Білім ошақтарының жағдайымен танысты
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары қатаң бақылауға қойылған. Осы орайда облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек Тараз қаласында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған, оқушылары тасымалданып басқа мектептерде оқытылып жатқан 3 мектепті аралады.
Тексеріс нәтижесінде аяқталу мерзімі өткен №44, 46 мектептердің мердігерлері сотқа берілді. Дегенмен №46 мектеп жылуға қосылған. Ал №44 мектепке жылу осы аптадан бастап берілмек. Екі мектептің құрылысы жақын күндерде аяқталады деп күтілуде.
– Құрылыс жұмысы барысындағы ұсақ-түйек тірліктер осы аптада аяқталады. Келесі аптадан бастап оқушылар өз мектептерінде оқиды. Бұл жөнінде мектеп басшыларына тапсырма берілді. Ал №28 мектептің құрылыс жұмысын өз мерзімінде аяқтау тапсырылды. Аталған мектептің басшысы өз еркімен жұмыстан босатылған. Бүгінгі күні қалалық білім бөлімінен жауапты тұлға бекітіліп, жұмыс барысы бақылауға қойылды, – дейді Мейірхан Азатұлы.
Сондай-ақ аталған басқарма басшысы өткен аптада облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровпен бірге биыл іске қосылған «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығына да барған еді. Олар оқу-сауықтыру орталығының жұмысымен, балалардың жағдайымен танысты. Мекемеде оқу кабинеттері, спорт алаңшалары мен үйірме бөлмелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балалардың демалуымен қатар түрлі қабілеттерін дамытуға толық жағдай жасалған.
Жалпы мұнда 50 оқушы 18 күнге қабылданып, демалып, сабақтарын жалғастырып жатыр. Жатын орындары жылы. Нысанда балалар үшін өте қолайлы жағдай жасалған. Дегенмен, жауаптыларға оқушылардың қауіпсіздігін сақтау, үйірме жұмыстарын, сауықтыруға арналған іс-шараларды сапалы жолға қою, ас мәзіріне өзгеріс енгізу мәселелері тапсырылып, интернет жылдамдығын реттеу, сыртқы аула тазалығын үнемі назарда ұстау, штат санын бір жүйеге келтіру бойынша жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.
Басқарма басшысы барған тағы бір мекеме – №34 орта мектеп. Бұл білім ошағы осы жылы күрделі жөндеуге қойылған. Аяқталатын мерзімі – қараша айы. Бүгінгі күні мектептің ішкі жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда мектеп оқушылары еш кедергісіз білім алуда. Басқарма басшысы асхананың ыстық тамақ беру барысына зерделеу жүргізді. Тамақ мәзіріне ерекше көңіл бөлініп, дайындалған ас мәзіріндегі тағамдар таразы арқылы тексерілді. Кемшілік байқалған жоқ. Мектеп басшысына оқушыларға арнайы бекітілген ас мәзіріне сәйкес тағам беруді қатаң бақылауға алу қажеттігі ескертілді. Сыртқы жұмыстарды мерзімінде аяқтау керектігі міндеттелді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала
Жас мамандар бас қосты
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024