Жаңалықтар
Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – бұлжымас қағида
- author AR-AY
- 27 қыркүйек, 2023
- 152
Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – бұлжымас қағида
Жуырда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Орнықты даму мақсаттары жөнінде саммит өтті. Кездесуде орнықты даму мақсаттарына қатысты көп мәселе талқыланды. Ол жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы қатысты.
17 бөлімнен тұратын Орнықты даму мақсаты 2015 жылы БҰҰ жиынында қабылданған болатын. Құжатта 169 мақсат көрсетілген. Алайда сарапшылардың айтуынша, бүгінде құжатта көрсетілген міндеттердің 15 пайызы ғана орындалған.
Саммитте Ирландия және Қатардың бастамасымен 43 тармақтан тұратын саяси декларация қабылданды. Құжатта бірнеше жылдан бері тұрақты даму мақсаттары орындалмай жатқаны ескертілген.
«Миллиондаған адам кедейлікке ұшырады, аштық белең алып келеді. Гуманитарлық қажеттілік артып, климаттың өзгеруінің салдары айқын біліне бастады. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың әлсіреуінен және осы дағдарыстарды бірлесіп еңсеру үшін сенімнің жетіспеушілігінен туындаған теңсіздіктің күшеюіне әкелді», делінген құжатта.
Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген мәліметке сүйенсек, қазір әлемде 2015 жылмен салыстырғанда орташа немесе қатты аштықтан 745 миллионнан аса халық зардап шегеді. Осылайша БҰҰ Бас хатшысы А.Гуттериш әлем 2030 жылға қарай аштықтан құтылу жөніндегі мақсатына жетудің ауылы алыс екенін атап өтті. Шартарапта 2005 жылдан бері байқалмаған аштық деңгейі тіркелген. Азық-түлік бағасы 2015-2019 жылдарға қарағанда көп елде әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Жер-жаһан осы қалпында жалғастыра берсе, құқық қорғау, гендерлік және кемсіту олқылықтарын жою үшін әлі 286 жыл қажет.
Сонымен қатар Декларацияда дамушы елдерге қолжетімді бағамен жеке қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін көпжақты даму банктерінің бизнес үлгісін өзгерту ұсынылған. А.Гуттериш халықаралық қаржы архитектурасын реформалауға шақырып, қазіргі нұсқасын «ескірген, жұмыс істемейтін және әділетсіз» деп мәлімдеді.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының президенті Деннис Фрэнсис кейінгі жылдары сенім мәселесіне селкеу түскенін, көпжақты ынтымақтастықтың әлсірегенін атап өтті. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясының салқыны әлі де тиіп отыр. Сондай-ақ бақуатты мемлекеттер қол жеткізе алатын мақсатты ғана таңдайтынына наразылық білдірді.
«Бірлескен, өршіл іс-қимыл арқылы біз 2030 жылға қарай 124 миллион қосымша халықты кедейліктен шығарып, 113 миллионға жуық адамның аз тамақтанбауын қамтамасыз ете аламыз», деді Д.Фрэнсис.
Негізгі саммит аяқталғаннан кейін «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі үдерістеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогі өтті. Іргелі жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге төрағалық етті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.
– Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық.
– Орнықты даму қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шаралары күшейтілді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар ұсыныс айтты.
– Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Оның айтуынша, ОДМ-ға қол жеткізу үшін қаржы жүйесі таңдаулы ғана елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажет. Экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды.
– Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды, – деді Президент.
Іс-шара барысында мақсаттарды жүзеге асырудағы жетістіктер мен олқылықтарды есепке ала отырып, тұрақты дамуға өтуге әкелген ұлттық әрекет талқыланды. Көптеген спикер қаржыландыруды қолжетімді етуді, әсіресе дамушы елдерге арналған жаһандық қаржы жүйесін реформалау қажеттігін атап өтті.
Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Матамела Сирил Рамафоса әр елдің өз даму жолын ұстануға құқығы бар екенін айта отырып, халықаралық қаржы архитектурасын да, көпжақты сауда жүйесін де оларды дамушы елдерге әділ ету үшін реформалауға шақырды. Қаржылық ресурстарға және әлемдік нарықтарға кез келген мемлекет қол жеткізе алмайтынын жеткізді. Дегенмен орнықты даму мақсаттарының жүзеге асырылуы негізінен елдер арасындағы жақсы әлеуметтік, экономикалық және саяси қарым-қатынастарға байланысты екенін атап өтті.
Аустрия Президенті Александр Ван Дер Беллен орнықты даму мақсаты үдерісі тек қаржымен байланысты емесін алға тартты. Жедел өзгерістерге қол жеткізу үшін заңның үстемдігі маңызды. Сондай-ақ жыл сайын сыбайлас жемқорлықтың салдарынан жаһандық ішкі жалпы өнімнің шамамен 5 пайызы жоғалатынын атап өтті. Бұл сома орнықты даму мақсатын қаржыландырудағы алшақтықты жоюға айтарлықтай үлес қоса алады.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров білім саласын өзгертуге инвестиция салу керектігіне назар аударды. Мұндай реформа адамдардың болашақта лайықты жұмысқа орналасуына көмектеседі. Халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Осы ойды қуаттаған Мажарстан Президенті Каталин Новек келешек ұрпақтың бұрынғыға қарағанда бақытты ғұмыр сүретін қоғам құруға шақырды.
Сонымен қатар сессия барысында Хорватия Президенті Зоран Миланович, Перу Президенті Дина Болуарте, Гайана Президенті Ирфан Али, Микронезия Президенті Уэсли Симина, Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровски, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқалар сөз сөйледі.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала
Меркідегі жарыс жастардың мерейін тасытты
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Тараздағы түзеу мекемесінде сотталғандарға психологиялық тренинг ұйымдастырылды
- авторAR-AY
- 3 желтоқсан, 2024