«Билер кеңесі – абыздыққа жетелейтін орта»
Біз ат-шапанын емес, ақсақалын сыйлаған халықпыз. Сондықтан да халқымыз «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп үлкендерді тыңдауды, қарияларды қадірлеуді өсиет етіп айтып отырған. Қуантатыны, қазір де сол үрдіс жойылған жоқ. Арамызда ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз болып, бір ауылды сөзіне ұйытып, халықты береке-бірлікке шақырып жүретін ардагерлеріміз аз емес.
Кеңестік кезеңде де аттан түспей еңбек етіп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да облысымыздың, еліміздің дамуына аянбай тер төгіп, талай қызметті абыройлы атқарған Оңласын Есіркеповті сол қатарға жатқызуға болады. Бар ғұмырын елдің игілігіне арнаған Оңласын Қарабайұлы бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, жас толқынға үлгі-өнегесін көрсетіп, ақылын айтып, ел ішіндегі дауға араласып, кешегі Төле билер салған сара жолмен дара тартып келе жатқан тұлға. Бүгінгі таңда облыстық билер кеңесінің төрағасы ретінде де абыройлы жұмыс істеп келеді. Біз жуырда мерейтой иесін арнайы құттықтай барып, ақсақалмен аз-кем әңгіме-дүкен құрған болатынбыз.
– Құрметті Оңласын Қарабайұлы, сексеннің сеңгіріне шыққаныңыз құтты болсын! Дәл осы жасыңызда артыңызға қарасаңыз не көресіз?
– «Япырмай, сергектік пе, еркектік пе,
Ойлантпай кеткен жастық келместікке.
Тойладық бірге оқыған кенші доспен,
Сексеннің сеңгірінде кездестік те» деп Кәкімбек Салықов жырға қосқандай, біз де сексенге келіп, ел мен жұрттың тізгінін енді жастар алса қалай болар екен деген оймен оңашада отыратынымыз бар. Азды-көпті ел алдында қызмет істедік. Сондықтан артымызға қарасақ, «салған жолымыз дұрыс болды ма, қате болды ма?» деген көзқараспен ғана қараймыз. Ал жолымыздың дұрыс-бұрыстығын да бүгінгі жастар белгілейді. Халық бағалайды. Егер жастар біздің жолымызға түсіп жатса, онда жолымыздың абыройлы болғаны деп ойлаймын. Құдайға шүкір, ел ісіне араласып жүрген жастар іздеп келіп, ақыл-кеңес сұрап жатады. Мені сол қуантады.
– Қазақ қарттарды ақсақал, абыз, қария, шал деп бөледі. Сіз өзіңіздің қатарластарыңызды қай сатыға жатқызатын едіңіз?
– Иә, қарттықтың да өзінің деңгейі болады. Қазіргі қатарластарыма айтатын сыным жоқ. Қалай болмасын қарияны сыйлаған халықпыз. Сондықтан қарттардың бары жақсы. Ал енді олардың абыздық дәрежеге көтерілуі – бөлек әңгіме. Мысалы, облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесі ақсақалдық, абыздық жолға бастайтын орта деп айтатын едім. Өйткені біз онда ел ісін талқылаймыз. Сол арқылы қоғамға үлгі көрсетеміз. Жұрт ішіндегі дау-жанжалды шешеміз. Мұның бәрі ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар болғандықтан кеңес құрамындағы ақсақалдарды қарапайым қарттардың қатарына қоса алмаймын. Ал абыз, би деген атауларды ел мен жұрт өзі береді. Ол үшін істеген ісің дұрыс, жүрген жолың таза болуы керек деп ойлаймын. Дейтұрғанмен де әр заманның өзінің адамы болады. Біз осы заманға тұспа-тұс келдік. Әрі өзіміздің мойнымыздағы міндетімізді барынша адал атқаруға тырыстық. Әлі де еліміздің ертеңі үшін атқарылатын жұмыстар аз емес. Осы уақытқа дейін облысымыздың өркендеуіне бір кісідей атсалыстық. Алдағы уақытта да аймағымыздың алға қарай дамуына үлес қосу керек болса, әрине, біз дайынбыз. Ал жастарға айтарым, ешқашан ерінбеу қажет. Адамның қарттықты қалай қарсы алуы – жас күнінде жасаған еңбегімен бағаланатынын ұмытпауы тиіс. Сондықтан өз міндетіңді адал атқарсаң, біреудің көз жасына қалмасаң, елдің нанын емес, қамын жесең, сен айтып отырған ақсақалдық, абыздық деген сол.
– Қазіргі қоғам қартты сыйлау деген ұғымнан алыстап бара жатқан жоқ па?
– Қазір жастардың санасы ояу. Бірақ ізімізді басып келе жатқан еліміздің ертеңгі үміттерінде өмірдің заңдылығынан гөрі қоғамның заңына бағыну көбірек. Сондықтан да олар қарттарды сыйласа да белгілі бір деңгейде, өз шеңберінде ғана құрмет көрсеткенді жөн санайды. Бірақ жастардың бәрі ондай емес. Арасында ала-құла болып тұратыны өмір заңдылығы ғой. Алайда қарттарға көмектесу, олармен әңгімелесу деген сияқты ұғымдар азайып бара жатқаны жасырын емес. Мен ешқашан жастарды кінәламаймын. Бірақ біздің қоғамдағы кейбір қараусыз қалған қарттарды көргенде жаным ашитыны рас.
– Кейде «апа», «ата» деп атасақ ренжіп қалатын үлкен кісілер де бар. Бұл үрдіс неден деп ойлайсыз? Бұл өз жастарынан ұялу ма? Әлде өз орнын білмеу ме?
– Сен қанша жерден әулие болсаң да бәрібір қарттық жеңеді. Өзім ата болудан арланған емеспін. Өзімнен кейінгі жастарға қолымнан келгенше үлгі-өнегемді көрсетуге тырысып келемін. Өздерін әлі де ата-әже сезіне алмай жүрген қатарластарым туралы ештеңе айта алмаймын. Алайда әркім өзінің орнын білгені жөн деп санаймын. Мысалы, тойда үлкендердің жөн-жосықсыз билегені қандай көзге оғаш көрінеді. Ал немересін алдына алып, ақыл айтып отырған үлкен адам қандай жарасымды, әдемі көрінеді. Дәл сондай, яғни адамның жасына қарай өзінің орнын білуі де маңызды.
– Қазақ отбасыларының басты құндылығы неде деп ойлайсыз?
– Береке-бірлік болмаған жерде толыққанды отбасы да, құндылық та болмайды. Сондықтан қазақ отбасыларының басты құндылығының байлауы да сол ынтымақ пен берекеден бастау алады. Бұрын аналарымыз әкеміз соғысқа кетсе де бес-алты баланы бір өзі бір үйде асырап өсірді ғой. Дәл сол сияқты отбасылық құндылық бүгінде көп отбасында жоқ. Себебі біз бір-бірімізбен әңгімелесе алмаймыз. Тыңдай білмейміз. Ақылдасып жұмыс істемейміз. Бар назарымыз қолдағы телефонға ауған ғасырда адамды тыңдау азайып барады. Сондықтан қазақ бір-біріне деген бауырмалдықты, туыстық қарым-қатынасты түзеу үшін әркім өзінің отбасындағы тәрбиені дұрыстау керек. Сонда ғана кіші үлкенді тыңдайтын, әйел ерді бас ие көретін баяғы дәстүрімізге ораламыз.
– «Қазір ертегі айтатын әжелер, ақыл айтатын ақсақалдар азайды» деген пікірлерді жиі естіп жүрміз. Сіздіңше, ертегі айтатын әжелер азайды ма, әлде тыңдайтын бала азайды ма?
– Бүгінде әжеңіз де, балаңыз да әлеуметтік желіге байланған. Баланы телефон арқылы жұбатамыз, сол арқылы күлдіріп, сол арқылы қуандырамыз. Бұл да бір өтпелі кезең шығар деп ойлаймын. Адамдар рухани құндылыққа назар аударған тұста бәрі қалпына келетін болады. Бастысы жастардың жалыны сөнбесін. Оларды біздің ендігі болашағымызды жасайтын ғаламат күш деп бағалаймын.
– Сіз облыстық билер кеңесінің төрағасысыз. Бұрынғы билер мен қазіргі билердің айырмашылығы неде?
– Бұрынғы билер тұтас қоғамның мәселесін, ел мен елдің арасындағы дау-жанжалдарды арнайы жарғымен жазалап, шешімін тауып отырды. Бүгінгі билер де сол үлгіде жұмыс істеуге тырысады. Алайда оның өзінің жоба-жоспары, құрылымы, жұмыс істеу жүйесі бар. Біз ел ішіне іріткі салуға, ел мен елдің араздасуына барынша жол бермеуге тырысамыз. Әрі отбасылық дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей, орта жолдан шешуге күш саламыз. Сонымен қатар елдің береке-бірлігін арттыруға, ынтымақтастыққа ұйытқы болуға жұмыс істейміз.
– Жастық шағыңызда әттеген-ай дейтін өкінішіңіз бар ма?
– Менің жастық шағыма өкінішім жоқ. Азды-көпті қызмет істедік. Қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, қалалық партия комитетінің бюро мүшесі болдым. Әділетсіздікке жаным төзбейтін адаммын. Аудандық халықтық комитетінің төрағасы болып тұрған кезімде суперфосфат зауытының мейманасы тасыған директорын орнына қойғаным бар. Ал еліміз егемендігін алғаннан кейін облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитет төрағасы, облыс әкімі аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыс бойынша департаментінің директоры болып қызмет атқарып, қандай жерде жүрсем де елдің сөзін сөйлеуден танған емеспін. Ташкенттегі «Шымыр ата» кесенесінің, «Байзақ датқа» кесенесі мен ескерткішінің бой көтеруіне тікелей ықпал еттім. Мұның бәрін мен неге айтып отырмын? Ертеңгі ұрпақ сол бабаларымыздың қайда екенін біліп, олардың ел игілігі үшін істеген жұмыстарын санасына сіңіріп жүрсін деп айтып отырмын. Сол арқылы біз ұлдарымызды ұлтшыл етіп тәрбиелей аламыз. Ал бүгінде жасым сексенге келсе де ел болашағы үшін, жастарымыздың келешегі үшін шамамның келгенінше жұмыс істеп келемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала