Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК
ашық дереккөз
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті бас ғимаратының мәжіліс залында өңірге инвестиция тарту бойынша инвесторлардың ұсыныстарын қарады. Жиында инвесторлар қолға алған жобалары бойынша атқарған жұмыстарын таныстырып, қолбайлау болып тұрған мәселелерін ортаға салды. – 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша, негізгі капиталға 268,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 108 пайыз болып отыр. Инвестиция тарту – өңір экономикасы үшін ең маңызды мәселе. Облысымыз инвестиция салуға өте қолайлы. Әлеуетіміз зор. Өкінішке қарай, мүмкіндіктерімізді толықтай пайдаланып жатқан жоқпыз, – деген Ербол Шырақпайұлы инвесторлардың қысқаша есебін тыңдады. Бірінші «МХК «ЕвроХим» акционерлік қоғамы бас директорының арнайы жобалар жөніндегі орынбасары Катерина Дьяченко минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың жобасымен таныстырды. – Жобаны орындау тұрғысынан біз қазір химия кешенінің бірінші кезегінің жұмылдыру кезеңінде тұрмыз. Жұмысты бастау үшін бізге 150 қытайлыққа рұқсат алуымыз керек. Біз әкімдіктің көмегіне сенім артамыз. Екі арадағы құқықтық келісімге сай мұны жасауға болады. Сондай-ақ Премьер-министрдің сапарынан кейін әкімдіктің газ құбырын кездесуде айтылған тиісті мерзімінде тартып беруге мүмкіндігі бар деп ойлаймыз. Өз тарапымыздан біз бекітілген кестеге сай жұмыс жүргізіп келеміз. Дайындық жұмыстарын жүргіздік. Қазір біз қойма салып жатырмыз. Келесі жылдың наурыз айынан жұмысты толықтай бастаймыз. Кешеннің бірінші кезеңін 2026 жылдың желтоқсан айында іске қосамыз, – деді К.Дьяченко. Осы орайда аймақ басшысы газдандыру, жұмыс күшімен қамтамасыз ету бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібекке тапсырмалар берді. «YILDIRIM» компаниялар тобының сода күлі мен туынды құралдарын өндіру жөніндегі бас директоры Исмайл Джейлан Сарысу ауданындағы еліміздегі алғашқы сода шығаратын зауыттың жобасын ортаға салды. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Өндірістік қуаттылығы – жылына 500 мың тонна. Келешекте жылына 1,2 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында электр желілері тартылды, су құбырын салу, теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жоспарлануда. Исмаил Джейлан жаңа технологияларды қолдану арқылы қалдықсыз өндіріс іске қосылатынын атап өтті. – Жоба ешқандай кедергісіз кезең-кезеңімен жүзеге асады деп сенемін. Инвесторлар негізінен бизнестерін дамытуға мүмкіндік беретін және тиісті жағдай жасалған жерге барады. Сондықтан біз Жамбыл облысын таңдадық. Біз өзіміздің серіктестерімізге сіздермен ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз, – деді И.Джейлан. Аймақ басшысы аудан, облыс әкімдігі тарапынан қандай көмек қажет екенін сұрады. Өз кезегінде И.Джейлан жұмыс кедергісіз жүргізіліп, әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Ербол Шырақпайұлы жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша жұмысты жеделдетуге жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ жиында «TAS Market» серіктестігінің кремний кластерін құру бойынша инвестициялық жобасы, «Talas Investment Company» серіктестігінің натрий цианидін өндіру зауытының жобасы қаралды. – «Talas Investment Company» кәсіпорны алтын өндіру өнеркәсібінде және басқа да бірқатар өндірісте пайдаланылатын импорттық тауар саналатын химия өнеркәсібінің алғашқы кәсіпорны болып отыр. Қазіргі уақыттағы зауыттың қуаттылығы жылына 15 000 тонна натрий цианидін өндіре алады. Кәсіпорында 557 адам жұмыс істеуде. Компания Ресей Федерациясына, Моңғолия, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттеріне өндірілген өнімнің 30-40 пайызын экспорттауда. Елімізде осы өнімге сұраныстың артуына байланысты кәсіпорын зауыттың екінші кезеңінің құрылысын бастап отыр. Ол іске қосылғанда натрий цианидін өндіру 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда. Жалпы инвестиция көлемі 25,8 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын өз жұмысын бастайтын болса, 300 адам жұмыспен қамтылмақ. Зауыт 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деген «Talas Investment Company» серіктестігі қаржы бөлімінің бастығы Азиз Мұсаев жұмыс барысында ешқандай мәселе жоқ екенін айтты. Ал түркиялық «ALARKO HOLDING» компаниясы ашық жердегі жылыжай кешендеріне, органикалық-минералды тыңайтқыштар өндіру және тұқым шаруашылығы кәсіпорындарына шамамен 650 миллион доллар инвестиция тартуға ниетті. Компанияның вице-президенті Шахин Аббас 1954 жылы негізі қаланған «Alarko Holding» Түркияда орналасқан, әртараптандырылған іскерлік мүдделері бар, танымал, жетекші өнеркәсіптік және инвестициялық конгломерат екендігін атап өтті. Компания құрылыс, энергетика, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым және өндіріс сияқты бірнеше салада жұмыс істеп келеді. Облысымыз сары фосфорға бай екендігін ескерген инвесторлар облыс аумағынан тыңайтқыш зауытын салуға мүдделі. Бұл жоба екі тарапқа да тиімді болмақ. Жалпы кездесу барысында облыс әкіміне барлығы 13 жоба таныстырылды. Әр жобамен жеке-жеке танысып шыққан аймақ басшысы басқосуды қорытындылай келе: «Инвесторлардың жобаларын тиімді жүзеге асыруына барынша жағдай жасауымыз керек. Қандай да бір мәселе туындаса, жедел шешіп беруге күш салуымыз қажет. Егер 1 жоба жүзеге асатын болса, қаншама адам жұмыспен қамтылады. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін сыйлайды. Яғни әр жобаға жанашырлықпен қарау керек. Бірақ инвесторлар да жауапкершілікті ұмытпағаны жөн. Бізге нақты жүзеге асатын, тиімділігі жоғары жобаларды жүзеге асыру маңызды. Бір жобаны қолға алып, жылдар бойы созбалаңға салып жүре беруге болмайды, деп, Қанатбек Қайшыбекұлына, бірқатар басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Сондай-ақ инвесторлармен болатын келесі кездесуге аудан әкімдері де қатысуы керектігін ескертті. Талғат Нұрханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар