Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ
ашық дереккөз
БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ
Көзді ашып-жұмғанша беймаза тіршілігімізді беймезгіл уақытта астан-кестен қылған Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында орын алған жарылысқа екі жылдан асты. «Күн жаманы кетеді» демекші, қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған сол бір күндер де артта қалды. Тіпті ұмыт болып барады. Бірақ төтенше жағдай кезінде ерлігімен көзге түскен оғландарымыз мәңгі естен шықпақ емес. Елден ес, ерден дес кеткен шақта бастарын бәйгеге тігіп, отпен арпалысып опат болған бейбіт күннің батырларын ұмыту мүмкін емес. Сондықтан да бүгін біз Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде жан тапсырған оғландарымыздың еңбегін еске алу мақсатында қалам тартып отырмыз. Мейірімді Мейіржан Бір адамдар болады, есіңізге түссе сағынасыз немесе ол жайлы естеліктер айтқанда тоқтамайсыз. Міне, сондай бейне қалдырып, ел жүрегінен орын алған, адал да таза, ақкөңіл де кірпияз жандардың бірі – облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі марқұм Мейіржан Айманов болатын. Мейіржан азаматтық қорғау органдарында 1995 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет атқарған. Бейбіт күннің батыры Мейіржан Айманов Байзақтағы оқ-дәрі қоймасынан шыққан өртті сөндіру барысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің бірі. Аталған өрт шыққаны туралы хабарлама түскен сәттен төтенше жағдай орнына күштер мен құралдарды тарту жоспарына сәйкес облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 114 адамы жедел түрде аттанады. Гарнизон бойынша жоғары дәрежелі шақыру жарияланады. Оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері қойманың лапылдай жанып жатқанын байқайды. Бастапқы кезеңде от жауынгерлері құрылыстың қақпалары арқылы лафеттік оқпандармен су беру жұмыстарын жүргізеді. Алайда өрт сөндіру тактикасы оң нәтиже бере қоймайды. Дегенмен өртсөндірушілердің мақсаты өртті жою болғандықтан лезде суы таусылған өрт сөндіру автокөліктерін қайта суға толтырып келуге жұмсап, одан әрі өртті сөндіру жұмыстарымен жанұшыра айналысады. Тіпті өз бастарына төніп тұрған қауіпті де ойлауға мұршалары келмейді. Өрт оқиғасының бел ортасында азаматтық қорғау полковнигі М.Айманов қасындағы жігіттерді бір сәтке де жалғыз тастамай, бастан-аяқ бірге болып, өрт сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен айналысып жүрген сәтінде орны толмас қазаға ұшырайды. Дегенмен Мейіржан Аймановтың сауатты іс-әрекеті мен асқан қайсарлығының арқасында Тараз қаласындағы 3 елді мекеннің 710 тұрғыны эвакуацияланады. Осылайша Мейіржан секілді халқы үшін қанын да, жанын да беруге дайын адал ұлдардың арқасында апат орын алған аумақтағы елді мекен тұрғындары аман қалады. Мейіржан Қақпасынұлы оған дейін де бірнеше күрделі өрттер мен төтенше жағдайлар орын алған аумақта жұмыс атқарғаны және сол кезде де аянбай еңбек етіп, өз қызметін адал атқарғаны әлі күнге дейін әріптестерінің көз алдында. Мысалы, 2012 жылы ақпан айында Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысының) Ордабасы ауданындағы елді мекендерді су басқанда Мейіржан жинақтық жедел-құтқару тобына жетекшілік етіп, суды сорып шығару, тұрғындарды құтқару және құнды мүліктерді аман сақтап қалу жұмыстарын ұйымдастырады. Ал 2016 жылдың 3 сәуірінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің сол кездегі төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі В.Беккердің шұғыл тапсырмасымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінен Солтүстік Қазақстан облысына авариялық-құтқару және өзге де кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін жалпы саны 30-дан аса адам және 4 техника, лай суды сорып шығаруға арналған 2 мотопомпа секілді күштермен және құралдармен аттанады. Бұл кезде де жауынгерлік топты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру мекемесінің бөлім бастығы Мейіржан Айманов бастап барады. Осы секілді ерен ерліктерімен ел есінде қалған Мейіржанның артында 5 баласы мен ата-анасы және асыл жары қалды. Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік есебі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін М.Аймановқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені беріліп, отбасына тапсырылған болатын. Мейіржан Қақпасынұлы енді мәңгі халқының жүрегінде батыр болып өмір сүре береді. Жаны жайдары Жәнібек Жәнібек Тұрманов 2021 жылдың 26 тамызы күні кезекші қарауыл құрамында болады. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен Жәнібек қасындағы әріптес досы Дидар Өмірзақовпен бірге өрт автоцистернасынан лафеттік оқпан көмегімен өртті сөндіруге кіріскені сол еді, алғашқы жарылыс орын алады. Сонда өртсөндірушілер өздерінің жоғарыда тұрған жерінен жерге қалай құлап түскенін де білмей қалған. Бірақ досы Дидар есін жия салысымен Жәнібекті іздейді. Шамалы уақыттан кейін екеуі бірін-бірі табады. Алайда Жәнібектің жарақаты ауыр және физикалық тұрғыда өте әлсіз болады. Соған қарамастан бірін-бірі жетелеп, алға қарай ұмтылады. Бірақ дүркін-дүркін қайталанған жарылыстың салдарынан қайта-қайта жерге екпіндей құлайды. Жолай жараланған әріптестерін кездестіріп, әзер дегенде барлығы бірге окопқа жетіп жығылып, көмек күтеді. Ізінше көмек те келіп үлгереді. Жәнібек Тұрманов сол түні Тараз қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізіледі. Бірнеше күннен кейін арнайы бортпен Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жөнелтіледі. Алайда айналдырған ажал алмай қоймайды. Жәнібек Тұрманов 2021 жылдың 11 қыркүйегінде таңғы сағат 04:00-де мәңгілік сапарына аттанып кете барды. Жәнібектің артында отбасының отын өшірмей асыл жарымен бірге екі баласы қалды. Жәнібекті достары еркелетіп «Джони» деп атайтын болған екен. Әріптестері «Джониді» өрт сөндіру ісінде үнемі алдыңғы қатарда жұмыс атқарып, тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын азамат ретінде еске алады. Ал жары жолдасының алға қойған арманы көп екенін айтады. Жәнібек азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2013 жылы қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысының өртке қарсы қызмет гарнизонында бастаған. 2015 жылы Тараз қаласына ауысады. Қызмет атқарған жылдары түрлі сипаттағы 28 марапатқа ие болған. Біздің көз алдымызда енді Жәнібектің жарқын бейнесі мәңгілік ескерткіш болып қалмақ. Қаһарман өртсөндіруші туралы естеліктер де мәңгі ескірмек емес. Антына адал Ғафан Антына адал арыстарымыздың бірі әрі бірегейі – Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері Ғафан Қуатбек еді. Ғафан 1995 жылы 24 қаңтарда Жамбыл ауданында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң 2014 жылы Тараз политехникалық колледжін «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығы бойынша аяқтап, 2014-2015 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп келеді. 2016 жылы Тараз қаласындағы №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өртсөндіруші-құтқарушы болып қызметке орналасады. Кейіннен өрт сөндіру көлігін тізгіндейді. 2019 жылы Талас ауданының Ақкөл ауылындағы №2 өрт сөндіру бекетінде де жүргізуші болып қызмет атқарған. Одан әрі Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып, әріптестерімен бірге Тараз қаласы мен облыс аумағындағы ірілі-ұсақты өрт оқиғаларын жоюға белсенді қатысады. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарына белсене қатысып, талай жанды ажалдан арашалаған Ғафан Жомартұлы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әрдайым кішіпейілдігімен көзге түсіп жүреді. Өкініштісі сол, оқ-дәрілер сақталған қоймадағы өрттен туындаған жарылыс кезінде Ғафан секілді антына адал жандарды сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Алайда Ғафанның кейінгі ұрпаққа үлгі болатын ерлік ісі ешқашан ұмытылмақ емес. Елдос – ел есінде Отан алдындағы борышын атқару барысында қаза тапқан батырларымыздың бірі – Елдос Сандыбаев. Ол 2013 жылдың маусым айынан бері азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қатарында еңбек еткен. Орны толмас қайғы орын алған күні әріптестерімен бірге оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді. Өкінішке қарай, осы шақыртудан кейін жұмысына қайтып оралмады. Ел есінде жайдары, сабырлы мінезі мен ақкөңіл бейнесі қалды. Елдос Қадырбайұлы – қызмет еткен жылдары әртүрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайларды жою барысында өзін нағыз кәсіпқой маман ретінде көрсеткен тұлға. Мәселен, 2018 жылдың маусым айында Жамбыл ауданының Бесағаш ауылындағы таулы аумақта табиғи өрт оқиғасы орын алады. Жел бірте-бірте күшейіп, өрт көлемді аумаққа жайыла бастайды. Салдарынан өртті сөндіру де айтарлықтай қиындық туғызады. Жұмысқа кедергісін келтірген қиындықтарға қарамастан, қарауыл бастығының тапсырмасымен Елдос Сандыбаев күштер мен құралдарды өрт ошағына тиісінше бағыттайды. Жеке құрам да тәжірибелі түрде өрт сөндіру жұмыстарымен айналысып, нәтижесінде өрттің одан әрі Қырғыз Республикасының жеріне өтіп кету қаупінің алдын алады. Ал 2019 жылдың 9 наурызында күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчерлік қызметіне Тараз қаласының Тындыбеков көшесіндегі №29 үйден өрт шыққаны жөнінде хабар түседі. Оқиға орнына Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары шұғыл жөнелтіледі. Өртсөндірушілер оқиға орнына жақындаған сәттен бастап барлау жүргізіп, жеткен соң жалындаған өртке оранған үй ішінде 5 адамның қалып қойғанын анықтайды. Елдос Сандыбаев өзге әріптестерімен бірге адамдарды құтқару үшін газ-түтіннен қорғау қызметі құрамында өртке оранған үй ішіне кіреді. Көмейді бітеп, тынысты тарылтатын әрі ыстығы бет шарпитын жалынның ішіне кіріп кеткен жігіттер есікті бұзып, 3 жасөспірім бала мен 2 әйелді сыртқа алып шығады. Сөйтіп, зардап шегушілерге тиісінше дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, нәтижесінде өмірлеріне төнген қауіп сейіледі. Ақпейіл Александр Отанға қызмет ету, ұлтқа, руға, жікке, нәсілшілдікке бөлінбейді. Өйткені Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілінің Отаны – Қазақстан. Біздің осы сөзімізге дәлел бола алатын тұлғалар көп. Мәселен, Отанды сүюдің, өз қызметін адал атқарудың үлгісіне айналып кеткен Александр Микропулоның орны бөлек. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі Александр да 2021 жылдың 26 тамызы күні Байзақ ауданында орын алған оқиға орнына бірінші жеткендердің қатарында болды. Александр Николаевич азаматтық қорғау органдарында 1995 жылдың мамырынан бері қызмет атқарған. Ақпейілімен дараланған Александр азаматтық қорғау органында қызмет атқару барысында бірнеше рет табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды жою барысында бөлімшелерге басшылық етіп, нақты әрі дұрыс шешімінің нәтижесінде төтенше жағдай аймағында қалып қойып, көмекке мұқтаж бірнеше жанның өмірін арашалаған. 2017 жылы 8 қыркүйекте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру мекемесінің диспетчерлік қызметіне Тараз қаласының Абай көшесіндегі №133 үйдің №37 пәтерінде өрт оқиғасының орын алғаны туралы хабарлама түседі. Дабыл белгісі бойынша өрт орнына өрт сөндіру кезекшілік қызметі өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі А.Микропулоның басқаруымен күштер мен құралд­ар жұмылдырылады. Оқиға орнына келген бойда өрт сөндіру жетек­шісімен №3 жоғары шақыру жария­ланып, күрделі жағдайды және тәуліктің қараңғы уақытын, сондай-ақ құрылыс нысанының беріктігін ескере келе, Александр Николаевич бірнеше бағыттар бойынша бар бөлімшелердің тактикалық мүмкіндіктерін сауатты пайдалана отырып бір уақытта жану ошақтарын сөндіру, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа толық көшіру, қиранды ішінен зардап шеккендерді іздеу және шығару сияқты жұмысқа кірісіп кетеді. Осылайша білікті және дұрыс жүргізілген әрекеттердің нәтижесінде апат орын алған үйдің үш тұрғыны құтқарылып, медицина қызметкерлеріне тапсырылады. А.Микропулоның сеніп тапсырылған күштер мен құралдарды сауатты басқаруының арқасында 135 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 3 адам құтқарылады. Қызметтегі біліктілігі­мен әріп­­тесте­рінің есінде қалған Александрдың соңғы кезекшілігі 2021 жылдың 26 тамызы болып қалды. Алайда оның есімі әріптестері мен халықтың көңілінен мәңгі өшпек емес. Оны еске алған адамдар көбінде өте позитивті, мейірімді және ашық-жарқын кісі екенін айтады. Жалпы төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері туралы айтқанда, Байзақ ауданында болған жарылыс кезінде қаза тапқандарды айтпай кету мүмкін емес. Олар бейбіт заманның батырлары ретінде мәңгі біздің есімізде қалады. Бұл ел есінде қалған, өрттен опат болған оғландардың бір парасы ғана. Олардың қатары көп. Біз алда олардың, әсіресе Байзақтағы жарылыстан шейіт болған жерлестеріміздің өшпес еңбектерімен қатар, жауынгерлікпен жан қиған батырларымыздың үлгі боларлық істерін жалғастырып жаза беретін боламыз. Олардың есім-сойын білу келешек ұрпақтың парызы және міндеті деп білеміз. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар