Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:«ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕФОРМА ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕДІ»

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:«ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕФОРМА ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕДІ»
ашық дереккөз
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:«ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕФОРМА ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕДІ»
– Мұқаш Зұлқарнайұлы, өзіңізбен қасиетті Әулиеата жерінде қайта қауышқанымызға қуаныштымыз. Біраздан бері сыр-сұхбат құрудың қолайлы сәтін күтіп жүрген едік. Бүгін соның орайы келіп тұрғандай. Қазір өзі әділеттілік ұғымы төңірегінде әралуан әңгіме айтылып жүр ғой. Өзіңіз «Әділетті Қазақстан» деген тіркесті қалай түсінесіз? – Әділетті Қазақстан құру тек Мемлекет басшысына ғана байланысты емес. Әділетті Қазақстан өзіміздің көшеден, ауылдан, ауданнан, қаладан басталады. Әділетті Қазақстан құқықтық қарым-қатынастан бастау алады. Шыны керек, кейбіріміз шаруамызды әлі күнге дейін тамыр-таныс арқылы немесе тиын-тебен ұсынып шешуге тырысамыз, Менталитетіміз сондай ма, әйтеуір әбден үйреніп кеткенбіз. Депутат болған соң көптеген мәселелерді талқылауға, оң шешімін қарастыруға күш саласың. Сөйтсең кейбір азаматтар «Сізге жолын жасайын» дегендей емеурін танытады. Міне, әңгіме сондайдан шығады. Мұндай көзқарастан арылуымыз керек. Мұның барлығы да тәрбиелік жұмыстарды жүйелеуді талап етеді. Жақында педагогтермен өткен жиындардың бірінде сала мамандарымен келіспеушіліктер болды. Өзіміз мектепте оқыған кезімізде әке-шешем қолынан келгенше тәлімін берді. Ал өскелең ұрпақтың көзін ашатын мектеп тәрбие мен білімді қатар беруі керек деп ойлаймын. Сондықтан да мектептерден балаларды тәрбиелеу жауапкершілігін алуға болмайды. Сол жерден жас жеткіншектер біреуге қиянат жасамауға, әділетті болуға, елінің ертеңі үшін адал қызмет атқаруға жауапты болып қалыптасады. Бұл тұрғыда өздеріңіз, БАҚ өкілдері әділеттілік пен адалдыққа негізделген жақсы қасиеттерді көбірек жазсаңыздар жөн болар еді. Сонда үйде, мектепте, көшеде, ұжымда, жалпы барлық жерде әділеттілік орнайды. Жалпы біреуге қиянат жасау деген қоғамдағы ең жағымсыз тірлік. Сондықтан да оның зияны туралы айта беруіміз керек, жаза беруіміз керек.  – Бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатысыз. Сайлаушылардың өзіңізге артып отырған сенімі үлкен. Қазір қандай мәселелерге көбірек назар аударып жүрсіз? – Жамбыл облысынан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғанымыз күні кеше сияқты еді. Зымырап бес ай уақыт өте шығыпты. Өзіңізге белгілі, мен Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесімін. Бұрын өндірісте жұмыс істегендіктен экономиканың барлық саласынан хабарым бар. Сондықтан да мемлекетке қажетті заңдардың бәрін қарап отырмыз. Мандатқа ие болған алғашқы айларда шетелге заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару т уралы заңның жұмысшы тобының отырысына қатыстық. Қазір де алдымызға ауқымды әрі маңызды заң жобалары келіп жатыр. Осы орайда Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу мәселесін жанжақты талқыладық. Қазір бұл заң жобасы екінші оқылымда қаралып жатыр. Мен бұл мәселе бойынша басынан аяғына дейін жұмыс тобының отырысында болдым. Алдағы қараша айында Президент заңға қол қойса, 1 қаңтардан бастап сол қаражат балалар игілігіне жұмсалатын болады. Сонымен қатар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы да бүге-шігесіне дейін зерделенуде. Бұдан бөлек республикалық бюджеттің әрбір бағытын қарадық. Талқылаулар барысында министрлер, мегаполистер мен барлық облыс басшылары өз ұсыныстарын қорғады. Біз де қолымыздан келгенше қаражаттың белгілі