СОТ ІСІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖҮРГІЗУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Қай мемлекет болмасын, оның ең әуелі ұлықтайтын тілі – мемлекеттік тілі. Тіл – әлемдік қоғамдастықтағы мемлекеттердің басты белгілерінің бірі әрі ұлт руханиятының алтын қазығы. Сондықтан мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау баршамыздың абыройлы міндетіміз деп түсінген абзал. Мемлекеттік тілдің мәртебесі Ата Заңымызда да анық көрсетілген.
Ата Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Демек, мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі айшықталып бекітілген, ұстанымымыз айқын.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4, 13-баптарына сәйкес мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi.
Жалпы, мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізетін көмегі мен ықпалы зор. Өйткені, мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын негізгі буын осы болғандықтан, қарапайым халық, әсіресе жастар шенеуніктерге қарайды, солардың кәсіби біліктілігіне қарап, билікті бағалайды, өз болашағына қатысты бағыт-бағдарын, жоспарларын түзеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде жетік сөйлеп, қызмет көрсетсе, қоғамда да мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік арта бермек.
Қазіргі таңда Тараз қалалық сотында сот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар. Егер де халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар жеткілікті.
Бүгінде тілді таңдау әр азаматтың конституциялық құқығы болғандықтан, сот істерінің мемлекеттік тілде жүргізілуі арыздардың сотқа қай тілде берілуіне байланысты. Көп жағдайда талап қоюшылар арыздарын орыс тілінде береді. Арызданушылар сотқа мемлекеттік тілде жүгінген болса, сондай-ақ уәкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, сот органдары сот отырысын мемлекеттік тілде жүргізеді. Десек те мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға байланысты қиындықтар сот саласына да тән. Осыған байланысты айтарым, қазақ тілінің жағдайын жақсартуды әрқайсысымыз өзімізден бастағанымыз жөн.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 77-бабы 3-тармағына сәйкес, сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы. Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады. Азаматтардың сотта өз құқығын тиімді пайдалану және қорғауға халықаралық нормалармен және ұлттық заңнамамен кепілдік беріледі. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 30-бабы (бұдан былай – ҚПК) Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тілдер де қолданылады деген нормамен ашылады. ҚР ҚПК-нің осы бабының басқа да нормаларын талдау сот өндірісі тілі мемлекеттік тіл екенін айқын белгілеп, қазақ тілін білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға олардың процестік құқықтарын іске асыру мүмкіндігі аударма қызметі арқылы тегін қамтамасыз етілетіндігін айқындайды.
Осы мәтінді зерделеуден аңғарғанымыз Кодекстің әрпі де, рухы да сот ісін жүргізетін негізгі тіл қазақ тілі екенін айғақтап тұр. Өйткені аталған баптың 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады деген норма бекер тұрған жоқ.
Ал Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексінің 14-бабында (бұдан әрі – АПК) азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады. Мұнда да сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты. Дегенмен, кейбір мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі талап арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілін айналып өтуге тырысады.
Жалпы қандай іс болса да сотта қаралған кезде олардың ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аударылуға тиiс. Аударма бойынша шығыстар және аудармашының көрсеткен қызметтерi мемлекеттiк бюджет есебiнен төленедi. Дегенмен, мемлекеттік тілде іс жүргізу, сыйлау, құрметтеу – әрбір ел азаматының парызы.
Замира СМАҒҰЛОВА,
Тараз қалалық
сотының судьясы
Келесі мақала