Жаңалықтар
Сергей СЕМЫКИН, актер, әнші: ЖАРҚЫН ІСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА
- author AR-AY
- 25 қазан, 2023
- 464
Сергей СЕМЫКИН, актер, әнші: ЖАРҚЫН ІСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА
– Қазақ елін бар болмысымен жақсы көретін, жүрегі ел деп соғатын азаматтың бірімін. Негізінде азан шақырып қойған есімім – Сергей Владимирович. Алайда мен Ислам дінін қабылдап, мұсылман қауымның қатарына қосылдым. Өзімді қазақтың ұлымын деп есептеген соң, есімімді де өзгерттім. Қазір Әлисұлтанмын. Қайта жаңғырған ұлттық мереке өмірімде үлкен рөл атқарады. Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық тұрғындармен бауырмыз. Отанымыз ортақ, тіліміз бір. Өзім нанын жеп, суын ішіп жүрген елімнің тілін, ділін, дінін, салтын, әдет-ғұрпын барынша қастерлеймін. Сондықтан ешқашан қазақ тілін шұбарлауға жол берген емеспін. Керек десеңіз қазақ тілінің жанашырымын! Ұлтын өліп-өшіп сүйген дара тұлға, ғасыр саңлағы Міржақып жайындағы «Міржақып. Оян, қазақ!» телесериалына түскенімді мақтанышпен айта аламын. Әр қазақтың жүрегінен ерекше орын алған осы кинотуындыда Смирновтың рөлін сомдадым. Бұл фильм маған көп нәрсе үйретті. Бейбіт аспан астында татутәтті өмір сүріп жатқанымыз, осы Міржақыптай саңлақтардың арқасында екенін терең ұғына түскендейміз. Республика күні – қазақ елінің сан ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, жеке мемлекет болғанын айғақтайтын ұлық мереке. Бұл мереке мемлекетімізде 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Өкініштісі 2009 жылдан бері Республика күні атаулы күндер қатарынан алынып тасталды. Алайда Мемлекет басшысының Жарлығымен былтырдан бері қайта тойлана бастады. Өшкеніміз қайта жаңғырды деген осы. Қорыта келе айтарым, сіздерді республикамыздың әр азаматы үшін маңызы бар айтулы мереке – республика күнімен құттықтаймын! Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылуда жасаған ерліктері бүгінгі тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып саналатын осы салтанатты күні елімізге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін!
Келесі мақала