Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Екі редактор

Екі редактор
ашық дереккөз
Екі редактор
Жазушы, журналист Кемел Тоқаевтың шығармашылық өміріндегі 1966-1967 жылдар өзінің кітаптарындағы шым-шытырық оқиғалар сияқты шырғалаңға толы болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің үні – «Жаршының» бас редакторы деген қызметте жүрсе де орыс тіліне аударылған «Особое поручение» деп аталатын кітабын баспадан шығара алмай әуре-сарсаң болады. Орталық Комитеттің тиісті бөліміндегі жауапты қызметкерлері бар, Баспа комитетінің беделді басшылары бар Кемеңнің кітабын жоспарға енгізіп, аты-жөнін жазып, мөрлеп жібергенімен Әди Шәріпов ағасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы болып жаңадан тағайындалған кезі ғой, Кемеңнің кітабын жоспардан алып тастай береді. Ал жоспарға енгізіп жіберген жоғарғы жақ болса, Әдекеңе қарсы келе алмайды. Өйткені Әдекең де осалдардан емес, Жазушылар одағына келгенге дейін Қазақ КСР-і Оқу министрінің орынбасары, Оқу министрінің өзі, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және Сыртқы істер министрі болған мықты. Оның үстіне Ұлы Отан соғысына қатысып, партизан отрядын басқарған деген даңқы тағы бар. Партизандардың ерлігі жайлы «Партизан қызы», «Ормандағы от» деген кітаптар жазып тастаған белгілі қаламгер. Кемеңе бұл қамалды алу үшін не істеу керек? Содан ол ойлана келіп, бұрын дос еді, дәмдес еді, қыздарға қырындап жүрген кездегі «өрісіміз» бір еді деп, ҚКП Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашевке барады. Ол ескі досын жайдары көңілмен қарсы алып, кітабын жоспарға енгізуге уәде береді. Кемең қуанғанынан редакциядағы достарын үйіне шақырып, дастарқан жайып әбден күтеді. Бірақ көп ұзамай үйінде қонақта болғандардың бірі Кемеңе «кітабың жоспарға тағы да енбей қалды» деп хабарлайды. Кемеңнің үстінен біреу мұздай су құйып жібергендей болады. Бұл кезде Саттар Имашев Моңғол елінде жұмыс сапарымен жүрген еді. Амал жоқ, келгенін күтеді. Келген соң тағы кіреді. Әрине, ол «Сапарға шығам деп жүріп қарбаласта ұмытып кетіппін, енді Әбілхановқа айтып, жоспарға кіргізіп берем» дейді. Ғабдолла Әбілханов та Кемеңе телефон шалып, «Имашев маған тапсырма берді, енді алаңдамаңыз, жоспарға енеді» деп қуантып қояды. Сонымен, 1966-1967 жылдардың жоспарынан түсіп қалған повесі 1968 жылдың жоспарына енетін шығар деп қанаттанып жүргенде Әди Шәріпов ағасы «Жазушы» баспасының жоспарында тұрған мұның повесін тағы да сызып тастайды. «Әдекеңнің мұнысы несі?» деп өзіне барса, ардақты ағасы: «Мен сенің кітабыңның жарыққа шығуына қарсы емеспін. Жақсы екенін де білемін. Бірақ осындағы жолдастар – анау Жұбан, Қабдыкәрім Ыдырысов дегендер құлағымның етін жеді», дейді. «Олар не деді?» деп Кемең де сұрайды. Әди ағасы болса: «Бұл жер сөздің, өсектің жері, сөз жатпайды», дейді. Кемең таңғалады. «Өзі басқарып отырған одақ жөнінде бастықтың сөзі мынандай болса, не үміт, не қайыр» деп түкке түсінбей, дал болады. Осыдан кейін досы Саттар Имашевке телефон соғады. «Өзің нұсқау берген кітап жылдан асты, әлі шықпай жатыр. Жоспарды қарай қалған кезде менің фамилиям көзіңе түссе, жылда бір кітап шығарады екен деп ойлап қалма, бұл сол баяғы кітап!» дейді. «Қой, ұят болған екен, менің атымнан Жұмабаевқа айт, жоспарды қараған кезде менің есіме салсын», дейді досы Саттар Нұрмашұлы. Жұмабаев – Саттар Имашевтің тәуір көретін нұсқаушысы. Кемең оны «Социалистік Қазақстанда» жауапты хатшы болып істеп жүрген кезінен біледі. Орталық Комитетке келген сайын Саттар досы «Осы Жұмабаевты қызметке алсам қайтеді?» деп сұрайтын. Кемең болса, «Ұзақ Бағаевты алсаңшы» деп өтінетін. Жә, Кемең өміріндегі бұл беймәлім эпизодтар мен штрихтарды көзбен көргендей қылып жазып отырғаным, артында қалдырған жазбаларынан оқыдым. Оқып қана қоймай, зерттеп, зерделей жүріп білгенім – Кемең белгілі журналист, «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Ұзақ Бағаевты өте қатты құрметтеген екен. Кітапты жоспарға енгізу қиямет-қайымы жөніндегі 1967 жылғы жазбасында досы, інісі Ұзақ Бағаевтың аты-жөні бір рет қана қылаң берсе, ал 1973 жылдың 31 шілдесінде жазған күнделігінде Ұзақ әріптесіне ұзақ тоқталыпты. Қаламдасын қара топырақты өлімге қимайтынын қабырғасы қайыса отырып жазыпты. «Кеше Қазақ бейітінде (ол кезде Кеңсай биігін «Қазақ бейіті» деп атайтын болуы керек) қаралы митинг болды. Журналистер қауымы «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Ұзақ Бағаевпен қоштасты. Мейірімсіз ажал жолдас-құрбыларына құрметті, сыйлы, аяулы азаматты алып кетті. Бұл заманда 43 жас деген тым жас, қыршын кетті. Мола басында ел-жұрты, ағайын, достары оның жас кеткеніне өкініп жылады. Ұзақ аз жасаса да артына замандастары атап жүретін көп іс қалдырды. Қазақстанның бүкіл журналистер қауымына басшылық етті, жас журналистерді тәрбиелеуге қамқорлық жасады. Өзі редактор болған «Социалистік Қазақстан» газетін оңдады. Оны қарты – қарағым десе, жасы кішілер – журналистер ұстаз тұтты, қатарларының ақылшысы болды. Мен Ұзақпен көп жылдар бірге қызметтес болдым. Мен «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты секретары болып жүргенімде, ол ауылшаруашылық бөлімін басқаратын. Редколлегия мүшесі ретінде республиканың ішкі мәселесі жайында жиі әңгімелесіп тұратынбыз. Әрбір істе ұшқалақтық жасап, екіұшты пікір айтпайтын. Біз әрдайым сыйласып жүрдік». Кемең осынша жоқтап, осынша мақтап жазатындай Ұзақ Бағаев кім? Журналистер қауымының аға буын өкілдері болмаса, 43 жасында қыршын кеткен талантты редакторды бүгінгі жас толқын біле бермейді-ау. Білсе, әрине, Кемең өкісігі мен өкінішінің сырын жан-тәнімен сезер еді. Ұзақ ағамыз С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1952 жылы бітірді. Сөйтіп, 1952-1962 жылдары Кемең екеуі «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде бірге қызмет етті. Кемең сол жерден «Жаршыға», ал Ұзақ – Қызылорда, одан кейін Талдықорған облысы газеттерінің редакторы болды. Әсіресе Қызылорда облыстық газетінде өткен 6 жыл ол үшін ерекше ыстық. Талдықорған облысының газетін басқаруға барса да Қызылорда өңірінен қаламдас дос, сырлас ретінде тапқан Зейнолла Шүкіров, Қомшабай Сүйінішов сияқты белгілі жазушыларды қимай, хат жазысып, хабарласып тұрды. Зейнолла ағасымен тағдырлас Ұзақ та сегіз жасынан бастап төсек тартып, сырқаттың азабын көрген. Бірақ өмірден күдер үзбей, арманмен өскен. Біліммен жетілген. Бірақ бала кезден жабысқан сол аурудың зардабы болар, ақыры өмірден ерте кетті. 1969 жылы бағы жанып, өзі түлеп ұшқан «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болғаннан кейін арада небәрі төрт жылдай уақыт өткенде қайтыс болды. Кемеңнің күнделігіне көз жүгіртейік. «Биыл май айының 5-і күні Сарыағашқа демалуға барған едім. «Социалистік Қазақстан» газетінің Шымкент облысындағы тілшісі Алтынбек Жолдасбеков Сарыағашта менің жатқанымды естіп, келіп кеткен еді. Ұзаққа операция жасалғанын содан естіп: – Не операция? – деп таңдана сұрағанымда Алтынбек: – Гастрит екен, көптен бері мазалап жүрсе керек, соны алдырыпты, – деді. Мен Ұзақтың науқастанып жүргенін бұрын-соңды естіген емеспін. Және өз басым көп операция жасатсам да көп азап шекпегендіктен, оның арты әрдайым сәтті болғандықтан операциядан кейін тұрып, оңалып кетер деп ойлағам. Алматыға келгеннен кейін бір күні (сенбі болатын) университетте қатар оқыған бір досым таңертең телефон соғып, «үйге келіп кетсең қайтеді» деді. Ол министр ғой. Үйіне барғанда «шөл басып» отыр екен. – Ертең Чехословакияға жүрейін деп отырмын. Жолаяқ жасайын, – деді. Содан кейін қала сыртына шығып кетуге бел байладық. Ол өз машинасымен жүруді ұйғарды. Гагарин көшесінен сөмкемізді толтырып алдық. Қала сыртындағы алма бақтың ішіне келіп отырдық. Отырыс көңілді еді. Бір кезде ол: – Сен Бағаевтың жайын естідің бе? – деді. – Білем, қазір ауруханада жатыр. Жақында тауға, санаторийге баратын шығар, – дедім. – Ол «рак» екен. Дәрігерлер ішін ашыпты да қайта жауып қойыпты, – деді. Төбе шашым тік тұрды. Күйінгенде кісі тез қызып қала ма, қалай? Мен осы сөзді айтқаны үшін досыма қатты өкпеледім. Үйге көңілсіз келдім. Осыдан соң досыммен сөйлеспей, ішараз болып кеттім. «Жаршының» редакциясында Дәуренбеков Баймырза істейді. Бір күні ол: – Ұзақ сіздің демалыстан келген-келмегеніңізді сұрап жатыр, – деді. «Ракпен» ауырған адамның күні санаулы. Әрі рухани азық сыйлайтын адамның ауырғаны қандай қиын. Досымның айтқаны құлағымнан шыңылдап кетпейді. Баймырзаның сөзін: – Өзің білесің, ауруханада көп жатып, операцияның қиындығын бастан кештім. Дәрі ішкеннен басым айналады. Тауға, санаторийге барғанда көңілін сұрармын, – дедім.» Ұзақ Бағаев – Қазақстан Журналистер одағының төрағасы міндетін де абыроймен атқарды. Еліміздегі бір топ талантты журналистер шоғырын даярлау ісіне де бар ынтасымен үлес қосты. «Халық бастамасы – қайнар бұлақ», «Дала жұлдыздары», «Жан сұлулығы» деген публицистикалық кітаптарын жазды. «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Дүниеден өтерінің алдында КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Бүгінде Алматы облысының Райымбек ауданында Ұзақ Бағаев атындағы орта мектеп пен көше бар және музей-үйі ашылған. Кемеңнің күнделігіне тағы үңілейік. «Ұзақ кейін мені тағы сұраса керек. Дәтім шыдамады. Ауруханаға бардым. Ұзақтың қасында көңілін сұрап келген бір топ жігіттер тұр екен, мен келген соң бәрі Ұзақпен тез қоштасып шығып кетті. Мен кісі бетіне көп қарамаймын. Осы жолы Ұзаққа тесіле қарадым. Баяғы сабырлы қалпы, жұмсақ мінезі. Мен өз басымнан өткен операция қиындықтарын айтып, «Көңіліңді көтеріңкі ұста, мойыма, таза ауада көп жүр» дедім. «Мұндайда көңіл көтеріп, қыдырып тұру да артық болмайды» деймін. Біз әңгімелесіп тұрғанда әйелі келген еді. Менің «қыдыру керек» деген сөзімді жақтырмай тұрған сияқты. Оны Ұзақтың жүзінен таныдым. Төмен қарап, қысылып, жымыңдап күле берді. Әйелінен қысылып тұрғанын байқаймын. Сол сәт Ұзақ маған күнәсіз бала сияқты көрініп кетті. Қабірінің басындағы суретін көргенімде үлкен дана адамның, айбатты адамның, нағыз қайраткер адамның тұлғасын танығандай болдым. Біздің арамыздағы Ғаниымыз Ұзақ болған екен-ау, деп ойладым. Дана, қайраткер адамның есімі өшпесе керек-ті!». Екі дос, екі редактор. Достық, сыйластық, әріптес еңбегін, білімі мен білігін тану мен құрметтеудің өнегесі. Осы ғибратты бүгінгі жастар үлгі тұтып, айналасына айтып жүрсе ғанибет емес пе?! Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар