Патриоттық пен ұлтжандылық – егіз ұғым
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, кейде «патриот», «патриотизм» деген сөздердің астарына аса үңіле бермейміз. Көбіміз оны қоғамдағы шала белсенділердің әрекетімен шатастырамыз. Шетелге саяхаттап барып, сол елдің астанасының қақ төрінде қазақтың Мемлекеттік Туын желбіретіп фотоға түсіп, соны әлеуметтік желілерге жүктегендерге қарап «нағыз патриот» деп таңдай қағамыз.
Байқасақ, осылайша бұл сөздердің мағынасын құлдыратып, айбынын азайтып алады екенбіз. Кейде өзімізді-өзіміз алдаусыратып «бәріміз патриотпыз» деп іштей масаттанамыз. Дұрыс, әрбір адам өз Отанының патриоты болғаны жөн. Бірақ сол патриоттықты арқалап жүру үшін әдемі сөз, құрғақ аттан, жасанды мінез-құлық артықшылық етеді. Себебі патриотизм ұғымы ұлтжандылықпен астасқанда ғана мағынасын толықтай ашады. Ал, ұлтжандылық дегеніміз – ана тілін, ұлттық ділін, салт-дәстүрін, дәстүрлі дінін сүйіп, сол құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап, қызғыштай қорумен, аялап, асқақтатумен өлшенеді. Яғни, патриот болу үшін ұлт мәселесін бірінші орынға қою маңызды. Сондай-ақ, мемлекеттің ортақ мәселелерін назарда ұстап, ескерусіз қалдырмау керек. Мемлекет дегенде, көз алдымызға алдымен тәуелсіз, өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, дербес территориясы бар ел елестейді. Яғни, патриоттықтың екінші қыры – осы мемлекеттік рәміздерді ұлықтаумен анықталады.
Тарихқа зер салсақ, ежелден қазақ қоғамында тудың көтерілуі, тудың тігілуі – халықтың бір жерге ұйысып, ел болғандығын білдіретін әлеуметтік маңызы бар символ болған. Сондай-ақ, тудың түсірілуі қаралы хабарды немесе жаудан жеңілуді білдірген. Сондықтан айбынды ерлеріміз қолына ту алып, жауға қарсы шыққан. Лажы болса, туының түспеуіне аса мән берген. Бұл да туды, Мемлекеттік Рәміздерді сыйлаудың бастауы әлімсақтан келе жатқанын білдірсе керек. Қазір де Мемлекеттік Тудың мәртебесі осылай жоғары бағаланады, бірақ туды қастерлеу ежелден келе жатқан нышан екеніне мән бермейміз. Ендеше, өткен ғасырларға көз салып, бабалардың тулары, байрақтары қандай болған деген сауалға тоқталайық.Ту, байрақ көшпелілердің мемлекеттілігін айқындайтын басты нышандардың бірі болған. Олардың әскери және мемлекеттік нышандарының қалыптасып, дамуы Еуразия даласындағы этникалық, мемлекеттілік үрдістермен байланысты. Тарихи жазба деректерде көшпелілердің ордаларында биліктің нышанын білдіретін байрақ, тулардың болғаны туралы көптеген мәліметтер сақталған.
Қазақтың қару-жарақтарын зерттеуші ғалым Қ.Ахметжанов: «Байрақ тудан бұрын пайда болған. Ол – хандық биліктің, әскери лауазымның, батырлық дәреженің белгісі. Бұл белгі патшалар, әскербасылар жүрген жерде көтерілген. Қолбасшылар бұл байрақтармен шайқаста түрлі тактикалық белгілер беріп, шайқасты басқарып отырған», дейді.
Байрақты сақтардың қолданғаны туралы мәліметтер ертедегі тарихи жазба деректерде кездеседі. Грек тарихшысы Аррианның хабарламасы бойынша сақтардың әскери байрақтары, ұзын сырықтарда желбірейтін айдаһар тәрізді болған. Олар түрлі-түсті құрақтардан құралып жасалған және барынша қорқынышты көрінетіндей етіп, жыланға ұқсатып тігілген екен. Яғни аттар тыныш тұрған кезде төмен қарай төгіліп тұрған түрлі-түсті құрақтарды елестетсе, ал қозғалған кезде желдің әсерінен үлкейіп, айдаһарға ұқсап ысқырып үн шығарған. Бұл байрақ жауға қорқыныш сезімін ұялатып, жеңісті біртабан жақындатуға әсерін тигізбей қоймаған.
Қазақтың фольклорлық жырларында батырларды бөріге теңеу, оны ұран етіп жырлау кейінгі дәуірлерге дейін сақталып келген. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны Сүйінбай Аронұлы:
«Бөрілі басы – ұраным,
Бөрілі – менің байрағым.
Бөрілі байрақ көрінсе,
Қозады қай-қайдағым» деп, бөріні ұран етіп жырлаған.
Яғни, бұл VІ ғасырдың ортасында Еуразия даласында алып империя құрған түріктердің ресми идеологиясында «көк бөрі» бейнесі ерекше орын алғанын білдіреді. Қытайдың тарихи жылнамаларында «ежелгі түріктердің тайпа басшысы қасқырдан таралған» деген әфсана бар. Онда: «Ашина қасқырдан туылған он ұлдың ішіндегі ең ақылдысы болғандықтан, ел билеушісі болады. Ол орда есігіне бөрінің басы салынған ту тігіп қояды – бұл оның өз тегін ұмытпайтындығын білдіргені екен» деп жазылған.
Зерттеушілердің айтуынша, байрақтағы бөрі бейнесі жауынгерлердің ұранына айналған және олардың әскери өмірінде еркіндіктің, қайсарлықтың рәмізі саналған. Танымал түркітанушы, ғалым Л.Н.Гумилев «Көне түріктер» атты еңбегінде қытай деректерінде «фули», «бури», яғни «қасқырлар», «бөрілер» деп аталатын найза, қылыш, алдаспанмен қаруланған таңдаулы түркі жауынгерлерінің болғаны туралы жазған.
Әр мемлекеттің туы, байрағы болса, оны жоғары көтеріп ұстау сол мемлекеттің абыройын білдірген. Ал, жаугершілік заманда тудың түсірілуі, жеңілісті сипаттаған. Сондай-ақ, кейбір деректерде жеңілістің белгісі ретінде ақ тудың көтерілуі туралы да жазылады. Осыған қарап, туды көбіне жаугершілік заманда жеңісті, шабуылды, жеңілісті сипаттау үшін қолданған сияқты деген ойға қаламыз.
Майра АЛДАБЕРГЕН,
журналист
Келесі мақала
«SHOE CENTER» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024