Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ашық дереккөз
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Отан отбасынан басталады» дейді халық нақылы. Әрбір отбасы үйлесім тауып, бақытқа бөленсе, балалар әке мен ананың, ата мен әженің өнегесін бойына сіңіріп өссе, бұл бүтін елдің болашағына бастаған жарқын жол. Тараз қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Отбасым – мақтанышым, тірегім!» атты облыстық ата-аналар форумы өтті. Жиынға жоғары оқу орындарының оқытушы ғалымдары, аудандық, Тараз қалалық ата-аналар кеңесінің, қамқоршылық кеңестің төрағалары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Алқалы жиында қазіргі заман отбасыларындағы бала тәрбиесі мәселесінің ерекшеліктері жан-жақты талқыланды. «Заманауи бала тәрбиесінде жетістікке жету кілті» тақырыбында өз ойын ортаға салған облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев: – Бақытын баласынан іздеген біздің халқымыз ұрпағының тәрбиесіне өте үлкен жауапкершілікпен қарағаны белгілі. Қарияның – қазына, әкенің – асқар тау, әженің – мейірім, ананың – шуақ, бауырдың – қымбат, баланың – бауыр ет болатыны соған дәлел. Оған қоса, халық тағылымындағы бала тәрбиесіне тек бір әке-ана немесе отбасы ғана емес, бүкіл әулет, ауыл жауапты болғанын білеміз. Ал бүгін қоғам басқа! Алдыңғы айтқандарымыз өзінің шын мәнін жоғалтып алғаны жасырын емес. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда түрлі келеңсіздіктер орын алуда. Соның алдын алып, тосқауыл жасаймыз деп, бүгін тағы жиналып отырмыз. Өйткені қай заманның болсын өзекті мәселесі осы – ұрпақ тәрбиесі! Қазақ «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» деп бекер айтпаған. Әр ұлттың қай кезеңде болмасын, ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің өмірін жалғастыратын саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ата-ана баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Бала болашағы олардың өмірдегі үлесі, сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады. Сондықтан ата-ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршы азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті. Бала тәрбиесінің алтын бесігі – отбасы болғандықтан шағын әлеуметтік топ бала үшін өмір мектебі болып табылады. Қазақ табиғатында отбасы иелері балаларының алдында өздерінің тіршілік әрекетінде барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісін көрсете білген. Ата-ана балаларын тұрмыс пен салтқа бейімдеп, шешеден көріп тон пішуге, әкеден көріп оқ жонуға баулитын болған. Осылайша ұрпақтың отбасы, тәрбиесі жалғасын тапқан. Жанұя, шаңырақ, отбасы – бұлардың барлығы бір ұғымды білдіретін, адам баласы үшін ең қымбат ұрпақ тәрбиесіне деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас өмір мектебінің бастауы. «Бала он жасқа дейін ананың, одан кейін әкенің тәрбиесінде болады. Жасында дұрыс тәрбие алмаса, өскенде данышпан болса да тәрбие кемшілігі оны өмір бойы кері тартып тұрады», – депті М.Әуезов. Ал дана Абай «Кісінің тәрбиелік деңгейі көбінесе сөзінің сипатынан байқалады», – дейді. Әке – ең бірінші ер азамат. Сондықтан ол барлық отбасылық мәселелерді шешу керек. Отбасында әркім өз қалауын айта берсе келіспеушіліктер туындайтыны рас. Облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы бала тәрбиесінде әкенің де үлкен рөл атқаратынын айтуға келгенде іркіліп қалған жоқ: «Ер азамат елге аға, жұртқа пана болуы керек. Баланың өсіп-өнген ортасы, оның ойлау және көру кеңістігі болады, содан өмір сүру жүйесі қалыптасады. Яғни тәрбиенінің өзегін сол жерде қалыптастырады. Ал біздің балаларымыздың бөгде ойлау кеңістігін әлеуметтік желілер әкеліп жатыр. Интернеттегі жұрттың ойлау жүйесі басқаша. Өйткені олардың діні, тұрмысы, дәстүрі, өмір сүру қалпы, бала тәрбиесі, барлығы да басқаша. Жас ұрпақтың алдына асқарлы мақсат қойылып, келелі міндеттер жүктеген қазақ халқы «Болашақ ел қамқоры», «Отан қорғаушысы», «Шаңырақ иесі» деп ұрпағына жақсы сөзін бекерге арнамаған. Баламен көбірек сөйлесіп, бірге ойнап, дүкенге бірге барып, керегін бірге таңдасып, жақсы не жаманын түсіндірген абзал. Сөзді ойнатуға болады, бірақ сөзбен ойнауға болмайды. Сондықтан баланы алдыға талпынатындай сенім артып, жақсы сөз айтқан дұрыс. Себебі бұл әрекетіміз де елдің ертеңіне бастап тұрған жақсы қадам, – деді Ринат Даниярұлы. Іс-шара барысында Республикалық «Senimen bolashak» қоғамдық бірлестігі төрағасы Ракымбек Жолаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Орынқыз Жолдасова, облыс бойынша іскер әйелдер қоғамдастығы жанынан құрылған «ЕлАна» кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Камилаш Ахметжанова, Құлан мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрағасы, облыстық «Парасатты отбасы – 2021» байқауының жеңімпазы Бауыржан Исаев тақырыпқа қатысты пікір білдіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шараның соңында үндеу қабылданып, баяндамашылардың іс-тәжірибелері барша қатысушыларға электронды нұсқада таратылды. Айта кетейік, форум барысында «Ұлттық қолөнер – ұлт қазынасы» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Қ.Рахметуллина

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар