелесіп, ыстық тамақтың сапасына айрықша көңіл бөлді. Жауаптыларға балаларға берілетін тағамның құнарлылығы мен сапасы, қауіпсіздігі тұрақты түрде жіті бақылауда болу керектігін қатаң ескертті. Біраз нысанның жұмысымен танысқан соң облыс басшысы Жаңатас қаласындағы 1-ықшамауданда бой көтерген 56 көппәтерлі тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Қайта жаңғыртудан өткен тұрғын үйде 2 бөлмелі 44 пәтер, 3 бөлмелі 8 пәтер, 4 бөлмелі 4 пәтер бар. Айта кету керек, биыл Жаңатас қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 1630 азамат тіркелген. Биылдың өзінде Жаңатас қаласында жаңғыртудан өткен 160 пәтерлі үш үй сатып алынып, пайдалануға берілмек. Кезекте тұрған тұрғындардың бір бөлігіне көппәтерлі тұрғын үйдің кілтін табыстаған облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өзінің қабылдауына жазылған азаматтардың 70 пайызы үй мәселесін көтеретінін айтып, бұл бағытта жұмыстар үздіксіз жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің аса назар аударып отырған мәселесі екенін айтып, алда халықтың жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі түрде жүзеге асырылатынын атап өтті. Сондай-ақ «ЕвроХим» ЖШС-ның минералды-химиялық кешеніне барып, Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және күрделі минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылысымен танысты. Бұл тау-кен кешенінің жалпы құны 126 миллион АҚШ долларын құрайды. Химиялық кешеннің екі кезеңі бойынша 900 миллион АҚШ доллары жұмсалмақ. Қазіргі таңда 1-кезеңі аяқталған. Ал 2-кезеңнің жоспарлау-жобалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аймақ басшысы Жаңатас жел электр стансасына да ат басын бұрды. Қазіргі таңда бұл жоба бойынша орнатылатын 40 жел турбинасының барлығы іске қосылған. Облыс әкімі аталған нысанның директорын алдағы уақытта қабылдайтынын айтып, ондағы жұмысшыларға сәттілік тіледі. Е.Қарашөкеев Жаңаарық ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесті. «Бұл біздің «Еститін мемлекет» құру саясатымыздың жарқын көрінісі болса керек» деп сөзін бастаған облыс әкімі тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, туындаған мәселелерге байланысты тиісті шешім қабылданатынын жеткізді. Ал Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Қуандық Алдабергенов баяндама жасады. Ол аймақ басшысының ауылдағы жайылымға қатысты сұрағына жауап беріп, тұрғындар малын еш кедергісіз бағып жатқанын айтты. Сондай-ақ жастармен де жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізген Қуандық Шалқығанұлы ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында алда тағы да біраз шаруа атқарылатынын айтты. Тұрғындардың сұрағына жауап берген Ербол Қарашөкеев ауыл жастарының облыстан «екі қолға бір күрек таппай», сыртқа кетуінің алдын алу керектігіне назар аударып, жастардың жұмысқа кедергісіз орналасуы қамтамасыз етілу керектігін баса айтты. Шапағат ӘБДІР
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар