БІЛІКТІ БАСШЫ, БІЛГІР МАМАН ЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес елімізде еңбек адамының даңқын асыруға айрықша көңіл бөлінуде. Осы орайда мұғалімдердің мәртебесін асыруға да баса назар аударылып келеді. Расында да саналы ғұмырын ұрпақ тәрбесіне арнап, Ұлы дала ұландарына тәлім беріп келе жатқан ұстаздардың ерен еңбегін бағалау, беделін биіктету – ортақ парыз.
Жас құрақтай желкілдеген жеткіншектерді дұрыс жолға салып, өнеге көрсетіп келе жатқан білікті педагогтар біздің өңірімізде де аз емес. Сондай білгір мамандардың бірі – Байзақ ауданы, Мәдімар ауылында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры болған Айтжан Нысанбаев еді. Арда азамат жайында жазу туралы ауыл тұрғындары да редакциямызға өтініш хат жолдапты. Салада салған сара соқпағын ұмытпайтын, ұстаздың ұлағатын ұлықтайтын ел-жұрттың болғаны қандай жақсы. «Жақсының аты өшпейді» деген сөз осындайда айтылған болса керек.
Айтжан Нысанбаев білім беру саласында қажырлы еңбек ете жүріп, 61 жасқа қараған шағында өмірден өтіпті.
Ауыл халқының айтуынша, кейіпкеріміз отбасында адал жар, асқар тау әке, мейірімді ата, қызметінде білікті маман, парасатты басшы бола білген.
Көптеген шәкірттер тәрбиелеп, кең көңілді адамдық қасиетімен әріптестері мен жақындарының құрметіне бөленген.
Айтжан Нұралыұлы 1962 жылы 28 қарашада Байзақ ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Жамбыл педагогикалық институтынан «Физика-математика» мамандығын игеріп, еңбек жолын өзі оқып, білім алған Кеңес орта мектебінен физика пәнінің мұғалімі болып бастаған.
1986 жылы Кеңес орта мектебінің директоры қызметін атқарып, 2000 жылдан 2021 жылға дейін осы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасаған.
2021 жылдан күні кешеге дейін Мәдімар ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры қызметін абыроймен атқара білді. Бұл ұжымда басшылық жасаған екі жылға жуық уақыттың ішінде Айтжан Нұралыұлы мектептің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, оқушылардың сүйікті ұстазына, ұжымның мәртебелі басшысына айналып, өзінің мықты педагог, іскер де білімді басшы екенін көрсетті.
Өзінің замандас әріптесі, осы білім ордасындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Жақсылық Тайшыбеков: «Үлкен-кішінің көңілін жықпай, айналасына мейірімнің шуағын шаша жүріп, биік беделге ие болды. Жары Эльмира Дәулетқұлова екеуі 3 қыз, 1 ұл өсіріп, оларды құтты орнына қондырып, 7 немере сүйді. Ағайын мен туыстың көшбасшысы, жақындарының жанашырына айналды», дейді.
Парасатты педагог ауыл мен елдің ішіндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халықтың қамы үшін білек сыбана жұмыс жасады. Өзінің саналы ғұмырын туған елдің гүлденуі мен түрленуіне арнаған Айтжан Нұралыұлының жарқын бейнесі байзақтықтардың жадында ұзақ уақыт сақталатындығы сөзсіз.
Айжан Өзбекова
Келесі мақала