Алаштың Ахметі
Ұлт болып қалыптасқан уақыттан бастап, оның дамуына бар ғұмырын арнаған азаматтар аз емес. Ұлт болашағы қазақ балалары білімді болса ғана жарқын болады. Сондай игілікті іс жасап, өз ұлтының балалары білім алсын деп ұстаздық жолды таңдап, еңбек сіңірген арда азаматтың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы.
Ол ұстаз ретінде қазақ халқына күш-қуат беріп, бойындағы білімі арқылы тау суындай нәрлендіре білді. Жауһар мамандықты меңгеріп, «адамдық диқаншысы» деген атты ту етіп ұстады. Ұстаздың түр-түрі болады: білімді ұстаз, шабыт беруші ұстаз, шәкірт жанын түсінетін ұстаз. Ал Ахмет – ұлт ұстазы. Қазақ халқын «Маса» арқылы оятуды мақсат еткен Ахметтің есіміне не себепті бұл тіркес телінген?
Біріншіден, қазақ балаларына арнап тұңғыш «Әліппе» оқулығын жазды. «Әліппе» – араб әліпбиінің қазақ дыбыстарының заңдылығы негізінде реформаланған түрі. Бұл оқулықты жазудағы басты мақсат – қазақ тіліндегі 9 дауыстының әрқайсысына жеке дыбыс беру. Өйткені араб әліпбиінде тек а, и, у дыбыстарына ғана таңба арналған еді. Ал дауысты дыбыс толық таңбаланбаса, қазақ балаларына қазақ сөздерін жазу қиындық тудыратын еді. А.Байтұрсынұлы оқулықтың әр басылымы сайын әріптермен толықтырып отырған. Бұған қарап, А.Байтұрсынұлы оқу жұмысын ұйымдастыруда ұстаз-оқушы-оқулық одағын сақтағысы келген деп айта аламыз.
Екіншіден, енді өз әліпбиі бар қазақ балалары өз тілін пән ретінде оқытатын грамматиканы да білгені жөн деп, «Оқу құралы» еңбегін жазды. Бұл еңбектің қазақ тілінің фонетикасына, морфологиясына, синтаксисіне арналған бөлімдері «Тіл-құрал» деген атпен 3 рет басылып шығады. Ұстаз ретінде бұл кітапты жазуда «әр бала өз тілінің ерекшелігін сақтай отырып, сөйлеуі керек» деп атап өтеді. Сонымен қатар осы еңбекте тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының терминдерін орысша күйінде бере салмай, тіліміздің табиғатына сай қылып беріп, өзге тілдің қажетсіз сөздерінен арылтуға күш жұмсаған. Мәселен, 9 сөз табының атаулары, жұрнақ, жалғау, шумақ, тармақ, тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелер тағысын тағы. Көріп отырғанымыздай, А.Байтұрсынұлы қазақ тіл біліміне іргетас болып, қазақ балаларының кірпіш болып қалануына жағдай жасаған.
Үшіншіден, қазақ ұстаздарына арналған оқу әдістемелік құрал жазып шығарды. «Баяншы», «Әліпби астары» атты еңбектерін қазақ балаларына тек теориялық тұрғыдан ғана емес, олардың қиялы ұшқыр болсын деп жазып шығады. Сонымен қатар балалардың «жас ерекшелігін ескеруді ұмытпаған абзал» екенін ескертеді. Ұстаз білім беруші ғана емес, ол – оқушыны шабыттандыратын тұлға. Осы дүниелерді негізге ала отырып жазылған екі еңбек өз мақсатын толық орындап шыққан құнды еңбектерге айналған.
Қорытындылай келе, жоғарыда келтірген аргументтерге сүйеніп, А.Байтұрсынұлын «Ұлт ұстазы» деп айтуға толық негіз бар. Ұлт болашағы білімді ұстаздың алдын көрген жас буынның қолында. Олай болса, Ахаңдай ұлт перзентінің ұстаздық еңбегі мен өнегесі ұлт болашағының таусылмас азығы болары анық.
Бақдәулет АЛТЫНБЕКҰЛЫ, №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Қаратау қаласы, Талас ауданы
Келесі мақала