Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Фармацевтер Династиясы

Фармацевтер  Династиясы
ашық дереккөз
Фармацевтер Династиясы
Қазақ даласындағы бірлігі бекем, тындырымды тірлігімен халықтың құрметіне бөленген отбасыларды елге таныту, үлгі етудің маңызы зор. Өйткені шаңырағына шаттық ұялаған, іргесі берік отаулар қоғамда отбасы құндылығын дәріптеуге, руханилықты арттыруға үлкен сеп болары сөзсіз. Осы ретте ауданымыздағы өнегелі, абыройлы отбасылардың бірі – Барманқұловтар әулеті десек, артық айтқандық емес. Сондықтан «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жүлдегерлері жайында қалам тербеуді жөн көрдік. Алматбек Барманқұлов пен Данара Барманқұлова – фармацевтер отбасы. Ынтымағы жарасқан жұптың аудан орталығында дәріханалар желісі бар. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етсек деген ойды ең алғаш аналары Күләш Барманқұлова сәтті жүзеге асырып, өзі провизор болып, 1995 жылы Қордайдан дәріхана ашқан. 2010 жылы Күләш Әбуқызы дүниеден өткен соң отбасылық бизнесті жалғастыруды ұлы Алматбек қолына алады. Міне, сол уақыттан бері жары Данара екеуі аналарынан қалған аманатқа қиянат жасамай, жұмысты зор жауапкершілікпен атқарып келеді. Алматбек Сәтбекұлы – Қордай ауылының тумасы болса, жұбайы Данара Меделқызы Керудің қызы. Екеуінің таныстығы мектептен басталған. Отағасы Д.Қонаев атындағы мектепте білім алып жүріп, 9-сыныпты Керу ауылының орта мектебінде оқиды. Болашақ жарын ең алғаш сол жерде кездестіреді. Мектепті бітіріп, Алматбек Барманқұлов Бішкек қаласына «Фармацевт» мамандығына оқуға түседі. Ал Данара Барманқұлова Тоқмақ қаласында музыкалық білім алады. Кейіннен екі жас шаңырақ көтереді. Биыл бұл жарасымды жұптың отау құрғандарына 26 жыл толып отыр. Бүгінде олар үш ұл, бір қыздың ата-анасы. Үлкен сыйластықтан дүниеге келген балаларының бүгінде қанаты қатаюда. Тұңғыштары Бақытжан әжесі мен әкесінің жолын қуып, фармацевтика саласын таңдады. Фармацевт мамандығы бойынша білім алып, қазір отбасылық дәріханаларында жұмыс істейді. Екінші ұлдары Бекжан – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Биотехнология» мамандығы бойынша оқып, тәмамдады. Ал кенже ұлдары Бақдәулет 7-сыныпта, қыздары Аяулым 2-сыныпта оқиды. Парасатты перзент тәрбиелеп өсірген жұп бала тәрбиесіндегі басты нәрсе – дұрыс үлгі көрсете білу деп санайды. – «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана халқымыз. Сондықтан ұл-қызыңның бойына адами ізгі қасиеттерді сіңіру үшін, ең бірінші, өзің үлгі болуың керек, өзіңді тәрбиелеуің керек. Яғни жасы үлкенді құрметтеп, адамгершілікті жоғары қойып, адал еңбек етуді негізгі бағыт етіп алсаң, бала да соны қайталайды, – дейді Данара Барманқұлова. Еңбекте қажырлы, ісіне ұқыпты Алматбек пен Данара балаларына жақсы үлгі көрсете білуде. Бала-шағасының тоқтығы үшін тырбанып адал еңбек етіп келе жатқан әкесі мен анасын көрген ұлдарының ата-ана жолын қууға бекінгені – соның айғағы. Тұңғыштарының өзі қазір отбасылы болып, бір қыздың әкесі атанды. Келіндері Таңшолпан да фармацевт, Бақытжан екеуі университетте бірге оқыған екен. Қазір ара-тұра дәріханаға шығып, жолдасына, ата-енесіне қолғабыс етеді. Фармацевтер династиясының бір күні қалай өтетіні, әсіресе дәрігерлердің түсініксіз қолжазбасын қалай оп-оңай оқитындары бізге қызық болып, жұмыстары жайында айтып берулерін сұрадық. – Біздің жұмыс күніміз күнделікті дәріхананы ашқан соң, ең алдымен, қолымызды жақсылап дезинфекциялап алудан басталады. Содан кейін дәрілерге тапсырыс береміз, жаңадан келген дәрілерді қабылдап аламыз. Келушілерге қызмет көрсетеміз. Жалпы фармацевт – әмбебап дәрігер секілді, ол терапевт те, окулист те бола алуы қажет, яғни жан-жақты болуы шарт. Сонымен бірге қателікке бой алдырмауға тырысамыз. Өйткені фармацевт те дәрігерлер секілді адамның өміріне жауапты. Ал дәрігерлердің қолжазбасын қиналмай түсіну бұл ұзақ жылғы тәжірибенің жемісі, – деп күледі Д.Барманқұлова. Алматбек Барманқұлов – әулеттің тірегі, ал жұбайы Данара үйдің ұйытқысы, ақыл-парасаттың үлгісі. Халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан отбасының ұлт игілігі жолындағы қызметтері әрі қарай да жалғасын таба берсін демекпіз. Барманқұловтар шаңырағының шаттығына селкеу түспесін, құт-берекесі ортаймасын деп тілейміз! Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар