ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КӨП БЫЛЫҚТЫҢ БЕТІН АШТЫ
Жуырда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті Тараз қаласын көгалдандыру бағыты бойынша «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне талдау жүргізген болатын. Талдау қорытындысы бойынша серіктестік қызметінде бизнес субъектілері үшін жер учаскелерін жалға беру бөлігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Жер учаскелерін жалға беру рәсімін зерделеу барысында келісімшарттар белгілі бір жеке және заңды тұлғалардан алынған өтініштер негізінде жасалатыны белгілі болды. Сәйкесінше, баға ұсыныстары жиналмайды, яғни әлеуетті жалға алушыларды бәсекелестік іріктеу мүмкіндігі қарастырылмаған.
Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері комиссиялық түрде қаралмайды. Шешімдерді «Жасыл ел – Тараз» ЖШС басшысы жеке өзі қабылдайды. Сондай-ақ жалдау шартына өзі қол қояды.
«Жасыл ел – Тараз» ЖШС кәсіпкерлерге Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» және Қ.Рысқұлбеков саябақтарында және «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде ойын-сауық аттракциондарын орналастыру үшін жер учаскелерін жалға береді. Барлық шарттар формалды түрде жасалады. Яғни жер учаскелерінің нақты ауданы көрсетілмейді. Сондай-ақ жалдау құнын есептеу калькуляциясы жоқ.
Сонымен қатар, талдау қорытындысы бойынша 2021-2022 жылдар кезеңінде пайдаланылатын жер учаскелерін жалдау шарты бойынша мекемеге түсуі тиіс қаражаттың 6,4 миллион теңгесі түспегені анықталды.
Осылайша, департаменттің ұсынысы бойынша қазіргі уақытта жалдау құнының калькуляциясы, сондай-ақ аттракциондарды орналастыру жоспары бекітілді.
Мұнан бөлек «Жасыл ел – Тараз» ЖШС басшылығымен мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары әзірленбегені және бекітілмегені анықталды. Нәтижесінде, мекеме басшылығы 2020-2022 жылдар аралығында тікелей (конкурссыз) кәсіпкерлік субъектілерімен тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізуге жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрайтын 1 500-ден астам шарт жасасқан. Жоғарыда көрсетілген шарттар басқа әлеуетті өнім берушілердің заңды құқықтарына нұқсан келтіре отырып, заңсыз, яғни «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұза отырып жасалған. Бүгінгі таңда департаменттің ұсыныстарын орындау мақсатында басшылық сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жылдық жоспарын бекітті. Бұл әлеуетті жеткізушілер арасында бәсекелестік ортаны қамтамасыз етеді.
Жеке құрамды зерделеу барысында да мекеме директоры мен оның орынбасарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамағаны анықталды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттер жасауға жол бермеу мақсатында мемлекеттік функциялар, оларға теңестірілген тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар шектеулерді қабылдауға тиіс. Заңның 6-бабында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар шаралар көзделген. Оларды өз қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық субъектілері қолдануға тиіс. Алайда, бұл бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілмеген.
Сонымен қатар бюджетке 58 миллион теңге шығын келтірілгені «Жасыл ел – Тараз» ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау барысында белгілі болды. 2020-2022 жылдар аралығында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Жасыл ел – Тараз» ЖШС арасында қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгеге келісімшарт жасалған. Дегенмен зерделеу барысында жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша жұмыстарды орындамау фактілері және «ойдан шығарылған» кәсіпкерлермен өзара жалған есеп айырысулар, сондай-ақ жалпы сомасы 58 миллион теңгеден астам бұзушылықтар анықталды. Залалды облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мемлекеттік аудиторлары растады.
Сондай-ақ талдау барысында қаланың дендрологиялық жоспары және жасыл желектерді есепке алу жүргізілмейтіні, яғни уәкілетті органдардың жасыл желектерді отырғызу, кесу және түгендеу жұмыстарын бақылауда ұстамайтыны, соның салдарынан көптеген жасыл желектердің өспей қалғаны анықталды.
«Жамбыл облысының қалалары мен елді мекендеріндегі жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларына» сәйкес жасыл желектерді есепке алу жөніндегі құжаттаманы жүргізу тәртібі есепке алу объектісінің шекарасында орналасқан жасыл желектерді зерттеп-қарауды түгендеу, жасыл желектер тізілімін жүргізу, дендрологиялық жоспарды әзірлеу жолымен жүргізіледі.
Сонымен қатар, жасыл желектерді суару нормаларының болмауы отырғызылған ағаштар мен жасыл желектердің қурауына әкеліп соққан. Талдау барысында 2021-2022 жылдары отырғызылған 13 257 көшеттің 3 299-ы қурап қалғаны және қалпына келтіру бойынша көктемдік отырғызу жұмыстары жүргізілмегені анықталды.
Осылайша, қазіргі уақытта департаменттің ұсынысы бойынша әкімдік тарапынан жауапты мекемелерден тиісті кепілдік хаты алынды.
Сондай-ақ, бюджеттік комиссияның келесі отырысында Тараз қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеуге бюджет қаражатын бөлу мәселелері қаралатынын айта кеткен жөн.
Айбек ӘЖІБАЕВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі
облыс бойынша департаменті
превенция басқармасының
бас маманы
Келесі мақала
Жол қателікті кешірмейді
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024