Аманат арқалаған азамат
Журналист үшін өмірдегі ең қиын мақала – ата-анасы туралы жазу ғой. Талай тағдыр төңірегінде тебірентіп жазып жүрген қалам иесі туғандарына келгенде кібіртіктеп қалатыны бар. Өйткені шынайы сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Сондықтан маған да әке-шешем туралы кеңінен сілтеу оңай емес. Бірақ әкемнің ұлт үшін жасаған еңбегін ескере келе, осы мақала күндердің бір күні жазылуы тиіс болатын.
Бала кезім тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына тұспа-тұс келгендіктен, ауылдағы әлеуметтік жағдай тым нашар еді. Тұрғындардың тұрмысы өте төмен. Халық тапқанын талғажау етіп күнелтеді. Сол кезеңде елдің бәрі үнемшіл болған шығар. Әйтеуір, ата-анамның мына әрекеті есімде қалыпты.
Ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз автобус таңғы 4-те адам жинайды. Суыққа бүрсең қаққан тұрғындар соған қарамастан жиналатын. Әкем де азық-түлік әкелу үшін базарға шығатын. Жолға шығар алдында үйде қатталып жиналған пакеттерді ала кететін еді. Сондағы пакеттің құны – 5 теңге. Бір жағынан бұл ақшаға үнем. Екіншіден, мұның тағы пайдасы бар. Оны Англияға оқуға барып, екі жыл жүргенде түсіндім.
«Болашақ» стипендиясын жеңіп алып, Аққұм ауылынан алыстағы Англияға сапар шектім. «Тұманды Альбионда» жүргенде мынандай қызық үрдіс байқадым. Дүкендерде, супермаркеттерде полиэтилен дорбаның құны – 5 пенс. Бұл біздің ақшамен 25-30 теңге көлемінде. Бір жағынан ағылшындар үшін қымбат сома емес.
Бастапқыда дорбаның құнын тауарға қосып-ақ бағасын шығарып алса жөн еді ғой деп ойлаған едім. Сөйтсем, оның мәні басқада екен. Әр жерде шашылып жататын пакеттерге ақша төлеу сатып алушыға ақылға сыйымсыз көрінеді. Сондықтан түкке тұрмайтын затқа артық шығындалғысы келмейтіні анық. Осының нәтижесінде ағылшындар дүкенге өз дорбаларын көтеріп келеді.
Ресми деректерге сүйенсек, полиэтилен дорбаны сату арқасында Англиядағы бір реттік пакеттерді қолдану көлемі 70 пайызға дейін төмендеген екен. Ұлыбританияның мұндай қадамға баруының өз себебі бар. Қазіргі таңда әлем полиэтиленнен жасалған заттардан зиян шегіп отыр. Олар шіріп, жоқ болып кетпейді. Жүздеген жылдар бойы қоқыста жата береді. Тіпті Тынық мұхитында полиэтилен аралдар пайда болған.
Мақтаулы Ұлыбританияның мұндай қадамға баруына ұзақ уақыт кетті. Ал біздің ата-аналарымыз сонау 90-шы жылдардың өзінде үнемдеудің маңызын жақсы түсініпті. Әке-шешемнің осындай ұқыптылығының тағы бір пайдасын осылай ұғынғаным бар. Елдің тұрмысы жақсарғанымен, ата-анам әлі күнге үнемшілдігін тастаған емес.
Үнемшілдік дегеннен шығады. Англияда оқып жүргенде бізге берілген шәкіртақыны тиімді жұмсап, үнемдеудің арқасында ата-анамды қыдыртудың сәті түсті. «Тұманды Альбионды» аралап, батыс өркениетімен танысу әке-шешеме қатты ұнады. Ананың жүрегі жұмсақ қой, қайтар кезде шығарып салып тұрғанда алғысын айтып, айнала бере жасын сығып алды. Ал әкем «Сабағыңды жақсы оқы, еліңе қызмет ет» деп қысқа қайырды. Бірақ елге оралғаннан кейін жүрген жерінде Англияда көрген ерекшеліктерін майын тамызып әңгімелеп отыратын.
Жалпы, Англия – әкемнің көрген тұңғыш шетелі емес. Жас кезінде ол Германияда әскери борышын өтеп келді. Бертінде тұңғышы Олжастың атсалысуымен қажылық парызын өтеп, Меккеге барып қайтты. Олжас ағамның бұл еңбегін әкем ешқашан көзінше мақтаған емес.
Біздің ауыл – Аққұмның тура қасынан «Амангелді» газ кен орны ашылды. Одан шыққан көгілдір отын бертінге дейін тікелей қалаға жол тартып, тиіп тұрған ауылға соқпай кететін. Кіші ағам Ілиястың бастамасымен ауыл тұрғындары сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке осы мәселе туралы хат жазған еді. Кейінірек ол жақтан газ жеткізіп беруге тапсырма берілгені жөнінде жауап хат келді. Алайда аудандық кейбір атқамінерлер ауылдағы әр үйге газ жеткізу үшін 500 мың теңге сұрап қиғылық салған еді. Мұндай сома ауыл тұрғындары үшін өте көп. Сол кезде әкемнің өзі бас болып, жиналыстарда сөз сөйлеп, газ жеткізу құнын түсіруге өлшеусіз үлес қосты.
Әкемнің бала тәрбиесіндегі ұстанымы басқаша болды. Маған ешқашан «Балам, сені мақтан тұтамын» деп айтқан емес. Тіпті бос уақытында бізбен бірге далаға шығып доп теуіп, қазіргі ата-аналар секілді ойын-сауық орталықтарында қыдыртқан жоқ. Әр әрекетімізге араласқан емес. Алайда қажет кезде ақылын айтып отырды. Сол әрекеті арқылы шешім қабылдауда дербес болуға баулыған екен. Ауылға газ жеткізуге мұрындық болған Ілияс ағамды да әкей көзінше мақтаған емес. Алайда ұлдары көтерген бастамаға қолдау көрсетіп, жүрген жерінде олардың әрекетін айтып жүруі – балаларымен мақтанатынын көрсетеді. Түсінгенге мұның тәрбиелік мәні ерекше.
Тәлім туралы сөз болғанда әкемнің мына әрекетін айта кеткен жөн. Ол Кеңес үкіметі тұсында совхоз директорының орынбасары болып қызмет атқарды. Ауылға келетін бүкіл дүние-мүлік тікелей қол астынан өтеді. Сөйте тұра, әкей үкіметтің сынық сүйемін үйге тасымапты. Совхозда үйіліп күйген кірпіштер жатқанда, балаларын қасына алып, аулада саз балшықтан кірпіш құйып жүретін. Мұның себебін өзі былай түсіндіреді.
«Ұят, үлкен ауыл. Біреудің ала жібін аттағаның – халыққа қиянат жасағаның. Бұл дүниенің қысастығы – ол дүниеге кетпейді. Сондықтан әр ісіңе адал бол», деп әрдайым айтып отырды. Әрі сол пікірін сөзбен ғана шектеген жоқ, әрекетімен де көрсетті.
Сондай-ақ халыққа қызметтің нағыз үлгісін мына әрекетінен байқауға болады. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген нақылды басты ұстанымы санаған дана халқымыз әлмисақтан бері ата-тегін жатқа білуді, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыруды өмірлік борышы көрген ғой. Осы ізгі мұраның әлсіреуі әкемді бейжай қалдырған жоқ.
Жалпы, сонау Талас ауданындағы «Аққұм» совхозында қызмет етіп жүргенде-ақ үлкен іске бел буып, өткені мен бүгінін, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың маңыздылығы, тарихын әділ таразылаған халықтың өсіп-өнетіні және шежіренің сол тарих деген орасан кітаптың ерекше бір тарауы екенін түйсінді. Алғашқыда ауыл-аймақтағы ағайынның ата-тегін жинаған-ды. Кеңес өкіметі құлаған тұста әкейдің жұмыссыз қалғанын жоғарыда келтірдім ғой. Сол кезде елдің игілігіне еңбек ету үшін шежіре жазумен тереңірек шұғылдана бастады.
Әкемнің айтуынша, бастапқыда шежіре жазудың қыр-сырын әлі жетік меңгермегендіктен, біраз қиыншылықтарға кездеседі. Оның үстіне, совхоз жұмысы ел аралап, қазыналы қарттармен дидарласып, айтқанын құлағына құйып алуға көп мүмкіндік бермейтін. Сөйте тұра, жастайынан жазу-сызуға бейім өскендіктен жаңа кәсіптің ауыртпалығы қатты сезіле қойған жоқ. Күннен-күнге, айдан айға жиналған қолжазбалар саны көбейе түсті. Күндіз елдің қамымен жүгірген азамат кешкісін қолы қалт еткенде халықтың болашағы үшін шежірені бір ізге түсірумен айналысты.
Әлі күнге есімде. Шежіре жинау үшін әкем ел аралап кететін. Қаладан келетін жалғыз автобус түс ауа көрінеді. Азаннан кешке дейін далада ойнайтын біз ыңыранып, ішіне жем мен ұнды қатар тиеп, адамға толы көлікті күтіп алуға жүгіреміз. Біздің көшеге қарай бұрылса, үйде той. «Әкем келе жатыр» деп анамызға жүгіреміз. Ал автобус жалт етіп, басқа жаққа кете барса көңіліміз пәсейіп қалады. Сол кездегі бала арманымыз – әкеміздің кітабы тезірек шықса екенге саятын.