бір бөлігін осы Жамбыл облысының дайын болған жобаларына бағыттадық. Бұл тұрғыда негізінен инфрақұрылым мәселелерін шешуге, ауызсу, газ құбырын, мектеп құрылысын жүргізуге, көпірлер салуға, Тараз қаласының аумағына қосылған саяжайлардың жай-күйін реттеуге басымдық бердік. Қазіргі Мәжіліс депутаттарының тәжірибесі, олардың білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті заманға сай болып тұр. Сондықтан өте қызу талқылаулар болды. Енді бір айдан кейін алдымызға жаңа Құрылыс кодексінің жобасы келеді. Менің ол кодекс бойынша жұмыс тобының басшысы болуым жоспарланып отыр. Әрине, депутаттық қызметім­де бірінші кезекте сайлаушылармен байланысты жолға қойып келемін. Сәуір, мамыр, маусым, шілде, қыркүйек, қазан айларында сайлаушылармен кездесіп, талап-тілектерін тыңдап келемін. Келген сұрақтардың 90 пайызын шешуге тырыстым. «Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген тәмсіл бар ғой. Тәрбием де сондай. Өзімнің істеген тірлігімді тиянақты жасауым керек. Содан кейін әр саладан, тіпті Жамбыл облысынан тысқары аймақтардан көптеген хаттар, арыздар, соттың шешімдеріне наразылықтар түсуде. Тұрғындар «Көмектесе алады ғой» деген ниетпен өтініш білдіріп жатады. Мен өтініш-тілектердің бірдебірін қараусыз қалдырмай, өзімнің депутаттық өкілеттігімді пайдаланып, құзырлы жұмыс і с те п ж ат ы р м ы н . Ж а л п ы , осы уақытқа дейін бірнеше депутаттық сауал қойып, уәкілетті органдарға 50-ге жуық хат жолдадым. Әрине, оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Бастысы маңызды мәселелерді шешу жолында аянып жатқан жоқпын. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында еліміздің дамуына қатысты нақты міндеттер айқындалды. Жылдың басты құжатынан қандай ой түйдіңіз? – Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Жолдауда орындалуы тиіс міндеттерді тектен-тек айтып отырған жоқ. Бұл қажеттіліктен туып отырған дүние. 2022 жылы біз көптеген саяси реформаларға көңіл бөлдік. Оның ең алғашқыларының қатарында Конституциямызға өзгерістер енгіздік. Сәйкесінше көптеген заңдар қабылданды. Президент, Сенат, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Біз жаз мезгілінде өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездескен кезімізде экономикамызда көптеген проблемалар бар екенін көрдік. Президент өз Жолдауында түйінді түйткілдерді тап басып көрсетіп, оның шешу жолдарына да нақты тоқталды. Ең басты миссия – еліміздің экономикасын ретке келтіру. Өзіңіз байқасаңыз, Мемлекет басшысы онжылдық, бесжылдық кезеңге емес, алдағы үш жылға арналған даму жолын нұсқады. Қысқа уақыттың ішінде ауқымды істер атқарылуы керектігін айтты. Бірінші кезекте экономиканың діңгегін қалыптастыруымыз керек. Яғни, жаңа кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріліп отыр. Мысалы, 2022 жылы Қазақстандағы ішкі өнімнің көлемі 221 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал енді ішкі өнімнің көлемін 2029 жылы 450 миллиард долларға жеткізу межесі қойылды. Яғни, 5-6 жылдың ішінде деңгейіміз екі есе өсуі керек. Ол дегеніміз үлкен жоспар. Президент экономиканың барлық саласын қамтыды. Оның ішінде өндірісті де тілге тиек етті. Экономика өндіріс саласына арқа сүйейді. Сонымен қатар ауылшаруашылығы, көліктік логистика, цифрлық даму, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету, инвестиция тарту туралы да тұжырымдарын алға тартты. Үкіметтің алдына ауқымды мақсат қойды. Бұл тұрғыда Үкімет мүшелері, депутаттық корпус, жергілікті атқарушы органдар, барлығымыз бірдей Президент қойған талаптарды орындауымыз керек деп ойлаймын. Міне , бүгін облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өңірлік кеңестің отырысын өткіздік. Маңызды жиында Жолдау жүктеген міндеттер әңгіме арқауына айналды. Негізінде инвестиция тарту – әртүрлі саладағы басшылардың білгірлігі мен іскерлігін көрсететін жұмыс. Келген инвесторларға жақын туысындай қамқор бола білуіміз керек. Бұл іске жоғары тұрған лауазымды тұлғалардан бастап ауыл әкімдеріне дейін мүдделі болу қажет. Шынын айту керек, елімізде бюджеттің шығынына жармасып, қазына қаржысын сүліктей сорып отырғысы келетіндер көп. Ауылға ат басын бұрсаңыз да, министрлікке барсаңыз да солай. Ал менталитетімізде бюджетті толтыру әлі қалыптаса қоймаған сияқты. Мысалы, әр отбасы өзін ойлайды ғой. «Ақшаны қалай табамыз?» деп қол қусырып қарап отырмайды. Сол сияқты мемлекетімізде барлық уәкілетті органдар мен кәсіпкерлер бірінші кезекте салық қорын ұлғайтуға күш салу керек. Егер осындай межелерді орындамасақ, эконоик амыздың әлеуетін арттырмасақ, мемлекеттің болашағы баянды болмайды. – Сөзіңіз аузыңызда, Жамбыл облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қарқынды дамыту үшін не қажет? – Ж а мб ы л о бл ы с ы н д а халықтың саны 1 миллион 200 мыңның шамасында. Қараңызшы, соңғы 20 жылда ж е р г і л і к т і ж ұ рт ш ы л ы қ т ы ң саны өсер емес. Неге? Былай ойласаңыз, демографиялық ахуал жақсы. Дүниеге келіп жатқан сәбилер бар. Цифрларға жақсылап зер салатын болсақ, бізде көші-қон толастамай тұр. Жылына 30-40 мың адамға дейін Жамбыл облысынан сыртқа кетеді. Жастар мектепті бітіре салысымен Астанаға немесе Алматыға асығады. Ересектер де жұмыс іздеп осы қалаларға баруға тырысады. Сонымен қатар вахталық әдіспен Атырау өңіріне барып, нәпақасын тауып жүрген жандар да аз емес. Кейінгі кезде Шығыс Қазақстан облысына барып, жұмыс істеп жүрген азаматтар да жетерлік. Сондықтан біздің Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамыту үшін өндіріс саласын қолға алуымыз керек. Әрине ауқымды жобалар бар. Бірақ олардың бәрі қашан іске қосылады? Өткенде Премьер-Министрмен кездескенде, салалық министрліктермен, облыс басшылығымен жүздескенде осы мәселені көтердім. Бізге сол өндіріс орындарын тезірек ашу керек. Себебі бір жерде 2000 жұмыс орны ашылатын болса, оның айналасында қызмет көрсету орталықтары іске кіріседі. Сондықтан ең бірінші кезекте тұрақты түрде істейтін кәсіпорындарды ашуды, жобаларды іске асыруды қолға алуымыз керек. Жамбыл облысына жаңадан әкім болып тағайындалған Ербол Шырақпайұлының бұл жұмыстарды жүйелі жүзеге асыратынына сенемін. – Бүгінде еңбек адамына құрмет көрсету бойынша бірқатар бастамалар көтеріліп, әртүрлі шаралар атқарылып жүр. Еңбек күні мерекесіне де ерекше екпін берілгенін байқадық. Жалпы, сіздің ойыңызша, Еңбек адамы дегеніміз кім? – Менің пайымымша, еңбек адамы дегеніміз лауазымды кісі емес. Өзінің білімімен, адамдық қасиетімен, өмірлік тәжірибесімен адал қызмет жасап, отбасын асырап отырған адамдар. 40 жылдан аса өндіріс саласында жұмыс істедім. Күндіз-түні бір тынбайтын механизм. Алып зауытта қаншама маман иесі еңбек етеді. Олардың ішінде өзім де нағыз шыңдалу мектебінен өттім. Жұмысшылар бекітілген кесте бойынша күніне 7-8 сағат тер төгіп, үйіне қайтады. Адал еңбегіне сай айлық жалақыларын алады. Тіпті, жұмыстан кейін де қосымша тірліктер істеп, нәпақа табатындар бар. Міне, мен осындай адамдарды идеал тұтамын. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтат ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбек адамдарына құрмет көрсету туралы жақсы айтты. Аталған Жолдауда: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады» деді Президент. Енді қараңыз, біз еңбек адамдарын лайықты деңгейде көрсетіп жатқан жоқпыз. Өндірісте, ауылшаруашылығында, басқа да салаларда өз ісінің майталманы бола білген жандар аз ба? Кейде БАҚ өкілдері сенсациялық жаңалық іздемей, осындай тұлғалар туралы тарқата жазса екен деймін. Әрбір қарапайым маманның көріп-білгені, көкейге түйгені бар. Сыр шертісе келе небір хик аяларына қанық боласың. Өмірдің өнегелі өрнектерін түйсінесің. Жалпы, көрсетілген құрмет еңбек адамының еңсесін тіктеп, ертеңге деген сенімін нығайта түседі. Мысалы, менің анам ұжымшарда 35 жыл сауыншы болып жұмыс істеді. Бала болсақ та, ол кісілердің еңбегінің қалай бағаланатынын көріп жүрдік. Барлық жерге құрметті қонақ ретінде шақыратын. Кейде үйге алғыс хаттар мен гүл шоқтарын алып келеді. Ал ертеңіне жұмысына қалай кетіп бара жатқанын көрсеңіз ғой, шіркін. Бойын тік ұстап, қадамын нық басып, ел-жұртпен емен-жарқын амандасқан күйде қызу жұмысқа кірісіп кететін. Әрине, тарихты үлкен тұлғалар жасайды. Десек те маңызды оқиғалардың астарында қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері жатыр. Сондықтан олардың қызметінсіз елдің дамуын көз алдымызға елестете алмаймыз. Еңбек адамдарын экономиканың періштелері деп айтсақ та болады. – Бүгінде жастарға көңілі толмайтын аға буын өкілдерін байқап жүрміз. Кешегі Кеңес одағының идеологиясын көксеп, кереғар пікір айтатындар да бар. Бұл тұрғыда өзіңіздің ой-тұжырымыңыз қандай? Өткен мен бүгінді салыстыра отырып, жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? – Ол рас. Кейбір орталарда «Бүгінгі жастардың ой-өрісі басқаша» деген пікірлер айтылып жатады. Кезінде біз де жас болдық. Қазіргі жастар да нағыз өздерінің қалыптасу кезеңдерін өткеріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда жастар әруақытта да бірдей. Менің араласатын ортам өзімнен он, жиырма, тіпті отыз жас кіші жастар. Олардың ойтанымына, қарым-қабілетіне, іскерлік беделіне, білімге құштарлығына қарап отырып, көкейге көп ой түйемін. Менің ойымша, әрбір жастың өзіндік ұстанымы болу керек. Бала күнімізде мектепте 1000- 1500 оқушы оқыды. Бірақ олардың барлығы оқу озаты болған жоқ қой. Сол кезде де үлгерімі төмен оқушылар болды. Қазір де бар. Дегенмен, біз білім алудан бөлек өмір сүре білуге қабілетті болуымыз керек. Яғни, бір кәсіпті мықтап меңгеруге күш салуымыз қажет деп ойлаймын. Мысалы, мен бір ғана мамандықтың иесі болдым. Басқа ештеңе оқыған емеспін. Сол мамандықтың арқасында өзімді де, отбасымды да асырадым. Туған-туыстарыма да көмектестім. «Дарақ бір жерден көгереді» дейді ғой. Бір саланың жемісін жеп, өрісін кеңейтіп отырған мыңдаған азамат бар. Сондықтан да қарым-қабілетімізді, күш-қуатымызды бір саланың білікті маманы болуға жұмсасақ ұтылмаймыз. Әр істің басын бір шалып жүрсек жастық шақтың қалай өтіп кеткенін білмей қаламыз. Бұл тұрғыда аға буын өкілдері жастарға үлгіөнеге көрсете білуі керек. – Сөз соңында Республика күніне орай Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар газетінің оқырмандарына тілегіңіз... – Бұл мерекенің тәуелсіз еліміздің тарихында алатын орны ерекше. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны» қабылдады. Әлі есімде, сол тұста Жоғарғы Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин болатын. Осылайша ата-бабаларымыздың арманаңсарының ақиқатқа айналуына тарихи қадам жасалды. Халықтың бойында бұлқынған рух қандай еді? Кеңес одағының үстемдік құрып тұрған уақыты болса да еркіндікке ұмтылған алып күштің ағынын тоқтату мүмкін емес еді. Республика күні сонысымен қымбат, сонысымен ыстық. Егемендік алған жылдарда кейінірек Тәуелсіздік күніне басымдық беріліп кетті. Дегенмен дүйім жұрттың жүрегінде Республика күніне деген құрмет мықтап орныққанын жасыруға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны ескеріп, бұл күнді ұлттық мереке ретінде тойлаудың мәнмаңызын арттырды. Бір сөзбен айтқанда Республика тарихи тұғырына қонды. Осы орайда барша Жамбыл облысының жұртшылығын, оның ішінде «AR-AI» жастар газетінің қалың оқырмандарын еліміздің ең басты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, мол бақыт тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! – Мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар