Жаңалықтар
Медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – маңызды мәселе
- author AR-AY
- 20 қыркүйек, 2023
- 180
Медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – маңызды мәселе
Жуырда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың төрағалығымен өңірдің медициналық ұйымдарының бірінші басшыларымен кеңес өтті.
Жиында «Облыстың денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру» тақырыбында облыс бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров баяндама жасады.
Д.Даниярбекұлы 2026 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасымен және медициналық ұйымның әрбір қызметкері өзінің лауазымдық міндеттерін орындау барысында білуі керек және басшылыққа алуы тиіс кейбір заңнамалық өзгерістермен таныстырды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу тәжірибесі туралы айтты. Медициналық ұйымдардың басшылары ұжымда сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізуге міндетті екенін еске салды.
Мұнан кейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Қайрат Байгебаев медициналық мекемелердің кешенді қызметі туралы ақпаратпен бөлісті.
Баяндамашы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде қабылданып жатқан шаралардың профилактикалық сипаты басты орында екенін жеткізді. Сондай-ақ өңірдің медициналық ұйымдарының басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің теориялық және практикалық аспектілері туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Осылайша комплаенс-қызметтер ұйымның сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқаруды, ұжымның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауын бақылауды, мүдделер қақтығысын реттеуді, корпоративтік этикалық құндылықтарды ілгерілетуді қамтамасыз етуге арналғанын да атап өтті.
Баяндамада квазимемлекеттік секторлардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді анықтау және ішкі талдау, сондай-ақ олардың алдын алу тетіктері егжей-тегжейлі баяндалды.
Терроризмге қарсы орталықтың офицері Айғаным Ахан халықты терроризмге қарсы алғашқы даярлау туралы баяндады. Спикер өз сөзінде террористік қауіптердің заманауи сценарийлері мен оларды азайтуға қабілетті технологиялар туралы айтты.
Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмек ұйымы бөлімінің басшысы Лаура Отарбай баяндады.
Кездесу соңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова халыққа медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға арналған жұмыс бағыттарын белгіледі.
Келесі мақала