Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МЕМЛЕКЕТКЕ ҚЫЗМЕТ– АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

МЕМЛЕКЕТКЕ ҚЫЗМЕТ– АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
ашық дереккөз
МЕМЛЕКЕТКЕ ҚЫЗМЕТ– АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде, қай қоғамда болмасын белсенді буын өкілдері. Еліміздің жаңа келбетін қалыптастыруда да жастардың айрықша рөлі бар. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Жуырда 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «Баласағұн» орталық концерт залында «Жас мемлекеттік қызметшілер форумы» өтті. Өңірде алғаш рет өткізілген іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Форумның өткізілу мақсаты – өңірдегі мемлекеттік қызметтің халық арасында имиджін көтеру, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін айқындау, қызметкерлердің негізгі миссиясы халыққа қызмет ету екендігін түсіндіруді, әділ және жауапкершілігі мол тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді. Шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев, Президенттік жастар кадрлық резервшісі-техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Дәулет Қуатұлы және 18 бен 35 жас аралығындағы түрлі саладағы 500 жас мемлекеттік қызметші қатысты. Форумда алғысөзді облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен алып, мемлекеттік қызметке қатысты тың ойларымен бөлісті. – Мемлекеттік қызметті атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру деген сөз. Бұл аса жауапты әрі күрделі сала қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру керектігі туралы айта келе: «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар ең алдымен халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат етуі тиіс», деген еді. Бұл жас мемлекеттік қызметшілерге айнымас қағидаға айналуы тиіс, – дей келе, елдің ертеңі жастардың қолында екенін атап өтті. Іс-шара барысында департамент басшысы Л.Ілебаев халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы мен әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі туралы өз пікірін білдірді. – Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет. Жастар – еліміздің ең белсенді қозғаушы күші, қоғамның бір бөлігі. «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейханов айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық қажет. Қоғам мен азаматтардың сенімін туғызу – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті, – деді Лесбек Ілебаев. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті үшінші іріктеу кезеңі туралы толығырақ ақпаратпен де бөлісті. – Іріктеуге өтінімдер қабылдау 1 қыркүйектен бастап 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі, 5 жыл еңбек өтілі бар, қазақ тілін еркін меңгерген, яғни «В1» деңгейінен төмен емес Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау бойынша тестілеуге келер болсақ, тест «Qaztest» арқылы тапсырылады. Бұл да талаптың бір түрі. Егер тесттен өте алмасаңыз, сіз талапқа сәйкес келмейсіз. Құжат тапсырғанға дейін тест тапсырып, өз деңгейіңізді тексеріп көрсеңіздер болады. Биыл іріктеу инфрақұрылымды, агроөнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіпті кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық сайт, цифрландыру және азаматтық қоғам сынды бағыттар бойынша жүзеге асырылады, – деді Лесбек Ілебаев. Әрі қарай Президенттік жастар кадрлық резервшісі-техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Дәулет Қуатұлы Президенттік жастар кадрлық резерві жобасындағы жастардың қандай қасиеттерді бойына сіңіру керек екендігімен бөлісті. – Жастар ең алдымен өз елінің патриоты болуы керек. Патриот деген сөздің аясын да кеңінен түсіну керек. Олар өз халқының мәдениетін біліп, тарихына құрметпен қарап, қорғауы қажет. Екіншіден, жас мемлекеттік қызметші үнемі өз-өзін дамытумен айналысу керек. Өйткені біз өте қатал бәсекелестік әлемде өмір сүреміз. Болашақта бұл бәсекелестік деңгейі артпаса, кемімейді. Сондықтан үнемі ізденісте болып, жаңа білімді игеруіміз қажет, – деді Дәулет Қуатұлы. Сондай-ақ ол аталған жобаның өзінің білімі мен дағдыларын ел игілігі үшін қолдануға бірегей мүмкіндік бергенін атап өтті. Форумның екінші кезеңінде бірқатар мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке қосқан елеулі үлестері үшін марапатталды. Атап айтқанда, Талас ауданының Берікқара ауылдық округі әкімі Ербол Смаилов ҚР Президенті Әкімшілігінің грамотасымен және оның ата-анасы департамент басшысының алғыс хатымен марапатталды. Еске салсақ, Ербол Смаилов құтқарушылардың көмегін күтпей, із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге жаяу шығып, қар құрсауында қалған 70-ке жуық адамды аман-есен құтқарып қалған еді. Сондай-ақ «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының бас жүлдегері Қордай ауданы, Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжаһан Елемесова да облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Форумның алғашқы күні өткен «Ой шебері» атты командалық интеллектуалдық сайыстың жеңімпаздары да анықталып, І, ІІ, ІІІ орын иегерлері облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы әзірлеген жүлделі сыйлықтармен марапатталды. Екі күнге жалғасқан «Жас мемлекеттік қызметшілер форумы» концерттік бағдарламаға ұласып, мәресіне жетті. Аяулым ЖАМАНҚАРА aaiauka@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар