Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сурдлимпиада спортшылары сенімді ақтады

Сурдлимпиада спортшылары сенімді ақтады
ашық дереккөз
Сурдлимпиада спортшылары сенімді ақтады
Газетіміздің өткен нөмірінде Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында түндігін түрген жазғы Сурдлимпиада ойындарында 48 кило салмақта татамиге көтерілген жамбылдық дзюдошы Кара Оглы Фериденің қола жүлдегер атанғанын сүйіншілеп жазған болатынбыз. Есту мүшесі зақымданған спортшылар арасында өтетін Олимпиада ойындары қыза түскенде Бразилиядан ақжолтай хабар жетті. 78 кило салмақ дәрежесінде белдескен дзюдошы Анна Краморова да Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері атанды. Жерлесіміз финалға дейін қарсыласының барлығын қоғадай жапырып жеткенімен, ақтық белдесуде сәттілік серік болмай, күміс жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ А. Краморова командалық жарыста қола медаль еншіледі. Ал кеше ғана жамбылдық жампоз ел қоржынына тағы бір жүлде салды. Грек-рим күресінен Сурдлимпиада ойындарында 77 килода ел намысын қорғаған Нұржан Асан қола жүлдегер атанып, мерейімізді үстем етті. Жалпы төртжылдықтың басты спорттық бәсекесінде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Тараз қаласындағы дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубынан 13 спортшы 6 спорт түрінен сынға түсуде. Әлемнің 100 елінен 3500 спортшы бақ сынап жатқан байрақты бәсекеде бірнеше спортшымыз жүлдегер атанса, Эвелина Егембердиева мен Айдос Түгелбаев командалық жарыста қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ Олжас Рысжанов таеквондодан жекелей сында қола жүлдеге қол жеткізсе, топтық сайыста да қола жүлдені қанжығасына байлады. Осылайша жамбылдық спортшылардың Бразилияда бабы мен бағы қатар шауып, ел мерейін үстем етті. Алтыннан алқа тағына алмады демесек, облыстан аттанған 13 спортшының 4 жүлдеге қол жеткізуі де түсіне білгенге аз жетістік емес. Жамбыл спортының даңқын аспандатып жүрген спортшылардың жеңісті жолы жалғаса берсін. Жуырда Сурдлимпиада ойындарында жүлдегер атанған спортшылар туған жерге оралып, жанкүйер қауым Тараз қаласының шығаберіс қақпасында салтанатты түрде күтіп алды. Сурдлимпиада да жасындай жарқылдаған жерлестеріміздің жеңісіне ортақтасқан облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков бастаған жұртшылық ізгі тілектерін жолдады.  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар