Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ГАЗЕТТІ ОҚЫМАЙМЫЗ, АЛ МАҚАЛА ШЫҒАРАРДА ІЗДЕЙМІЗ...

ГАЗЕТТІ ОҚЫМАЙМЫЗ, АЛ МАҚАЛА ШЫҒАРАРДА ІЗДЕЙМІЗ...
ашық дереккөз
ГАЗЕТТІ ОҚЫМАЙМЫЗ, АЛ МАҚАЛА ШЫҒАРАРДА ІЗДЕЙМІЗ...
Бұрын ұстаз деген ұлағатты тұлғаны төбеге хан көтеріп сыйлайтын. Алайда кейінгі жылдарда қоғамда мұғалім мәртебесін төмендеткен көптеген оқиғалар орын алып, «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңды қабылдау қажеттілігі туындады. Бүгінгі күні ұстаздар баяғыдай оқу ордасының айналасындағы шөпті жұлып, абаттандыруға атсалыспайды. Өзінің сабағын беріп қана тыныш жүреді. Бұрынғыдай таңнан қара кешке дейін мектепте салпақтап жүре бермейді. Мәжбүрлеп газетке жаздыру да тыйылды. Тек басылымдарға жазыламын деген адамдар ғана өз қалауымен жазыла алады. Мұның барлығы бірнеше жыл бұрын қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның жемісі. Жалпы заңның жақсы тұстары өте көп. Десе де ұстаз ретінде айтатын датым бар еді. Бұрын үйімізге республикалық «Еgemen Qazaqstan» газеті, облыстық «Aq jol» және «AR-AI» басылымдары келетін. Сандық технология күнделікті өмірімізден берік орын алған кезеңде әркім қалаған сайтынан мақала оқып, жаңалықтарға көз жүгіртіп жүр. Дегенмен тексерілген сенімді ақпарат тек газетте ғана. Онда дәйексіз, тексерілмеген материал салынбайды. Бүгінгі «заманауи» адамдардың көбі болашақта газет оқитын адам болмайды деп жорамал жасап жүр ғой. Мен олай ойламаймын. Бізден әлдеқашан дамып кеткен шет мемлекеттерде газет оқылады. Ғасырлық үні бар басылымдар шетелдерде үлкен сұранысқа иә. Олар зор сенімділікпен оқылады. Өзін мәдениеттімін деп санайтын әрбір адам газет оқиды. «Facebook» әлеуметтік желісіне кірсең ұстаздардың өзі қызылкеңірдек болып, «Газет оқымаймыз, оған ақшамызды бекерге шашпаймыз» деп дауласып жатады. Газет оқымау да мақтангершілік болып па? «Көкжәшік» шықпай тұрып, жаңалықтың бәрін, әдеби әлемді, шетел әдебиетін мерзімдік басылымдардан білген жоқпыз ба? Халық – бұқара. Ал газет – бұқараның көзі. Халықтың үнін жеткізуші, билік пен бұқараның арасын жалғаушы. Газет оқымаймын деп алып, санатымызды көтеретін кезде мақала шығаратын газет-журнал іздейміз. Рас қой. Ол кезде газет керек болып қалады. Әрбір ұстаз санаттан санатқа көтерілер кезде одан талап етілетін дүниенің бірі – ұстаздың баспа бетіне шыққан мақаласы. Мен әсіресе ұстаздар қауымының газетке жазылғанын, оқығанын қалаймын. Газет – терезе сүртетін немесе әжетханада жататын құрал емес! Онда қаншама журналистің еңбегі, көз майы, маңдай тері бар. Ұстаз мәртебесіне газет нұқсан келтірмейді. Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» демеп пе еді. Ғаламторға шырмалған ұстаздың газет-журналдағы салмақты дүниелерді оқуға өресі жетпейді емес, жетеді. Сондықтан басылымға жазылайық, құрметті ұстаздар қауымы! Айжан ӘУЕЛБАЕВА, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің тарих-география пәнінің оқытушысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар