АҚТӨБЕЛІКТЕРДІҢ ҚОС ҚУАНЫШЫ
Республика күні қарсаңында Ақтөбе ауылдық округінде екі нысан ел игілігіне берілді. Бірі Бәйтерек ауылындағы ауызсу жүйесі болса, екіншісі Жаңаталап ауылындағы «Bakesh arena» еркін күрес залы.
Бәйтерек ауылын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатындағы су құбырының құрылысын жүргізу нысанының жалпы сметалық құны – 472 019 мың теңге. Ауызсу құбырының ұзындығы – 14,35 шақырым. Оның құрылысын мердігер «Forte Capital» ЖШС жүргізді. Бәйтерек ауылында 324 аулада 1326 тұрғын тұрады. Ауызсу жүйесі құрылысының жүргізілуі – тұрғындардың көптен күткен қуанышы. Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы аудандағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жоспарымен қысқаша таныстыра келіп, ауыл тұрғындарын нысанның ашылуымен құттықтады. – Су – өмірдің нәрі. Биыл бес елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал, 2025 жылға дейін аудандағы 49 елді мекенді толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Оның ішінде 11-і тұрғындары 50 ауладан аспайтын елді мекендер. Бұл ауылдар модульдік блок арқылы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады, – деді Асхат Базарбайұлы. Нысанның лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен ауыл ақсақалдары кесіп, құтты болсын айтты. Жаңаталап ауылындағы «Bakesh arena» еркін күрес залының құрылыс жұмыстарына 22 миллион теңге қаражат жұмсалған. Ауыл азаматы Талғат Тойшыбеков демеушілік жасап, бастамашы болған спортзал ауыл тұрғындарының асарлатуымен салынып отыр. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануына, саламатты өмір салтын насихаттауына, ауыл тұрғындарының тұрақты түрде денешынықтырумен айналысуына, бұқаралық спорттық ісшараларды ұйымдастырып, өткізуіне жағдай жасау мақсатында ауданда бір стадион, бір спорт кешені, 45 спортзал, 12 үлкен футбол алаңы, 95 кіші футбол, баскетбол, волейбол, стритворкаут, әмбебап алаңшалар жұмыс істеуде. Сондықтан бүгінгі ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің нәтижесінде бой көтерген нысанның ашылуы да үлкен игілікті іс. Еркін күрес залының ашылуына ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Ауылдан шыққан, бүгінде ауданымыздың, облысымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған спортшылар да арнайы шақырылған. Нысанның ашылуында аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Базарбайұлы, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Тәжіханов көпшілікті Республика күнімен және нысанның ашылуымен құттықтап, спортзалдың ашылуына бастамашы, себепші болған ауыл азаматтарына алғысын білдірді. Академик Медетхан Заппаров, ауыл ақсақалы Расылхан Тойшыбеков және ауылдың жанашыр азаматы Талғат Тойшыбеков те сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Талғат Тойшыбеков спортзалға есімі берілген Бакеш ата туралы қысқаша айтып өтті. Ол кісі ауданға ғана емес, облысқа, көрші Түлкібас ауданы, тіпті қырғыз еліне танымал мықты көкпаршы болған екен. Талғат Расылханұлы сонымен бірге ауылдан шыққан, бүгінде халықаралық жарыстардың чемпионы атанған спортшыларды ортаға шақырды. Яғни, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2021 жылы Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ғасыр Тұрғынбайды, 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия чемпионатына күрестен қатысқан Қалжан Рахатты, Санжар Мұхтарты, сондай-ақ ауыл жастарына үлгі болып жүрген азаматтың бірі, әлем чемпионы Әбдінұр Нұрланбекті ауыл ақсақалдары, қонақтармен бірге лента қию рәсіміне қатыстырды. Лента қиылып, шашу шашылып, мемлекетіміздің Әнұраны шырқалды. Жиналған жұрт ауыл балаларының еркін күрестен шеберлігін тамашалады. С а л т а н а т т ы ш а р а ә р і қ а р а й ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист, Жуалы ауданы
Келесі мақала
ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕЛЕНДІ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024