
Бірлескен жаттығудың берері көп
Өткен аптада «Отар» әскери базасына қарасты Гвардейский гарнизонының танк бригадасы алаңында Қазақстан мен Үндістанның қорғаныс ведомстволары арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарында көзделген бірлескен оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жиында әскери қызметшілерге қарата «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, полковник Бауыржан Күреңкеев сөз сөйледі.
– Қазақстан мен Үндістан жаттығулары бесінші рет өткізіліп жатыр. Жылдан-жылға үнді әріптестермен қарым-қатынас та нығайып келеді. Осындай бірлескен маневрлер басқару органдарының жедел топтасуын және бөлімшелердің үйлесімділігін арттыруға бағытталған. Оқу-жаттығу барысында командирлер іс жүзінде қарулы күрестің күш-құралдарын басқаруға машықтанады, – деп атап өтті Б.Күреңкеев.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Үндістан әскерилерінің алғашқы бірлескен оқу-жаттығуы 2018 жылы өткен. Сол жылы қазақстандық мотоатқыштар батальоны Үндістанға бірлескен миссияны орындауға аттанған болатын. Сол уақытта екі ел арасындағы келесі оқу-жаттығудың өтетін жері ретінде біздің облыстағы «Мәтібұлақ» полигоны таңдалған еді. Содан бері оқу-жаттығулар екі елдің полигондарында кезектесіп өткізіліп келеді. Қазақстан тарапынан оқу-жаттығуға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері тұрақты түрде қатысуда.
Қазіргі жаттығулардың ерекшелігі – қатысушылар құрамын арттыру. Құрлық әскерлерінің бөлімшелерімен қатар бұл жаттығуға екі елдің әскери-әуе күштерінің әскери ұшқыштары, сонымен қоса Қазақстан десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері де жұмылдырылды.
Үндістан контингентінің командирі, полковник Маниш Пант та сөз алып, екі ел арасындағы бірлескен жаттығудың маңызына тоқталды.
– Мұндай оқу-жаттығудың жылда өтуі Үндістан мен Қазақстан Қарулы Күштері арасындағы берік байланысты көрсетеді. Жаттығулар біздің ортақ қауіпсіздігімізге ықпал етіп, өңірдің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтау үшін маңызды, – деп атап өтті М.Пант.
Аумалы-төкпелі жағдайда әскери контингенттер терроризмге қарсы операция жүргізеді, сондай-ақ қалалық және ауылдық жерлерде қақтығыстардың тактикалық эпизодтарын пысықтайды. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиоэлектрондық күрес мамандары шартты қарсыластың ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларына қарсы іс-қимыл жасау міндеттерін орындайды.
«Қазақстан-Үнді – 2023» оқу-жаттығуы биылғы жылдың 11 қарашасына дейін жалғасады.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала