Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тоғызқұмалақтың атасы Ақшораевтың аты ұмытылмаса...

Тоғызқұмалақтың атасы Ақшораевтың аты ұмытылмаса...
ашық дереккөз
Тоғызқұмалақтың атасы Ақшораевтың аты ұмытылмаса...
Әр халықтың тамыры мен тектілігі, мәдениеті мен танымы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық ойындарынан көрініс табады. Баба салты, ата мұрасы көркем қазына. Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, еркіндіктің шұғыласы шашылғалы ұлттық ойындарымыз қайта жаңғырып, жалпыхалықтық сипатқа ие бола бастады. Мыңдаған жылдық тарихы бар, қазіргі уақытта әлемге әйгілі зияткерлік ойындардың ішінде ерекше маңызға ие тоғызқұмалақ та халықаралық деңгейдегі спортқа айналып келеді. Дегенмен кезінде бабалардың серігіне айналған, зерделі ұлттың ойыны саналатын тоғызқұмалақтың елімізде даму жолы, кімдердің үлес қосқаны, халықаралық деңгейге қалай жеткені жайлы ойлана бермейтініміз жасырын емес. Тоғызқұмалақты дамытуға, жан-жақты зерттелуіне үлес қосқан азаматтың бірі – Әбілда Ақшораев. Бір қызығы, тоғызқұмалақ ойнай білетіндердің өзі Ә.Ақшораевтың атын біле бермейді екен. Тоғызқұмалақ қайраткері жайлы біздің де білетініміз шамалы еді. Әйтеуір Қаратау қаласындағы өзіміз тұратын көше Әбілда Ақшораев атында екенін білеміз. Жасы үлкендерден сұрастырып едік, «көшеге есімі берілсе тегін кісі болмағаны ғой» дегеннен ары аса алмады. Ғаламтордан да мардымды деректер көзімізге түспеді. Әйтеуір тоғызқұмалақтан алты рет Қазақстан чемпионы атанғаны жайлы ғана там-тұм ақпарат таба алдық. Басқа амалымыз қалмаған соң Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығының хатшысы Мақсат Шотаевқа хабарласуға тура келді. Ақшораев ұстазына арнап «Тоғызқұмалақ қайраткері» атты кітап жазған Мақсат Шотаевтың арқасында Әбілда Ақшораев туралы біршама ақпарға қанықтық. Әбілда Ақшораев – тоғызқұмалақтың елімізде кеңінен қанат жаюына өлшеусіз үлес қосқан. Ойын теориясын алғаш рет жүйелеуші қайраткер тұлға. Көптеген кітаптардың авторы. Ойынның бұқаралық сипатқа ие болуы үшін «өнерпаз» тақтасымен қатар, пластмасса тақтаны ойлап тауып, халық арасына кеңінен насихаттапты. Сондай-ақ тоғызқұмалақ спорты төңірегіндегі қордаланған мәселелерді шешу мақсатында жаңашыл идеялар ұсына білген екен. Ә.Ақшораев – 1935 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шілік ауылында өмірге келген. 1954 жылы орта мектепті «күміс» медальмен бітірген. Мәскеудегі түсті металдар және алтын институтын инженер-металлург мамандығы бойынша тәмамдаған. 1960 жылдың мамыр айынан бастап Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы бұрынғы бүкілодақтық «Госторхимпроект» институтында бақылаушы өкіл болып зейнетке шыққанша жұмыс істейді. Ә.Ақшораевтың 39 жасқа келгенше тоғызқұмалақтың атын естігені болмаса, ойнау техникасынан хабары болмапты. Ұлттық спортқа деген құштарлығы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романының «Биікте» тарауын оқығаннан кейін пайда бола бастаған көрінеді. Алайда сол бір замандарда елімізде тоғызқұмалақтың назардан тыс қалуына байланысты қырғыз асуына тура келеді. Бауырлас қырғыз елінің Талас облысында тұратын Қыдырбек Әбдірақманов есімді тоғызқұмалақшы қариямен сұхбаттасқаннан кейін ынта-ықыласы арта түседі. Ақшораев тоғызқұмалақ ойыны туралы: «Зерттеп жүріп білгенім, төл ойынымыз тоғызқұмалақ та өзімізбен тағдырлас екен. Кеңес үкіметінің кезінде тоғызқұмалақ құмар ойын деп саналғандықтан кенжелеп қалыпты. Тіптен ұмытыла бастаған. Тек ұлттық тәрбие алған саналы азаматтардың арқасында 1943 жылы Республика Үкіметінің арнайы қаулысынан кейін араға 25 жыл салып қолымызға қайта тиіпті. Десек те 1975 жылдарға дейін бұл ойынға жете мән бермегендіктен, тоғызқұмалағымыз қанатын кеңге жая алмай, жекелеген кейбір көнекөз қарияларымыздың ермегі ретінде ғана қолданылыпты» деп жазады. Тоғызқұмалақтың атасы саналған Ақшораевтың бұл ойынға қызығушылығы осындай зерттеулерден кейін басталған. Осылайша тоғызқұмалақ ойынымен біте қайнасып кеткен. Әбілда ақсақал 1975-1985 жылдар аралығында көптеген жарыстар ұйымдастырыпты. Өзі де республикалық жарыстарға қатысып, Қазақстанның алты дүркін жеңімпазы атанғанын жоғарыда айттық. Тоғызқұмалақтан Қазақстанның спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Зияткерлік ойынды дамыту мақсатында Ә.Ақшораевтың 1979 жылы «Қазақстан» баспасынан «Тоғызқұмалақ», 1980 жылы «Мектеп» баспасынан «Ойынның кодексі мен классификациясы», 1983 жылы «Жалын» баспасынан тоғызқұмалақ жайында орыс тілінде жазылған кітаптары жарық көреді. Оған қоса 1979 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы «Өнерпаз» фабрикасынан жаңа үлгідегі ойын тақтасын жасап шығарады. Қысқаша айтқанда жаңа өмір талабына сай тоғызқұмалақ ойынына көптеген жаңалықтар енгізеді. Зейнет демалысына 1997 жылы шықса да қол қусырып қарап отырмай, өзі жандандырған істі одан әрі жалғастырып, іліп әкетер шәкірттер тәрбиелеуге көңіл бөледі. Астана қаласында 2000 жылы өткен республикалық «Ақ бидай» ауыл ойындарының бас жүлдесіне ие болады. Сол жолы тоғызқұмалақшыны сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов арнайы Құрмет грамотасымен марапаттайды. Қостанай облысында өткен Қазақстан халқы бірінші спартакиадасында алтын медальға ие болады. Тоғызқұмалақтың тағдырлы тұлғасының өмір жолына үңілсек, ұлттық құндылықтарымыз ұмытылып, тіл мен діннен айырыла бастағанына қарамастан Әбілда Ақшораев төл ойынымызды жандандыруға деген құлшынысымен барлық кедергілерді жеңіп, тоғызқұмалақты елімізде кеңінен дамытқанын көреміз. Ақшораев салған іздің, жазған кітаптарының арқасында тоғызқұмалақ әлі күнге дейін дамуда, ілгерілеуде, көптің қызығушылығын тудыратын спорт түріне айналуда. Осындай талантты, құрметті азаматтарымыздың ерен еңбегі елеусіз болып, тасада қалып қоймаса екен дейміз. Мәселен, тоғызқұмалақтан Ә.Ақшораев атындағы облыстық, аудандық турнирлер өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар