ДИПЛОМАТИЯДАҒЫ АЙҚЫНДАУШЫ ҮРДІС
Ғаламдану үдерісі айналамыздағы жойқын өзгерістерді, одан туындаған жаңа қауіп-қатерлерді үдете түсті. Мұндай сын-асулардан кез келген елді тек мықты дипломатия ғана сүріндірмей аман алып шыға алады. Ал дипломатиясы бәсекеге түсу қабілеттілігі тұрғысынан әлсіз елдер неге ұшырайтынын ойлаудың өзі қорқынышты. Мұндай пайымдарға келуге дипломатия саласындағы отыз жылғы тәжірибемде кезіккен екі-үш оқиға түрткі болды.
Ең алғашқысы 1997-2000 жылдары Үндістанда дипломатиялық қызмет етіп жүргенде болды. 1949 жылға дейін мемлекет ретінде өмір сүріп келген Тибет елі дипломатияға қажетті көңіл бөлмегеннің кесірінен ҚХР, Ұлыбритания және бұрынғы КСРО-ның білдірмей бас қосқан үштік кездесулерінің нәтижесінде бір күнде мемлекеттілігінен айырылды. Тибет мұның қалай болғанын өзі де білмей қалған. 2013-2016 жылдары Индонезияда қызметпен болғанымда осы елдің АҚШ-та ұзақ жылдар елшісі болған Дино Пати құрған үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен кезекті бір конференция өтті. Сол жиында Дино Пати сөзін «Неліктен Индонезия бес ғасыр бөтен елдің отары болды?» деген сұрақтан бастап, «Өйткені индонезиялықтардың өз дипломатиясы болмады» деген жауап қатумен өрбітті.
Дипломатияға жеткілікті түрде көңіл бөлмеудің зардабы ұлт тағдырына орасан апат әкелгенін Махамбеттің 200 жылдығына орай Астанада өткен іс-шара кезінде абыз Әбіш Кекілбаевтың сөйлеген сөзінен аңғардым. Ол кісі бір сағаттың ішінде адамзаттың Африкадағы дамуынан бастаған әңгімесін Қаройға алып келіп тіреді де, Ресей империясының қолданған саяси технологиясының салдарынан дипломатиясы әлжуаз қазақ елінің, соның ішінде Жәңгір ханның әуелі қалай биліктен айырылғаны, соңынан оның бес баласының екі жыл ішінде белгісіз себеппен өмірмен қоштасқанымен аяқтады.
Өткен тарихты зерттеп, зерделемесек, ел басына түскен қасіреттің себеп-салдарына үңіліп, сабақ ала алмасақ, одан қорытынды жасап, көңілге тоқи алмасақ, қайғының одан бетер қайталанбасына кім кепіл? «Кімде-кім алыстағыны білмесе, ол жақындағыны да білмейді, бөтендікін білмей, өзіңдікін де білмейсің» дейтін шығыс даналығына сүйенсек, 60-жылдары басталған ғылыми-техникалық немесе басқаша айтқанда, ақпараттық революция ғаламданудың катализаторына айналған бүгінгідей заманда болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін дипломатиясы ең күшті елдердің игі тәжірибесін үнемі електен өткізіп отыруға міндеттіміз.
Зер салып қарасақ, заман ағымына қарай бүгінгі дипломатияның айла-әдістері сан түрленіп, жаңа сын-қатерлерді туындатты. Бүгінде шартарапқа таралған БАҚ, желілер мен жүйелер әлеуметтік пен символдық қатынастардың шиырланып, жергілікті болсын, алыс-қашықтағы болсын оқиғалардың бір-біріне ықпал етуіне алып келді. Нәтижесінде халықаралық қатынастардағы іс жүргізудің жаңа тәсілдерін қамтитын дипломатияның жаңа түрлері жиі қолданысқа түсе бастады. Атап айтсақ, дипломатия экономикалық, мәдениет, қоғамдық, парадипломатия, электрондық, желілік, диаспоралық болып бөлінді.
Публикалық немесе қоғамдық дипломатия шетелдік қоғамдық санада оң образ қалыптастыру көмегімен өз мемлекет мүддесін алға жылжытатынын көреміз. Ол қоғаммен диалогке елдің өкілдерін ғана емес, сондай-ақ бизнес-қауым, үкіметтік және үкіметтік емес, ғылыми және мәдени ұйымдар өкілдерін, басқа да алуан түрлі санаттағы азаматтарды диалогке тартады. «Жаңа публикалық дипломатия» деген атпен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан дипломатияның бұл түрі көбіне өзін желілік ортада көрсетіп отыр.
Электрондық дипломатияға келсек, оның түрі сан алуан. Оларға «твипломатия» (twiplomacy), әлеуметтік медиа дипломатиясы (social media diplomacy), интернет дипломатия (Internet-diplomacy) және тағы басқалар кіреді. Сонымен қатар бейнеконференциялар мен электрондық келіссөздер жүйесі барған сайын белсенді пайдаланылып келеді. Айталық, Ресей СІМ-нің «Вконтакте», «Facebook» әлеуметтік желілерде, сондай-ақ «Twitter», «YouTube» және «Flicr» сайттарында ресми сайттар мен аккаунттары бар. Электрондық дипломатия ақпарат тарату мен алмасуды қамтамасыз ететін электрондық құралдар көмегімен жүзеге асады. Яғни мақсат-мүдделерге қол жеткізуде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың рөлі орасан зор. Ақпараттық ортаға және дипломатияға жаңа технологияларды ендіруді икемдей білу күн тәртібіне шыққалы бергі бұл міндеттерді шешу үшін АҚШ мемлекеттік департаментінде «XXI ғасырдағы мемлекетті басқару өнері», Ұлыбританияның Форин-офисінде «Цифрлық дипломатия» және Канададағы «Ашық дипломатия» сынды тиісті бағдарламалар қабылданды. Көптеген арнаулы әдебиет пен электрондық басылымды, блок пен интернет ресурсты өзіне сіңіре отырып, ғаламдық коммуникация заманауи әлемнің жақсы сипатын бере алатындықтан электрондық дипломатияны публикалық дипломатияның құрамдас бөлігі деп қарайтындар да кездеседі.
Парадипломатия немесе өңірлік дипломатия түрлі ел өңірлерінің халықаралық ұйымдарда және басқа да бірлестіктерге, сондай-ақ ынтымақтастықтың шекаралық, өңіраралық және транс-өңіраралық алуан түрлеріне қатысуларымен байланысты туындайды. Мұндай дипломатияның негізін географиялық жағдайлар, экономикалық даму, сондай-ақ ресурстармен, технологиялармен, тәжірибемен, кәсіпқой кадрлармен алмасу мүмкіндіктері ұқсастығымен айқындалған фактор құрайды. Мысалы, мұндай дипломатияны ТМД елдері, Ресей және еуропалық өңірлерден көре аламыз.
Желілік дипломатия термині іс жүргізудегі жаңа қағидатты білдіру үшін ресейлік сыртқы саясатта қолданылады. Айталық, бұрын негізгі дәнекерлік контактілер жоғары немесе ұйымдар деңгейінде жүргізілсе, енді түрлі ел министрліктері мен ведомстволары бір-бірлерімен тікелей және нақты бағдарламалар бойынша байланысқа түсе алады. Алайда желілік дипломатияны басқаша түсіну жолы (Net diplomacy) да бар. Оның электрондық дипломатиядан айырмашылығы – заманауи коммуникация құралдарын жай пайдаланып қана қоймайды, сонымен қатар орын алған оқиғаға қатысты белгілі бір көзқарас пен құндылықтарды әлем өңірлері мен түрлі ел үшін әртүрлі тілде жайып, тарататын сайттар, жаңалықтар мен басқа да электрондық ресурстар құру.
Қазіргі әлемде желілік өзара ықпалдасу алуан факторлардың, соның ішінде мемлекеттердің, үкіметтігі бар, үкіметтік емесі бар халықаралық ұйымдардың, трансұлттық корпорациялардың, сондай-ақ түрлі әлеуметтік индивид пен топтың арасында жүріп жатыр. Сөйте тұра, зерттеулерде «өзара ықпалдасу желісі» ұғымы орнына «саяси желі» ұғымы жиі кездеседі. Бұл ұғымның екі мәні бар: 1) «policy network» – стратегия, бағыт-бағдар, курс, іс-әрекет жоспары секілді кең ұғымдағы саяси желі; 2) «political network» – тек саясат саласына қатысы бар тар ұғымдағы саяси желі.
«Саяси желі» терминінің қос мәні де қазіргі халықаралық әлемдегі болып жатқан сан алуан үдеріс пен заңдылықты толыққанды көрсете алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, желілік өзара ықпалдасу тек саясатқа емес, сондай-ақ қоғамдық өмірдің барлық саласына да қатысты. Екіншіден, желіге қатысушылардың құрамын, олардың ерекшеліктерін, олар бағалайтын құндылықтар мен көздейтін мүдделерді санаққа алмай барлық назарды тек үдеріске жиынтықтау дұрыс болмас еді. Үшіншіден, желідегі байланыс көпшілік жағдайда қоғамдық өмірдің екі және одан да көп саласын қамтиды және кешенді сипатқа ие. Желілік өзара ықпалдасуға түрлі институттың, топтың және қауымның өкілдері қатысатындықта, расында, ол әлеуметтік желі саналады.
Қалыптасып жатқан жаңа ортадағы дипломатия бағыт-бағдарының құндылықтарына келсек, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, тіпті халықаралық байланысқа түскен жеке адамдар арасындағы желілік өзара ықпалдасулар ғана келесі онжылдықта халықаралық қатынас дамуының айқындаушы факторына айналмақ.
Мұрсал-Нәби ТҰЯҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы дипломатиялық
қызметінің еңбек сіңірген қайраткері
Келесі мақала