Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ауыл – ел бесігі» жобасы жемісін беруде

«Ауыл – ел бесігі» жобасы жемісін беруде
ашық дереккөз
«Ауыл – ел бесігі» жобасы жемісін беруде
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдық елді мекендерді тұрақты дамыту мақсатында 2019 жылдан бастап елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып келе жатқаны баршаға белгілі. Жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы халықтың жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында бірқатар міндеттерді шешуді көздейді. Дегенмен ауылдық елді мекендердің ажарын ашып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына сеп болып отырған осы жобаның өңірде жүзеге асырылу барысы қай деңгейде? Аталған жоба аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқыны көңіл көншіте ме? Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева хабарлама жасады. Оның айтуынша, өңіріміздегі жалпы 371 елді мекенде 1 миллион 222 мың 600 адам тұрады. Елді мекендердің төртеуі қала болса, қалғаны ауылдық елді мекен. 367 ауылдық жерде облыс халқының 691 мың 200-і қоныстанған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынғалы бері өткен жылға дейін облыста 137 ауылда (59 тіректі, 77 спутникті, 1 стратегиялық) 32,8 миллиард теңгеге 474 жоба қаржыландырылыпты. Осы игі іс нәтижесінде 4 мектепке және 1 емханаға жапсарлас ғимарат, 28 спорттық-сауықтыру кешені, 15 денсаулық сақтау, 15 мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, 2 әлеуметтік нысанның ғимараты қайта жаңғыртудан өткен. Олардың ішінде құрылысы жылдан-жылға өтпелі нысандар да бар. Сонымен бірге 2 газға қосу, 4 су құбырын жаңғырту, 15 білім нысанының қазандығын газға қосу жобалары іске асырылған. Бұдан бөлек 35 білім беру, 15 денсаулық сақтау, 23 мәдениет және 7 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтіпті. Сондай-ақ 283 жоба аясында 510,1 шақырым жол қалпына келтірілсе, 23 көше жарықтандырылған, 2 көшенің су құбыры желілері орташа жөндеуден өткізілген. Мұнымен қоса 3,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Биыл жоба аясында 98 елді мекенде (39 тірек, 59 спутникті) 301 жобаны іске асыруға 15,7 миллиард теңге бөлініпті. Көрсетілген қаржының 6,7 миллиард теңгесі ұлттық қордан, 7,6 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, қалғаны аудан есебінен қарастырылған. – Бөлінген қаржы есебінен 56 нысан құрылысы, 8 күрделі жөндеу, 237 орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ 920 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Атап айтқанда, білім саласында 3,1 миллиард теңгеге 6 мектепке жапсарлас ғимарат құрылысы (үшеуі өтпелі), 4 мектепті күрделі жөндеу және 7 мектептің қазандығын газға қосу жоспарда бар. Денсаулық сақтау саласында 1,3 миллиард теңгеге 4 нысанның құрылысын (біреуі өтпелі), 1 нысанды қайта жаңғыртуды, 1 нысанға жапсарлас ғимарат (өтпелі) және 1 нысанды күрделі жөндеуді қоса алдық. Спорт саласында 3,1 миллиард теңгеге 20 нысанның құрылысы (алтауы өтпелі) және 1 нысан қайта жаңғыртудан өтеді. Мәдениет саласында 1,7 миллиард теңгеге 15 нысанның құрылысы жүргізіліп (бесеуі өтпелі), 3 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Коммуналдық шаруашылық саласында 377,1 миллион теңгеге 1 қосалқы станса құрылысы және 6,2 миллиард теңгеге 273 шақырым ауылішілік көшелерді орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған, – дейді Салтанат Ермаханқызы. Басқарма басшысы осы жылдың бірінші қазанына қаржыландыру жоспарына сәйкес 9,7 миллиард теңге қарастырылып, есепті кезеңге жоспар 99,7 пайызға, жылдық жоспар 61 пайызға игерілгенін атап өтті. Өңірімізде тоғыз айдың қорытындысы бойынша, 159 жоба негізінде қолға алынған іс аяқталған. Атап айтсақ, Жамбыл, Қордай аудандарында 3 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Байзақ ауданында 2 денсаулық сақтау нысанының, Меркі, Қордай аудандарында 3 мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылған. Сонымен қатар Меркі ауданында дәрігерлік амбулатория, Сарысу ауданында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, 194 шақырым ауылішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша 149 жоба іске асырылыпты. Нәтижесінде 95 тұрақты және 575 уақытша жұмыс орны ашылған. Баяндамашының сөзінен кейін аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшысының есептері тыңдалды. Облыс әкімі бірқатар аудандар мен басқармалар тарапынан жағдайды бақылау назардан тыс қалғанын айта келе, құрылыс мерзімін уақытында орындамаған жауаптылардың ісін сынға алды. – Барлық аудандар бөлінген қаражатты игеруде жақсы нәтиже көрсетуі керек. Тиімді жоспар жасалып, нысан дұрыс бақылауда болғанда ғана оның құрылыс жұмысында еш кемшілік болмайды және мерзімінен де кешікпейді. Сондай-ақ мердігерлерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейту мәселесін де пысықтау қажет, – деді Ербол Қарашөкеев. Жиын соңында аймақ басшысы басқарма басшыларына қолға алынған әрбір құрылыс нысандарын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар