Жамбыл жаңалықтары
Қазақ-Қырғыз I Өңіраралық ынтымақтастық форумының алаңында 65 млн. доллардың келісімдеріне қол қойылды
- author AR-AY
- 22 қыркүйек, 2023
- 211
Қазақ-Қырғыз I Өңіраралық ынтымақтастық форумының алаңында 65 млн. доллардың келісімдеріне қол қойылды
Жамбыл облысында өтіп жатқан Қазақстан мен Қырғызстанның Өңіраралық ынтымақтастық форумы Қазақ-Қырғыз іскерлік диалогынан басталды. Онда тараптар өңірлердің инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктерін, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзінде Қазақстан мен Қырғызстан – жақын бауырлас елдер, Орталық Азия өңірінің дамуына әсері зор сауда-экономикалық бағытындағы негізігі әріптестер екендігін атап өтті.
- Бүгінде екіжақты сауданың дамуындағы серпінді динамика байқалады. Ағымдағы жылдың жеті айында екі ел арасындағы сауда 12,7 пайызға өсіп, 755,4 миллион долларды құрады. Қазақстаннан Қырғызстанға экспорт 2023 жылғы қаңтар-шілдеде 17,5 пайызға өсіп, 469,7 миллион долларға жетті. Импорт өз кезегінде 5,6 пайызға артып, 285,6 миллион долларды құрады. Қазір екі елдің алдында өзара сауда деңгейін 2 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр,-деді вице-министр.
Ол көрсеткішке қол жеткізу үшін екі елдің үкіметтері бизнес өкілдерімен тығыз ынтымақтастық орнатуға, қажетті қолдауларды көрсетуге, келіссөздер жүргізуге дайын.
Қайрат Төребаев Қырғыз кәсіпкерлерін Қазақстанда өндіріс ашуға шақырды, ол үшін ел өңірлерінде барлық жағдай жасалуда.
– Қазақстан аумағында экспортқа бағытталған бірлескен өндірістерді жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтармен қатар барлық қажетті базалар мен преференциялар жүйесі жасалған. Әр өңірдің өзіндік мамандануы бар және өз преференцияларын ұсынуға дайын, - деп атап өтті вице-министр.
Бұдан әрі Қырғыз Республикасы экономика және коммерция министрінің орынбасары Қанатбек Әбдірахманов сөз алып, өз ойын ортаға салды.
Екінші сессияны Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков пен Қырғыз Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің нақты сектор басқармасының басшысы Бектұр Мырзабеков ашты.
- Қазақстан-Қырғызстан қарым-қатынастары сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Екіжақты қарым-қатынастар тұрақты, прогрессивті және сындарлы, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық меморандумға қол қойылған десек, бұл мемлекеттердің көпқырлы байланыстарына қосымша серпін беруде. Негізгі басымдықтардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасының көлемін арттыруға баса көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 23 пайызға өсті,-деді Ербол Тасжүреков.
Өзара іскерлік диалогтар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының кәсіпорындары арасында 65 миллион АҚШ доллары көлеміндегі 10 келісімшартқа қол қойылды.
Бұл күні Тараз қаласындағы Достық үйінде екі елдің іскер топ өкілдері B2B форматында келіссөздер жүргізді.
Сондай-ақ, қонақтар қолөнершілер мен жергілікті тауар өндірушілердің көрмелерін тамашалады.
Айта кетейік, форум аясындағы шаралар екі күнге жоспарланған.