Денсаулық сақтау саласында инфрақұрылым жақсарып КЕЛЕДІ
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелерге айрықша көңіл бөлінген. Бағдарламада қызмет көрсету сапасын жақсарту, маман тапшылығын жою, қажетті барлық ресурстармен қамтамасыз ету сынды халықты толғандырған түйткілді мәселелердің басым бөлігі қамтылған.
Сайлауалды бағдарламада: «Қоғамда денсаулық сақтау жүйесіне қатысты шағым көбейіп отыр. Қазақстандағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жетілдіруді талап етеді. Медициналық сақтандыру қорының жұмысында тәртіп орнатылады. Кәсіби дәрігерлер мен денсаулық сақтау мамандары бүгінде үлкен сұранысқа ие. Біз денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайтуға ұмтыламыз. Медицина қызметкерлерінің еңбегі лайықты түрде бағалануы керек.
Медицина қызметкерлері ең озық медициналық көмек көрсету үшін қажетті барлық ресурстармен қамтамасыз етілуі керек. Отандық медицина пациенттің мүддесіне жұмыс істеп, біз бен болашақ ұрпақ үшін денсаулық кепілі болады.
Тағы бір басымдық – ауыл медицинасы. Көптеген ауыл тұрғыны медициналық көмек алу үшін әлі күнге дейін ондаған, жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр. Ауылдағы жас маманға көтерме жәрдемақыны 10 миллион теңгеге дейін арттыру қамтамасыз етіледі. Бұл ауылдағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді» деп, тайға таңба басқандай жазылған.
Жалпы тәуелсіздік жылдарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «денсаулық сақтау саласында бірқатар реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес». Сондықтан да Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа Жолдауында медицина саласына арнайы тоқталады. Мәселен, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Президент: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды», деп атап өткен еді.
Бүгінде Президент пәрменімен саланы өркендету жұмыстары бүкіл елімізде ерекше қарқынмен жүргізіліп жатыр. Облысымызда да Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бағытында бас бармақпен бағаларлықтай жұмыстар атқарылып жатқанына жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында көз жеткізіп қайттық. Жиынды аталған кеңестің төрағасы Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізіп отырды.
Ал күн тәртібіндегі мәселе – «Ауылдық амбулаториялар мен ауруханалардың жай-күйі және қазіргі заманғы компьютерлік томографиямен, рентген аппараттарымен жабдықтау барысы туралы» облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова баяндама жасады. Басқарма басшысы өзі жетекшілік ететін салада атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы жоспарлар жайында жан-жақты айтып берді. Жанар Мықтыбекқызының сөзіне сүйенсек, облыс бойынша 1,2 миллион халыққа 389 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде.
Президент жоғарыда аталған Жолдауында «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет», деген болатын. Осы ретте өңірімізде саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 3,3 миллиард теңгеге 20 жоба басталыпты. Сонымен қатар 1,5 миллиард теңгеге 10 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланып отыр екен.
Бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 33219 мың теңгеге Меркі ауданындағы «Достық» дәрігерлік амбулаториясының ғимараты күрделі жөндеуден өткен.
– Соңғы 3 жылда жергілікті бюджет есебінен 9,1 миллиард теңгеге материалдық техникалық базаны нығайту мақсатында медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдар, атап айтқанда, 1 ультрадыбыстық және рентгенмен басқарылатын соққы-толқынды литотрипсия жүйе, 4 МРТ, 8 КТ, 5 УДЗ аппараты алынды. Сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен 1 сызықтық үдеткіш сатып алынды. Оған қосымша облыстық жедел жәрдем стансасына қаржы лизингі шарттарымен 12 санитариялық автокөлік сатып алынды. 2023 жылы барлығы 20 санитарлық автокөлік беріледі.
Жалпы биыл 3,2 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. 2023 жылға арналған жоспар бойынша Ұлттық жоба арқылы 891 миллион теңге және жалпы сипаттағы трансферттен 1 552 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынуда.
Облыс бойынша техникамен жабдықталу деңгейі 2020 жылы 83,1, 2021 жылы 88,82, 2022 жылы 83,10, 2023 жылы 90,65 пайызды құрады. Нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 91,96 пайызды құрап, 10,7 пайызға өсті, – деген Жанар Мықтыбекқызы мұнан кейін жарақтандырудағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
Айтуынша, облысымызда халық санының өсуіне байланысты стационарда көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің спектрін кеңейту мәселесі өзекті екен. Қолданыстағы облыстық аурухана, қолда бар алаңдар физикалық және моральдік жағынан ескірген. Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін медициналық жабдықтарды орналастыруға мүмкіндік бермейтін көрінеді.
Облыстық мәслихатқа 2023 жылы медициналық ұйымдарға 1 006 компьютер алу үшін 400 миллион теңгеге өтінім жинақталып, ұсынылыпты. Басқарма басшысы компьютерлермен жарақтандыруды саладағы қазіргі күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі ретінде атап өтті.
Келесі кезекте білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Сағындық Ордабеков сөз алып, саладағы мәселелерді шешуге бағытталған ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Басқосуға қатысқандар медицина саласындағы мәселелерді жан-жақты талқылай келе, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес бірқатар шешім қабылдады. Негізгілерін атап өтер болсақ, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына ауылдық амбулаториялар мен ауруханалардағы маман тапшылығын «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында жою, білікті кадрларды елді мекендерге тарту үшін медицина кадрын даярлауға жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысын арттыру тапсырылды. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде қызмет ететін ауруханалар мен емханалар сапалы медицинамен және медициналық техникамен толық жабдықталуы бойынша Жол картасын әзірлеу, тұрғындарға толық әрі сапалы және шұғыл көмек көрсету үшін аудандық ауруханаларға жедел жәрдем бөлімшелерін қайтарып, ауылдарда кіші стансалар ұйымдастыру және басқа да мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар берілді.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала