Жамбыл жаңалықтары
Шу ауданы Өндіріс ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді
- author AR-AY
- 18 тамыз, 2023
- 371
Шу ауданы Өндіріс ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Шу ауданы Өндіріс ауылдық округіндегі жаңа мәдениет үйінің ашылуына қатысты.
100 орындық мәдениет нысаны «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген.
Құрылысын мердігер «Тараз Инвест Құрылыс» ЖШС жүргізген ғимараттың жобалық құны 2560,9 млн. теңгені құраған.
Салтанатты шарада облыс әкімі ауылдықтарды қуанышымен құттықтап, өңірдің мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Кез келген мемлекеттің өркендеуі сол елдің мәдениеті мен өнеріне байланысты. Мәдениет – тіршіліктің тірегі, ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі. Сондықтан, құнды мұраларымызды асқақтата түсу – бәріміздің ортақ парызымыз. Бүгінде облыста 500-ден аса мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Соңғы жылдары өңіріміздің мәдени-рухани өмірінде маңызы зор нысандар пайдалануға берілуде. Оның бәрі жергілікті тұрғындарға тиімді, үздіксіз қызмет етуі тиіс,-деді Нұржан Нұржігітов.Айта кетейік, халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру мақсатында өткен жылы облыс көлемінде 4 нысанның құрылысы жүріп, 32 мәдениет нысаны күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. Биыл 18 мәдениет нысанның құрылысын жүргізуге бюджеттен қаржы қаралды. Оның тоғызы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп көзделген. Салтанатты шарада Өндіріс ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Тобахан Байгисиев ауылдықтардың атынан ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылып, қонақтар мен ауыл тұрғындары соңғы үлгідегі озық технологиямен жабдықталған мәдениет ошағымен танысты. Жаңа ғимараттағы ауылдық клуб пен кітапхана, цифрлық-ақпараттық орталық елді мекендегі екі мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін болады. Айта кету керек, жалпы аудан бойынша бүгінде 47 мәдени нысан жұмыс істеуде.