Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шекара шебін күзеткендер – ел мақтанышы

Шекара шебін күзеткендер – ел мақтанышы
ашық дереккөз
Шекара шебін күзеткендер – ел мақтанышы
Дүниеде жерінің және көңілінің кеңдігімен мақтанатын бір халық болса, ол – қазақ. Әрине, көңілдің кеңдігіне бүкіл әлем сыйса да, жерінің кеңдігіне алабөтен ой сыйдыра алмайтынымыз да анық. Сол себепті де тәуелсіздік алғаннан кейін бірден жан-жақтағы көрші мемлекеттермен ымыраға келіп, ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап қалған жерін картамен сызып, заңмен бекітіп алдық. Бұл өз кезегінде біздің тыныштығымыз бен бейбітшілігіміздің ұйытқысы болды. Жалпы қазіргі шекарамыздың аумағы – 13,4 мың шақырым. Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте 7 548 шақырым Ресеймен шекараласады. Ал республиканың Алтайдан Тянь-Шаньға дейінгі 1 783 шақырымға созылып жатқан шығыс шекарасын Қытай Халық Республикасымен арадағы ала бағандар бөліп тұр. Оңтүстігінде Түрікменстанмен – 459 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым, Қырғызстанмен 1 242 шақырым шектеседі. Ал шекаралық аймақтарды күзету қазақ сарбаздарының мойнындағы ең ауыр да абыройлы міндет екені даусыз. Кешегі бабаларымыздың қызыл аяқ қар кешіп, жалаңаяқ жар кешіп жүріп қорғап қалған жерін көздің қарашығындай сақтау – ең үлкен парызымыз. Біз 18 тамыз – Шекарашылар күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Жамбыл ауданы бойынша басқармасының «Жасөркен» шекара бөлімшесіне барып, әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Аталған бөлімшеде биыл көктемгі шақырылымда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздар қызмет етеді. Олардың ішінде Түркістан, Ақмола, Жамбыл, Алматы облыстарынан келген жас сарбаздар бар. Бұл шекара бөлімшесі 2012 жылы құрылып, мемлекеттік шекараны қорғауға кіріскен. Содан бері жыл сайын әскерге шақырылған жас сарбаздарды тәрбиелеумен және Отанның шекара тұтастығын қорғаумен айналысып келеді. – «Жасөркен» шекара бөлімшесі Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Жасөркен елді мекенінен 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Шекара бөлімшесінде күзетуге, қорғауға арналған барлық жағдай жасалған. Иттер, аттар, көліктер мен мотоциклдер, түнде көру құралдары, басқа да керек-жарағымыз сақадай сай. Қазіргі таңда Қырғызыстанмен шекаралас аумақты таулы аймақ және жазықта қорғап тұрмыз. Сондай-ақ шекара бөлімшесінде кейбір әскери қызметкерлер өздерінің отбасымен тұрады. Олардың балаларына ойын алаңшалары салынып, салауатты өмір салтын ұстануына лайықты жағдай жасалған. Сонымен қатар шекара бөлімшесінің аумағы түгел жарықтандырылған. Әскери күзетшілердің киетін киімдері, қолданатын қару-жарақтары, ас-суы толықтай талаптарға сай келеді. Әрі мұндағы су, жылу, электр энергиясы ауданға, қалаға бағынышты емес. Мысалы, кейде белгілі себептермен қала, ауыл тұрғындары сусыз, жарықсыз отыратын болса, бөлімшеде ешқашан ондай мәселе туындамайды, – дейді Шекара қызметі облыс бойынша департаменті Жамбыл аудандық шекара басқармасының «Жасөркен» шекара бастығы, капитан Қамбар Аханов. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз», деп атап айтқан болатын. Сол қасиетті борышына адал қызмет атқарып келе жатқан шекара қызметіндегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұландарының еңбегі ерен. Оларға мемлекет барлық жағдайды жасаған. Әлі де жасай береді. Қазіргі таңда біздер сөз етіп отырған шекара бөлімшесіндегі сарбаздар қыстық-жаздық киімдермен, 4 мезгіл нәрлі де қуатты ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ олардың бос уақытта шығармашылықпен айналысуына, спорттық ойындар ойнауына, кітап оқуларына да жағдай жасалған. Әрі бұл жердегі сарбаздар арасында әскери әлімжеттік сияқты жағымсыз қылықтар атымен жоқ екендігіне де көзіміз жетті. Өйткені бәрі камера арқылы бақылауда болса, бір жағынан оларға көптеген тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, барынша бауырмалдыққа баулиды. Сонымен қатар әскер ол тек ел аумағын ғана күзетіп тұратын адам емес, қайта ол халыққа, сол шекаралас аумақтардағы тұрғындарға көмек көрсете алатын үлкен күш екенін де ұмытпағанымыз жөн. Өйткені біздің «Жасөркен» шакара бөлімшесіндегі ұландарымыздың іс-әрекеті осы сөзімізді растай түседі. Олардың қызметінің нәтижесінде биыл Қырғыз Республикасынан Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өткен бір азамат ұсталған. Оның қалтасынан синтетикалық есірткі заттары шыққан. Ал мұндағы шекарашылар тек Отанның шетін күзетумен айналыспайды. Олар шекараға жақын маңдағы тұрғындарға көмек көрсетіп, керек кезінде қастарынан табылады. – Қыстыгүні бұл аумаққа қар қалың түседі. Сондай кездерде жолдар күреледі, тұрғындардың жол жүру жағдайлары қадағаланады. Әрі бұл маңда Талас өзені Қырғыз Республикасының аумағында болғандықтан кейде тұрғындардың жер суғаруына, басқа да ауызсу ішу мәселесіне келгенде біз көмектесеміз. Себебі суды бері қарай бұру үшін қырғыз елінің аумағына өту керек болады. Оған қарапайым халық өте алмайды. Егер тұрғындар өтсе, онда ол заңсыздық болып табылады. Сондықтан ондайда біз арғы жақтағы елдің күзетімен сөйлесіп, уақытша суды өзіміз жаққа бұрамыз. Сондай-ақ тәрбие жұмыстарымен де айналысамыз. Қасымызда тұрған Жасөркен ауылының мектебіне барып, жиі-жиі кездесулер өткізіп, оқушыларды «Жас шекарашы» атты ұйымға мүше ретінде қабылдап, оларға ант қабылдатамыз. Әрі «Шекарашылардың бір күні» деген атпен іс-шаралар өткізіп, оларға өзіміздің жұмысты таныстырамыз. Сонымен қатар біз шекараға жақын өзіміздің елді мекендегі тұрғындармен өтене тығыз байланыстамыз. Олардың арасында ерікті болып жұмыс істейтін шекарашыларымыз да бар. Әрі ақсақалдардың араласуымен түрлі туындаған мәселелерді бірлесе шешеміз. Олар бізге рух береді. Осы күнге дейін біздің іс-шараларға қатысқан жастардың мемлекеттік шекараға деген, әскерге баруға деген түсініктері өзгеріп, қазіргі таңда барлығы да шекара қызметінде болғысы келеді. Әрі елінің қорғанышы болып, өз елінің әскері болуды мақтан тұтады. Болашақта олардан ең мықты әскери мамандар шығатынына біз де сенімдіміз, – дейді Қамбар Кенжебекұлы. Шекара қызметінің күн тәртібімен олар таңғы сағат 5:00-де тұрып, спорттық жаттығулар жасауға кіріседі. Ары қарай таңғы асқа дайындалады. Жұмыс тәртібіне сәйкес шекара күзетіндегілер бәрі бір уақытта тұрып, бір уақытта ұйықтамайды, біреуі ұйқыға жатқанда екіншісі тұрады, бірі күзеттен келгенде екіншісі кетеді деген сияқты үзіліссіз жұмыс істейді. Әне, осындай кезде олардың физикалық тұрғыдан қуаттандырып тұратын тамағының сапалы болуы маңызды екені анық. Біз түскі ас мезгілінде шекарашылармен бірлікте тамақтанып, олардың жейтін тағамдарының қаншалықты мөлшерде берілетінін және оның сапалық тұрғыда құнарлылығын өз көзімізбен көріп, бас аспазды сөзге тарттық. – «Ас адамның арқауы» дегендей, біз сарбаздардың төрт мезгіл берілетін тамағын қамтамасыз етіп, уақытымен дайындап береміз. Мемлекет тарапынан ақша бөлініп, азық-түлік қорымен толықтай қамтамасыз етіледі. Бұл жерде сарбаздар не ішіп, не кием дегенді уайымдамауы керек. Тек мемлекеттік шекараны кірпік қақпай күзетіп тұрса болды. Қалған жағдайдың бәрі жасалған. Әрі бұл жерде біз жасайтын тағамдардың бәрі де дәрумендерге бай. Ол сарбаздардың денсаулығын жақсартып, күш-қуат беріп тұрады, – дейді шекара заставасының аспазы Маржан Сауқынова. Тамақтанып болғасын жоспар бойынша әркім өзінің жұмысына кіріседі. Ал бос уақыттарында оларға түрлі жаттығулар мен із кесу сабақтары және рухани тәрбие сағаттары өткізіледі. «Күндіз отырмадым, түн ұйықтамадым» деп «Тоныкөк» дастанында айтылғандай, бабаларымыздың аманатына адал қызмет атқарып, бүгінде кірпік ілмей мемлекеттік шекарамызды күзетіп отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сарбаздары ұлттың нағыз мақтанышы болуға лайық. Шапағат ӘБДІР sapagat. abdir@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар