Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТЕХНИКА ПАРКІНІҢ ТОЗУЫ – ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕ

ТЕХНИКА ПАРКІНІҢ ТОЗУЫ – ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕ
ашық дереккөз
ТЕХНИКА ПАРКІНІҢ ТОЗУЫ – ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕ
Ауылшаруашылығы – ел экономикасындағы негізгі сала. Өткен жылғы статистика мәліметтеріне сәйкес, ішкі жалпы өнімнің 5,2 пайызы агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі. Сондай-ақ салада еңбекке қабілетті тұрғындардың 12,4 пайызы жұмыс істейді. Алайда миллиондаған халық ырзық-несібесін терген салада шешімін күткен мәселелер аз емес. Әсіресе ауылшаруашылық техникаларының тозуы бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын жеткізді. «Қазір ауылшаруашылық техникаларының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Бүгінде жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал облысымыздағы ауылшаруашылық техникаларының саны қанша? Техникалардың қаншасы жарамды? Сондай-ақ қанша пайызының жарамдылық мерзімі аяқталған? Мәселені шешу бағытында облыста қандай жұмыстар атқарылуда? Көптің көкейіндегі сауалдарға облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков жауап берді. – Аймақта қазіргі таңда 12 659 ауылшаруашылық техникасы (985 комбайн, 4 570 трактор, 7 014 басқа да техникалар) тіркелген. Қазіргі таңда 4 570 трактордың 1000-нан астамының, яғни 25 пайызының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Пайдалану мерзімі он жылға дейінгі аралықты қамтитын техникалардың саны – 1 534, – дейді Нұрби Жігітеков. Басқарма басшысының айтуынша, биыл 1 885 ауылшаруашылық техникасын алу жоспарланған. Тамыз айына дейін 907 ауылшаруашылық техникасы алынып, техникалық паркті жаңалау көрсеткіші 7,2 пайызға жетіпті. Айта кету керек, Президент тапсырмасына сәйкес ауылшаруашылық техникасының паркін жаңартуға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Мәселен, жақында ғана ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды. Қаулыға сәйкес Қазақстанда отандық өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасының лизингіне «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы қаражатынан 20 миллиард теңге бөлінетін болады. Бөлінген қаражатқа фермерлер 500-ден астам техника сатып ала алады. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы тамызда еліміздің машина-трактор паркін жаңарту мақсатында ауылшаруашылық техникасының жеңілдетілген лизингінің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Мәселен, өткен жылы 900-ге жуық аграрий қысқа мерзімде бастапқы жарнасыз жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен лизингке 1 053 техника сатып алды. Бұл ретте жаңа техника өткен жылғы егін жинау науқанына уақытылы қатысты. Лизингке техникалық регламенттерде белгіленген экологиялық талаптарға сай келетін және барлық қажетті сәйкестік сертификаты бар техника беріледі. Нұрби Жігітековтің айтуынша, инвестициялық субсидиялау арқылы ауылшаруашылық техникасын сатып алған шаруалардың шығындары субсидияланады. Өтеу көрсеткіші 25 пайызды құраған. Ал отандық техника 5 пайызға артық субсидияланады, бұл 30 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта агроқұрылымдардан келіп түскен 222 өтінімге 592,9 миллион теңге субсидия төленген. Фермерлерге қажетті ауылшаруашылық техникаларын алуда лизингтік операторлар да көмегін көрсетуде. Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Жанар Исмаилова пікірімен бөлісті. – Біз қазіргі таңда еліміздегі ең ірі лизингтік оператормыз. Фермерлерге ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін қолдан келген көмекті аямаймыз. Мәселен, осы жылдың жеті айында 189 техникаға келісімшарт жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық. Жалпы облыс бойынша қаңтар-шілде айларындағы игеру сомасы 3 миллиард теңгеге жетті. Өсім өткен жылмен салыстырғанда 1,8 миллиард теңгені құрап отыр. Қазіргі кезде қаржыландыру көлемі Тұрар Рысқұлов ауданында – 36, Меркі ауданында – 18, Жуалы және Қордай аудандарында – 10, Шу ауданында 9 пайызға жеткен. Алайда өзге аудандарда қаржыландыру үлесі төмен болып тұр. Әйткенмен Жамбыл және Байзақ аудандарында техника саны бойынша оң көрсеткіш қалыптасқанын айта кеткен жөн. Фермерлер қолданыстағы көптеген бағдарламаларымызбен етене таныс. Нақтырақ айтар болсақ, компанияның тұрақты бағдарламалары «Экспресс-лизинг», яғни құжаттардың ең аз пакетімен 5 жұмыс күні ішінде өтінімдерді қарау, «Мастер лизингтің», яғни құжаттар пакетін қайта ұсынбай, берілген өтінім негізінде бір жыл ішінде техниканы лизингке алу мүмкіндігі шаруалар үшін тиімді екені сөзсіз. Сондай-ақ адал қарыз алушылар үшін «Сенімді фермер» адалдық бағдарламасы қарастырылған, – дейді Жанар Исмаилова. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, фермерлер де бұл игілікті пайдалануда. Дегенмен жыл санап тозығы жеткен техникалардың саны артып жатқанын жасыра алмаймыз. Демек, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғаса бермек. Аяулым Жаманқара
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар