«Жасыл ел» еңбек жасағы ел ішінде
Бүгінде мемлекет жастарға барынша қолдау көрсетуде. Мәселен, өңір өрендерінің арасында мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермей жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз қаржы алғандар өз ісін бастау арқылы жас кәсіпкер атануда. Сол секілді елімізде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қолдау көрсету, жастарды кәсіпкерлік негізде оқыту, техникалық немесе жұмысшы мамандығы тапшылығын жою үшін оқыту курсынан өткізу сынды жүзеге асырылып жатқан қолдау түрі көп. Бұдан бөлек жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту, оның ішінде студент жастарды еңбекке баули отырып, олардың табысты болуына жағдай жасаудың өз артықшылығы бар.
Өңірде 1 237 өрен маусымдық жұмысқа тартылған
Қазіргідей жаhандану заманында ұлт болашағы –
жастардың өмірден өзінің лайықты орнын табуына олардың білім ала жүріп, қоғамдық жұмысқа немесе еңбекке араласуы шешуші рөл атқаратыны белгілі. Себебі «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген сөз текке айтылмаған. Бойға ақыл-білім, тәрбие сіңірумен қатар, жасынан маңдай терді төгу арқылы табыс табудың, еңбекпен тапқан нанның қадірі қандай болатынын біліп өскен жастардан жамандық шықпайды. Сол үшін де мемлекет жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде. Осы арқылы олар өмірде көргені мен түйгенін, жинаған тәжірибесін, игерген білімін ел мүддесіне жұмсауда пайдаға асыра алады.
Өңірде де бірнеше жылдан бері сан мыңдаған жасты еңбекке баулып келе жатқан, олардың өз күшімен табыс табуына мүмкіндік беріп отырған елдік деңгейдегі үлкен жобаның бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағы. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, осы жылы «Жасыл ел» жобасына жергілікті бюджет есебінен 136,2 миллион теңге қаржы бөлініпті. Аталған жоба аясында 1 900 адамды маусымдық жұмыспен қамту жоспарланса, қазіргі таңда «Жасыл ел» еңбек жасақтары өз жұмысын ырғақты жүзеге асыруда. Жалпы Тараз қаласы мен аудандарда 1 237 жас маусымдық жұмыстарға тартылған. Ол үшін бөлінген қаражаттан 92,9 миллион теңге жұмсалған.
– Маусымдық жұмысқа тартылған жастардың ішінде 172-сі уақытша бос жүрген NEET санатындағы жастар болса, 17-сі пробация тізімінде тұрғандар. Маусымдық жұмыс барысында 450 мың шаршы метр аумақ тазаланып, 214,9 тонна күл-қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 670 қураған ағаш кесіліп, 9 565 тал-дарақ көшеттері отырғызылды.
Басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 100 жас, Тараз қаласында 233 өрен еңбекке тартылса, оның 5-еуі NEET санатындағы, яғни не жұмыста, не оқуда жоқ азаматтар. Байзақ ауданында да 45 адамның 35-і NEET санатындағылар. Жамбыл ауданында 100 жас еңбекке араласса, оның сегізі NEET санатына жатады. Жуалы ауданында 50 жастың 28-інің санаты осындай. Қордай ауданында маусымдық жұмысқа тартылған 165 азаматтың 35-і NEET, 4-еуі пробация тізімінде тұрғандар. Меркі ауданында 89 жастың 7-еуі, Мойынқұм ауданында 77 адамның 23-і NEET санатында болса, 3-еуі пробация тізімінде тұрған жастар. Сарысу ауданында 100 адамның 16-сы NEET, 5-еуі пробация тізімінде тұрғандар есебінде. Т.Рысқұлов ауданында 45 адамның 5-еуі NEET, 2-еуі пробация тізімінде, Талас ауданында 103 азаматтың 9-ы NEET, 3-еуі пробация тізімінде, Шу ауданында 59 өреннің 1-еуі NEET санатындағылар. Шу қаласында 76 жас маусымдық жұмысқа тартылды, – дейді Жомарт Дүйсенұлы.
Таразда да толайым тірлік атқарылған
Осы жылы «Жасыл ел» еңбек жасағы Тараз қаласында өз жұмысын наурыз айында бастаған. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын І, ІІ, ІІІ, ІV тоқсан бойы ұйымдастыруға бюджет есебінен 26 827 000 теңге бөлініп, 350 жасты уақытша жұмыспен қамту көзделген екен. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы жыл соңына дейін 8 ай, яғни наурыз айынан бастап қазан айына дейін жалғасады.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында наурыз айында 50 адам, сәуірде 60, мамырда 33, маусымда 55, шілдеде 35, яғни барлығы 233 жас маусымдық жұмыспен қамтылыпты. Оның 5-еуі NEET санатындағы жастар екен. Күніне 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылған жастардың бір айлық жалақысы 70 000 теңгені құраса, қолына нақты 63 782 теңге алатын көрінеді.
– «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Қ.Рысқұлбеков, «Жастар» аллеясы, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы күл-қоқыстар шығарылып, бүгінгі таңда «Қарасу-2» каналының жағалауына тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Биыл 22-29 сәуір күндері «Таза қала – таза жағалау» атты акция аясында қала жастары мен волонтерлер «Қарасу» (5) ықшамауданындағы «Әулиебастау» бұлағы маңын күл-қоқыстан арылтып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Аталған акцияға 200-ден астам өрен қатысты.
17 маусым күні «Қарасу-2» каналының бойында өткен «Табиғатым – махаббатым» атты эко акция аясында «Жасыл ел» еңбек жасақтары сол маңның күл-қоқысын шығарып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Аталған акцияға 200-ге жуық жас қатысты.
8 тамыз күні «Жасыл ел» еңбек жасақтары және белсенді жастардың қатысуымен «Жастар және таза әлем» атты акция өткізілді. Акцияның негізгі мақсаты – қаламыздың тазалығын сақтау және Тараз қаласының тұрғындарының арасында экологиялық сауаттылықты арттыру. Осы мақсатта Тараз қаласының ирригациялық жүйесі, оның ішінде ең негізгі бірнеше каналдағы су ағысына кедергі келтіріп тұрған қамыстарды ору, суды бөгейтін тал-дарақтың сынық бұтағы мен қоқыстарды, шөп-шаламды тазалап, канал жағалауын, кей жағдайда оның табанын қыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Қарасу-2» каналын түгелдей тазалау жоспарланып, іс-шараға 100-ден астам қала тұрғындары мен жастар атсалысты. Жастар қоқыс шығаруға, айналаны сыпырып, ретке келтіруге бар күшін салды.
«Жастар және таза әлем» акциясы су ресурстарын физикалық тазартуға әкеліп қана қоймай, сонымен қатар жастар мен қала тұрғындарын экологиялық жауапкершілікке ынталандырып, болашақта экологиялық бастамалардың негізін құруға мүмкіндік береді. Бұл Тараз тұрғындары үшін таза әрі салауатты ортаны құру жолындағы маңызды қадам болып есептеледі, – дейді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов.
Шаһар шырайының қаншалықты деңгейде екені заманауи ғимараттар мен еңселі үй, асфальт төселген түзу көше және жарықшамдардан бөлек, сондай-ақ оның тазалығымен де өлшенетіні белгілі. Осы іске жастарды бір кісідей жұмылдырып жүрген өреннің бірі – Ерхан Мелдебек. Ол Жамбыл ауданының Бесағаш ауылында туып өскен. Ол студент емес, бірақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласу арқылы көзге түскен жас. «Жібек жолы жастары» волонтерлік ұйымының көшбасшысы ретінде оның атсалыспаған көпке ортақ ісі жоқ.
– Қазіргі таңда Тараз қаласында жұмыс істеп жатқан «Жасыл ел» еңбек жасағаның сапында 30-ға жуық жас бар. Жұмыс аптаның 6 күні деп белгіленген. Жаз айларында жұмыс уақыты сағат күндізгі 9:00 мен 18:00 аралығында болса, күз, яғни оқу маусымында сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін ғана жалғасады. Одан кейінгі ауысымда жұмыс түскі сағат 14:00-де басталып, 18:00-де аяқталады. Анығын айтқанда, студенттер сабаққа шыққанда жұмыс екі ауысыммен жүргізіледі. Бұл олардың сабақ оқуына кедергі келтірілмес үшін жасалған жағдай.
«Жасыл ел» еңбек жасағының жасақ басшысы болғандықтан менің міндетім – еңбек дүбіріне араласып, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген өрендердің жай-күйіне, денсаулығына, қауіпсіздігіне мән беру, жұмыстың сапалы және тиянақты атқарылуына, жастардың сақтық шараларының сақтаулына және тағы басқа жағдайларға жауап беріп, оларға бас-көз болу.
«Жасыл ел» еңбек жасағына ай сайын тартылатын адам саны 30 бен 50-ге дейін барады. Олардың шамамен 40-50 пайызы жұмысын айдан айға жалғастырып келеді.
Үйі алыс студенттер жұмысқа өздері оқитын оқу орындарының жатақханасынан қатынайды. Оқу маусымында олар тек жарты ауысым ғана жұмыс жасайды. Мысалы, түске дейін және түстен кейін. Ал оқудан тыс уақытта жасақ құрамындағы еңбекші жастар түскі ас кезінде 1 жарым сағат берілетін үзіліс уақытында жақын жерде тұратындар үйлеріне барып келеді. Ал ата-анасы шалғай елді мекенде тұратын, мұнда туысы жоқтар түскі асты өздерімен бірге ала келеді. Олардың қатарында мен де бармын. Мына тұрған Бесағаш ауылына түскі ас ішу үшін бір жарым сағатта барып келе алмайсың, уақыт жетпейді. Сондықтан іс басында түстенген тиімді.
«Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары тек тазалық жұмыстарын атқарып ғана қоймай, сонымен қатар көптеген қызықты іс-шаралар, ойын-сауық, спорттық жарыстар жастарға керемет орта сыйлайды. Сенбі күндері акустикалық кеш, тимбилдинг, сұрақ-жауап секілді басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Мен оқымағанмын. Бірақ волонтерлік жұмыстардан тыс қалған емеспін. Мұндай қоғамдық жұмыс түрімен тұрақты айналысып келемін десем де болады. Ол үшін жалақы алмаймын. Дегенмен менің табыс көзім тек – «Жасыл ел» еңбек жасағы, – дейді Ерхан Сенбекұлы.
Жұмыс істеуді жатсынбайды
«Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында табыс тауып жүрген бұрымдының бірі – Шарбану Жамбылқызы. Тараз қаласы, Көлтоған ықшамауданының тұрғыны 17 жаста. Ол Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 3-курсында оқиды. Студент тапқан табысынан артылғанын ата-анасына беретінін айтады.
– «Жасыл ел» еңбек жасағына 2-курсты аяқтаған кезден бастап қосылдым. Содан бері жұмыс істеп жатқаныма 4 ай болды. Қазіргі жұмысым осы жасақтағы жұмысшылардың басын қосып, жұмыстың уақытылы әрі тиянақты атқарылып, жүріп өткен жеріміздің таза болуын қадағалау. Өзім де шөп жұлу, арық-атызды тазалау секілді жұмыстарға саптағы студенттермен бірдей атсалысамын. Еңбекақымыз айына 63 мың теңгенің үстінде. Менің ойымша, қазіргі заманда студент жастар үшін өте тиімді әрі ыңғайлы баға деп ойлаймын. Себебі оқу кезінде еңбек кестесін сабағыңа қарай ыңғайлап, жұмысқа сабаққа дейін немесе сабақтан кейін барсаң да болады. Біз өзіміз істеп жатқан жұмысымыздың нәтижесіне қарап қуанамыз және ісімізден ләззат табамыз. Өйткені біз біреудің жұмысы емес, қоршаған ортаға, қоғамға ортақ іске пайда тигізіп жатырмыз. Табиғатымыз да таза және жастарымыз да бос уақытын пайдалы іске арнайды.
Жұмысқа барып-келу, түскі ас шығыны барлығы өз есебімізден жүргізіледі. Соның өзінде қалтамызда қаржы қалады. Біз үйде 7 адам тұрамыз. Ата-анам және 5 бала. Оның ішінде мен перзенттердің тұңғышымын. Тапқан табысым тек өзіме жұмсалады. Себебі күнделікті жүріс-тұрысым, киім-кешек сияқты қажеттілік үшін ата-анама салмақ салмай өз қаражатымды жұмсаймын. Дегенмен анамның қолына табысымның ай сайын 10 пайызын беріп тұрамын, – дейді ол.
Шу ауданының шырайы кірген
Осы орайда біз «Жасыл ел» еңбек жасағы Шу ауданында қандай жұмыстар атқарып жатқанына назар аудардық. Себебі облыс орталығы – Тараз қаласымен қатар, өңірде он аудан болса, соның ішінде тек Шу ауданында ғана екі бірдей жастар ресурстық орталығы бар. Оның бірі – Шу аудандық жастар ресурстық орталығы болса, екіншісі – Шу қалалық жастар ресурстық орталығы. Шу ауданы жастар ресурстық орталығының NEET санатындағы жастар және жас отбасылармен жұмыс бөлімшесінің басшысы Нұрзат Қилыбай бізге атқарылған жұмыстар ретін баяндап берген еді.
– Қазіргі таңда ауданда жастарды тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтуға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағының маусымдық жұмысы. Аталған бағдарламаны Шу ауданында жүзеге асырып жүрген қос мекеме бар. Бұл жұмысты биыл алғашқы болып Шу қалалық жастар ресурстық орталығы қолға алса, жуырда аудандық жастар ресурстық орталығы шілде айынан іске асыра бастады.
Шу қалалық жастар ресурстық орталығы сәуір, мамыр, маусым айларында қала жастарын маусымдық жұмыспен қамтып, саябақ пен скверлерді, өзге де қоғам көп шоғырланатын орындарды ретке келтірді. Маусымдық жұмысқа тартылған 76 жас 3 ай ішінде 10 гектар аумақтан 9 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарды. Сонымен қатар еңбек жасағының құрамындағылар көптеген тал-дарақтардың көшетін де отырғызып, қоршаған ортаға пайдасын тигізуде.
Қазіргі таңда аудан орталығындағы М.Жүнісәлиев атындағы саябақта да қауырт тіршілік жүріп жатыр. Онда 30-ға жуық жас қол еңбегімен айналысып, ауданда тазалықтың көрініс табуына үлес қосуда. Бұл негізінен 16-35 жас аралығындағы жастарға арналған жоба. Аталған жоба аясында биыл 100 жасты жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Аудандық деңгейде жобаның басталғанына 2 айдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде 60-қа жуық жас маусымдық жұмыспен қамтылды, – дейді Нұрзат Манатбекұлы.
Ауданда «Жасыл елді» қосымша табыс көзі ретінде қарастырған студенттің бірі – Нәсіпкүл Тубекова. Оның да жасы 17-де.
– Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын. Жұмыс істеп жатқаныма 1 жылдай уақыт болды. Өзім Шу ауданының Абай ауылында тұрамын. Шу қаласындағы «Алмас» гуманитарлық-техникалық колледжінің 3-курс студентімін. Ол оқу орнында «Ақпараттық жүйелер технигі» мамандығы бойынша білім алып жатырмын.
«Жасыл ел» еңбек жасағындағы жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қысқаша айтқанда, мұнда жастарды, студентерді жұмыспен қамту көзделген. Казір өзіңіз білетіндей, жастардың білім ала жүріп нәпақа табуына, заңды жолмен еңбектенуіне қатысты бірден-бір тетік – «Жасыл ел» еңбек жасағы жобасы. Біз жұмысқа 4 сағат, яғни күндізгі сағат 14:00-де барып, кешкі сағат 18:00-ге дейінгі уақыт аралығында істейміз. Бізге жүктелген міндеттің ішінде бел ауырып, мұрын қанайтын жұмыс жоқ. Тек ерінбей, арланбай еңбек етсең болғаны. Дәл қазіргі уақытта М.Жүнісәлиев атындағы саябақта еңбек етіп жатырмыз. Саябақтың шөбін шабу, аяқжолдар мен ашық алаңқайларды сыпыру, шашылған қоқыстарды жинау секілді жұмыстарды атқарамыз.
Осы еңбегіміз үшін берілетін айлықақыны уақытылы алып отырмыз. Бұл біз секілді жастар үшін үлкен көмек, – дейді Н.Тубекова.
Тұрғынның пайымды пікірі
Шу ауданының орталығы – Төле би ауылының тұрғыны Науат Күмісбекова жалынды жастардың ісіне разы екенін айтады.
– Біздің кезімізде де дене еңбегі, жастарды еңбек тәрбиесіне баулу деген ұғым мектепте де, жоғары оқу орнында да болатын. Ол кезде еңбеке жарамды оқушылар белгілі бір уақытқа босатылып, жиын-терінге үлгере алмай жатқан ұжымшарға көмектесетін. Оларға да еңбекақы жазылатын. 9-сынып оқушылары көктемде малшылар ауылына барып көмектесетін. Жоғары оқу орнының студенттері баспана салу, кірпіш құю секілді жұмыстарды атқаратын. Одан ешкім жаман болған жоқ. Қайта еңбек тәрбиесінің адамға берері мол. Өйткені «Адамды адам еткен – еңбек» деген нақыл сөз бар халық аузында. Баланы жастайынан еңбек дағдысына үйрету – үлкен тәрбиенің бастауы. Сонымен қатар бұл жастарды отансүйгіштікке, елдің, жердің қадірін білуге, патриот болуға үндейді. Мысалы, патриот болғысы келген адам атқа мініп, аттан салмай-ақ еліне, жеріне қоғамдық жұмысқа белсене араласу арқылы да үлес қосса болады. Қазіргі жастардың тәрбиесі, қоғамдағы мәдениеті әлеуметтік желілерде көптеп айтылып жатады ғой. Сондай әлеуметтік желілерде бейнеткеш, еңбексүйгіш жастарды түсіріп, бейнеролик жасап насихаттаса, көзге түскендерін ел алдында марапаттаса, тіпті фильм түсірсе де артық болмайды. Оны көрген кейінгі буынның бойында адал еңбекке, қосалқы жұмысқа деген дұрыс көзқарас қалыптасады. Мәселен, ауданда жастар саябақ, орталық секілді ел көп жүретін қоғамдық орындарды тазалап жатқанының талай куәсі болдық. Біздің Шу ауданының жастарын дәріптесе, несі айып? – деді Н.Күмісбекова.
Расында да тұрғын айтқан сөзде жөн бар. «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамындағы жастар өздері тұрған қаланың, өңірдің гүлденуіне, абаты мен тазалығына өлшеусіз үлес қосып жатыр. Олар шындап келгенде экологиялық ахуалдың жақсаруына, қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтауға атсалысып отыр. Бұл бағыттағы жастардың белсенділігін олардың туған жерінің табиғатына жанашырлықпен қарауынан туындаған ықпал деп білеміз.
Нұрым Сырғабаев
nurymsyrgabaev28@gmail.com
Келесі мақала