АГРОСАЛА ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ
Өрісіміз төрт түлікке толып, жаз бойы диқаншыларымыз күннің аптап ыстығына қарамастан егіс алқабында еткен еңбектерінің арқасында қырман астыққа толды. Шаруа қожалық төрағалары мемлекет тарапынан қолдауларды тиімді пайдаланып, техникаларын жаңартып жатыр.
Ауданымызда ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 639 125 гектар. Егістік жер көлемі – 24 717,63, көпжылдық екпелер – 156,84, шабындық – 34 106,61, жайылым – 532 715,19, бөгде жерлер 47 428,56 гектарды құрайды. 2023 жылдың өнімі үшін ауылшаруашылығы дақылдары 24 508 гектар алқапқа орналастырылды. 2022 жылдың егістік алқабымен салыстырғанда биылғы егістік алқабы 279,5 гектарға артық.
Дала жұмыстары наурыз айының басында ерте басталған болатын. Бұл өз кезегінде шаруашылықтардың ұйымдасқан сапалы жұмысы және шаруаларды уақытылы тұқыммен, жеңілдетілген дизельмен, несиелік қаржылармен қамтамасыз етілуінің нәтижесі. Мамыр айының 20-сына дейін дала жұмыстары толық аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына 350-ден астам шаруашылық қатысты.
Сондай-ақ дала жұмыстарына 740 тонна жаздық арпа, 205 тонна мақсары, 32 тонна дәндік жүгері, 40 тонна жоңышқа тұқымы дайындалып, қажеттілік толық шешілді. Дизельмен қамтамасыз ету бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 780 тонна жеңілдетілген дизель отынының литрі 212 теңгеден берілді. Қазіргі таңда операторға 728,7 тонна дизель жеткізіліп, 59 шаруашылықтың сұраныстарына сәйкес толық босатылды. Қосымша, жазғы жиын-терін және күзгі дала жұмыстарына 976 тонна жеңілдетілген дизель отынына шаруашылықтар тарапынан сұраныс енгізілді.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы бойынша 87,3 миллион теңгеге 13 өтінім түсіп, қаржыландырылды. Ауданда барлығы 683 ауылшаруашылығы техникасы тіркелген. Көктемгі дала жұмыстарына қатысқан техника саны – 510. Оның ішінде 342 трактор, 50 соқа, 28 қопсытқыш, 90 дәнсепкіш. 2023 жылы 1207,4 тонна тыңайтқыш алып, егістік алқаптың 13 600 гектарын тыңайту жоспарланған. Бүгінде 1606,8 тонна селитра және аммофос тыңайтқыштарын сатып алуға келісімшарт жасалып, 1386,9 тонна тыңайтқыш сатып алынды. Оның ішінде, 892,9 тонна аммиак селитрасы, 59 тонна аммофос және 435 тонна басқа да тыңайтқыштар. Жоспар 114,9 пайызға орындалып отыр.
Сонымен қатар ауданда егістік жерлерді суғаруға арналған 2 су қоймасы және (Ынталы және Бүркітті) 16 су жеткізуге арналған магистральды каналдар бар. Су қоймалары «Қазсушар» РМК мекемесінің теңгерімінде, ал каналдар толық аудандық коммуналдық меншікте.
Аудандағы су жүйелері каналдарының жалпы ұзындығы – 109,4 шақырым. Бүгінде 3 каналдың лоток жүйелерін орналастыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жалпы 652,3 миллион теңгеге облысқа бюджеттік өтінім беріліп, қаралуда. Қалған 12 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасауға 2023 жылы аудандық бюджеттен қаржы қарастырылды.
Ауданда суармалы егістікке пайдаланылатын 109,4 шақырым 16 каналға тазалау жұмыстары жүргізіліп, Шабақты мен Бүркітті өзенінен суармалы егістік жердегі көпжылдық шөптер мен жүгері алқаптарына су берілді. Қызыл су арқылы суарылған егістік көлемі – 903,0 гектар.
Бүгінгі таңда 8 600 гектар астық дақылдары алқабы толық жиналды. Нәтижесінде, 5 246 тонна жаздық арпа және бидай дақылы жиналып, орташа өнімділік гектарына 6,4 центнерден айналды. Бұл ауа райының қолайсыздығы және жауын-шашын мөлшерінің аздығынан орын алып отыр. Бұдан бөлек, майлы дақылдар алқабының 7 000 гектары жиналып, 2 310 тоннадан астам өнім алынды. Орташа түсім гектарына 3,3 центнерді құрайды. Дәндік жүгері алқабының 1 250 гектары толық орылып, 10 625 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 85 центнерді құрады. Көкөніс және бақша дақылдары да толық жиналды. Жалпы жиналған өнім 15 224 тоннаны құрады.
Малшаруашылығы туралы тілге тиек етсек, ауданда жалпы
1 045 шаруа қожалық тіркелген. Оның ішінде, 576 шаруа қожалық мал өсірумен айналысады. 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аудандағы мал саны 329 492 басты құрады. 30 789 мүйізді ірі қара, 238 662 уақ мал, 9 844 жылқы, 3 452 түйе тіркелген.
2023 жылы мал азығын дайындау үшін шөп шабуға белгіленген алқап көлемі 43 180 гектарды құрайды. Оның ішінде, 37 380 гектар табиғи шабындық алқап және 5 800 гектар жоңышқа алқабы. Бүгінде 37 380 гектар табиғи шабындық алқабы толық орылып, жоңышқа ору барысында алғашқы орымда 5 800 гектар, екінші орымда 2 700 гектар және үшінші орымда 1 500 гектар жоңышқа алқабы шабылды. 2023 жылы 123 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілген болатын. Аудан тұрғындары 127 мың тонна шөп жинады. Бұдан бөлек, 2022 жылдан қалған 12 мың тонна қалдық шөп қоры бар және 27 мың тонна қосымша арпа, бидай, мақсары сабандары жинақталды.
Күзгі дала жұмыстары бойынша 2024 жылдың өнімі үшін 4 000 гектар күздік бидай егу жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда 2 350 гектар күздік бидай егілді. Жалпы күзгі дала жұмыстарына 50-ге жуық шаруа қожалық қатысады деп күтілуде. Күзгі дала жұмыстары қараша айына дейін жалғасатын болады.
Малшаруашылығын субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдаулар көлемі де жыл санап өсіп келеді. 2021 жылы асылтұқымды малшаруашылығын дамыту бағытында 227,2 миллион теңге көлемінде шаруа қожалықтар қайтарымсыз субсидия қаржысын алды. 2022 жылы субсидия көлемі 340,6 миллион теңгеге жетті. 2023 жылы шаруа қожалықтар 107,7 миллион теңге субсидия алды. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 300 миллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мал бағуға машықтанған ауданымыздың халқы сол кәсібінен әлі де жаңылған емес. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, мал бағуды басты табыс деп санайтын ағайын соңғы жылдары төрт түлікті асылдандыруға көңіл бөлуде. Соның айғағы ретінде ауданда бүгінде асылтұқымды мал өсіруші 9 шаруа қожалық тіркелген. Аталған шаруа қожалықтар республикалық асылтұқымды малдардың палаталарына тіркеліп, толық заңдастырылған. Шаруа қожалықтар малшаруашылығын асылдандыру бағытында тұқымды өндіруші бұқа немесе қошқар сатуға толық құқылы. 2023 жылдың басындағы санақ бойынша 45 877 асылтұқымды қазақтың қылшықжүнді құйрықты қойы және олардың будан төлдері тіркелген. Ал, асылтұқымды және будандасқан мүйізді ірі қаралардың саны – 4314.
Сонымен қатар, аграрлардың техникалық деңгейі бойынша ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердегі тіркелген барлық ауылшаруашылығы техникалары – 683. 2023 жылға ауылшаруашылық техникаларын 12 пайызға жаңарту бойынша тапсырма берілген.
Бүгінде жалпы сомасы 277,2 миллион теңгеге 11 трактор, 26 басқа техникалар, барлығы 37 техника жаңартылды. Жаңару көрсеткіші 8 айдың қорытындысымен 5,4 пайызды құрап отыр.
Сәулет ЕСҚАРАЕВ,
журналист,
Сарысу ауданы
Келесі мақала