Көп жылғы еңбектің нәтижесі босқа кеткен жоқ. Екінші мың жылдық аяқталар тұста қолжазбалар бірізденіп, кітап етіп басуға дайын болды. Алайда шежірені жинау бір бөлек те, оны тасқа басудың өзіндік қиыншылықтары тағы бар. Әуелі кітапты басуға төлейтін қаржысы жетпей, біраз уақыт кешеуілдетуге тура келді. Талас ауданының сол кездегі әкімі Батырбек Құлекеевтің көмегімен керекті қаражат жиналып, әкемнің «Шежіре» кітабы жарыққа шықты. Кейінірек бұл үрдіс жалғасын тауып, Ысты, Жаныс, Шымыр бабалардың ұрпақтарын кітапқа түсірді.
Ата-текті зерттеу − қиыншылығы мен қызығы мол шаруа. Мына оқиғаны әкем әлі күнге таңғалып айтып отырады. Бірде жол түсіп, бір жігіттің үйіне қонаққа барыпты. Үй иесінің жұбайымен отасқанына 12 жылдан асса да, әлі сәби сүймеген екен. Үлкен астан кейін отағасы қол жайып, бата сұрайды. Келіннің әлі құрсақ көтермегенін, үй иесінің балалы болса есімін Арман қойғысы келетінін естіген әкем: «Арманыңа жет! Ұрпағың өсіп-өркендей берсін!» деп бата беріпті. Кейінірек баспада жатқан шежіре кітабының тұсына әлгі жігіттен таратып Арман есімін жазып қояды. Келер жылы әлгі жігіт хабарласып, ұлды болғанын, баласының есімін Арман қойғанын айтып сүйіншілепті. «Сол кезде Алла аузыма сөз салып, періштелер «әумин» деген екен ғой», деп әлі күнге таңғалып отырады.
Кейбір адамдар шежірені трайбализмге санап, ат тергеуді айыптайтындар бар. Әкем мұнымен мүлдем келіспейді. Оның пікірінше, жеті ата – ру-руға бөлетін емес, керісінше қазақты біріктіретін таптырмас құрал. Тегіңді, руыңды түгендеу – ең әуелі тарихты, өткеніңді білуге деген ұмтылыс. Бабаларға деген құрметті арттырып, шыққан тегіңді ұмытпауға үндейді. Қазақта «тегін білмеген тексіз» деген ең ауыр сөз болған. Кез келген ұлтта ата-тегін зерттеу игі дәстүрге айналған. Көрші қытай, арабтар, ағылшындар – бәрі-бәрі жеті атаны жазып қалдырған. Алайда оларда патшалардың, ел билеушілерінің тегі ғана маңызды болса, қазақтар барша халықтың шежіресіне аса назар аударған. «Шежіре – тарихтың бір саласы, жеке ғылым» деп есептеген.
Аузынан Алласын тастамаған әкем бүгінде тағы бір үлкен шаруаға мұрындық болып жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда медресе салу туралы бастама көтерілген. Бұған бел шешіп кіріскен әкей өз қалтасынан қаржы шығарып, діни мектептің құрылысына араласып кетті. Қазіргі таңда медресе аяқталып, алғашқы шәкірттерін қабылдауға дайын.
Әкем бүгінде ел ағасына айналып, пайғамбар жасына жетіп, бейнеттің зейнетін көріп отыр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Атасының баласы болып өскен Олжас елге танымал айтыскер ақын, «Ауырмайды жүрек» әнінің сөзін жазған автор. Қаржы министрлігінде басшылық қызмет атқарады. «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Үлкен қызы Гүлжаһан Отарова – Президент әкімшілігі іс басқармасының бас маманы. Ілияс Отаров Астана қаласындағы «Нұр-Астана» мешітінде ұстаз қызметін атқаруда. Кіші қызы Айсұлуды үкілеп өз ұясына қондырған. Айсұлу – үлгілі ұстаз. Сүт кенжесі, осы жолдардың авторы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияда оқып келіп, қазіргі таңда еліміздің басты газеті «Егемен Қазақстанда» қызмет істеп жүрген жайы бар.
Ел үшін еткен еңбек текке кеткен жоқ. Әкемнің туған ауылына салған медресесі мен елге жасаған еңбегін жоғары бағалаған аудан басшылғы оны бірнеше медальмен марапаттады. Атап айтар болсақ, «Ауылға сіңірген ерен еңбегі үшін», «Ауданның құрметті ардагері», «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» «Талас ауданының 90 жылдығы» медальдарының иегері. Сонымен қатар еліміздің біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың 105 жылдығына арналған медальмен марапатталды. 2021 жылы Талас ауданының Құрметті азаматы атанды.
Өмірді бай да, кедей де сүреді. Алайда Алланың өлшеп берген тағдырында өнегелі іс жасап, артында із қалдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда әкемді ел үшін еңбек етіп, ұрпақтың қамын, кемел елдің келешегін ойлаған, аманат арқалаған азамат деуге толық негіз бар.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, журналист, Нұр-Сұлтан қаласы
Келесі мақала