Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Облыс әкімі Мойынқұм ауданына барды

Облыс әкімі Мойынқұм ауданына барды
ашық дереккөз
Облыс әкімі Мойынқұм ауданына барды
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданына жұмыс сапарын Ұланбел ауылдық округінен бастады. М.Әуезов атындағы орта мектептің жұмысымен танысқан аймақ басшысы оқу ордасын аралап көрді. 400 оқушыға арналған мектеп ғимараты 1966 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде нысанның тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі таңда 200-ге жуық бала білім алып жатқан оқу ордасында 35 педагог қызмет етуде. Бала санының жыл сайынғы өсімін ескерген облыс әкімі мәселенің маңыздылығына назар аударып, келер жылы күрделі жөндеуден өткізу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Сондай-ақ аймақ басшысы аталған ауылдық округтегі №4 учаскелік полиция тірегінің жаңа ғимаратын көрді. Қызметтік үй-жай ретінде салынған нысан инспектордың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Қарабөгет ауылдық округіндегі А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке арнайы ат басын бұрған Нұржан Нұржігітов ондағы сынып бөлмелерінің, қазандықтың жай-күйі мен педагогтердің қызметтік жағдайынан хабардар болды. Оқу ордасында спортзалының жоқтығын алға тартқан мектеп басшылығының өтініші қарастырылатынын жеткізді. Қылышбай ауылын сумен жабдықтау және тарату жүйесінің құрылысы 2019-2020 жылдары жүргізіліп, өткен жылы пайдалануға берілген. Суды тазарту мақсатында мембраналық қондырғы да орнатылғанымен жергілікті тұрғындар әлі де судың сапасына қатысты шағымдануда. Облыс әкімі бірқатар ауыл азаматтарымен кездесіп, олардың әрбірін мұқият тыңдады. Ауылдықтар қондырғының дұрыс жұмыс істемейтінін алға тартып, лас су ішіп отырғандарына наразылықтарын білдірді. – Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз орынды. Орнатылған қондырғыны реттеу, жұмысын жүйелеу үшін білікті, кәсіби кадр мәселесін шешу керек. Ол үшін өздеріңіздің ауылдың жастарын осы іске үйретіп, жұмыс істету маңызды. Сүзгіні уақтылы ауыстыру, тиісті қоспаны қосу секілді техникалық талаптарды сақтап, жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру кәсіби маманға байланысты. Аудан әкімдігіне бір ай ішінде қондырғыны реттеп, қызметін дұрыстауды тапсырамын. Содан соң судың сапасын қайта қарайтын боламыз. Оған дейін таза ауызсуды тасымалдау ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда қосымша жерасты суларының қорын барлау-зерделеу жұмыстарын қайта жүзеге асыру, тұрғындардың қажеттілігін нақтылау үшін шаралар қабылдайтын боламыз. Кінәлілердің жауапкершілігі қаралады, – дей келе Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Келесі кезекте аймақ басшысы Мойынқұм ауылы маңындағы Шу өзенінің бойындағы су өткізуді реттегіш қондырғысының құрылысы жобасымен танысты. Оның өткізу қабілеті секундына 40 текше метрді құрамақ. Құрылыс жүзеге асқан жағдайда төменгі бөліктегі шабындықтарды сумен қамту, шайып кету мәселесінің алдын алады. Екі жылдан бері құрылысы созылып келе жатқан Бірлік ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы қазіргі таңда тоқтап тұр. Облыс әкімі жұмысы бекітілген кестеден қалып қойған мердігер бір апта ішінде құрылысты қолға алмаса, тиісті шара қолдану керектігін баса айтты. Аудан әкімдігіне заңға сәйкес әрекет етуді тапсырды. Осы ауылдағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебіне барған Нұржан Нұржігітов 1200 орынды білім ордасының бүгінгі жағдайынан хабардар болды. 1975 жылы іргесі қаланған мектеп ғимараты әлі күнге дейін ешқандай күрделі жөндеу көрмеген. Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттары әзірленгенімен, қолдау таппаған. Аймақ басшысы қазіргі таңда 600-ден аса оқушы білім алып жатқан оқу мекемесінің бұл мәселесі қарастырылатынын атап өтті. Бұдан соң облыс әкімі Бұрылбайтал, Мирный, Қияқты елді мекендеріне барып, ауызсу тарту жобасының сызбасымен танысты. Жоба мембраналық қондырғы арқылы жүзеге аспақ. Нұржан Нұржігітов аталған елді мекендердегі халық санын ескере отырып, бюджет қаражатын үнемді жұмсауға көңіл бөліп, көшелерге су колонкаларын орнатудың тиімділігін қарастыру керектігін жеткізді. Биыл Мирный ауылы аумағынан «Табиғи тастан қаптау плитасын өндіру» зауытын іске қосу жоспарлануда. «Turan Industry» ЖШС директоры Талғат Искеновтің айтуынша, зауыт жылына 130 мың шаршы метр қаптау плитасын өндіруге қауқарлы болмақ. Кәсіпорын пайдалануға берілген соң 30 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда электр энергиясын тарту шаралары қолға алынуда десек, су құбырын жүргізу жұмыстары пысықталуда. Аймақ басшысы барған келесі нысан – «ОРГСТРОЙ» ЖШС-ның гранит өндіріс орны болды. 2017 жылы өз жұмысын бастаған кәсіпорын былтыр 262,4 миллион теңгенің өнімін өндірген. Нысанда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған десек, олардың орташа айлығы 150 мың теңгені құрайды. Облыс әкімінің Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапары Меркі-Шу-Бурылбайтал автожолының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысумен түйінделді. «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова және жол учаскелері бойынша мердігерлердің басшылық өкілдері ағымдағы жағдай туралы баяндады. Жұмыстардың басым бөлігі негізінен осы жылы аяқталмақ. Нұржан Нұржігітов құрылыстың сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес уақтылы орындалуына назар аудартты. Жұмысшылардың жалақысын көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне де айрықша ден қою керектігін еске салды. Сондай-ақ облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесті. Басқосуда әуелі аймақ басшысы ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына мемлекеттің ұстанып отырған саясаты мен алдағы жұмыс бағыты туралы аз-кем айтып өтті. – Аудандағы ауқымды жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы қаралады. Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен бөлінетін және Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар бар. Ал аудан, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары мемлекеттен көрсетілетін көмекті, түрлі бағдарламалардың мүмкіндіктерін тұрғындарға жеткізіп, жұмысты сапалы әрі жүйелі ұйымдастыруы тиіс, – деді облыс әкімі. Бұдан соң аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Ауданда 16 ауылдық округ және 24 елді мекен бар. Онда 31 895 халық тұрады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 3,3 пайыз, өнеркәсіп 11,8 пайыз, инвестиция 9,8 пайыз және құрылыс саласы 3,7 пайызды құраған. Аудандағы ресми тіркелген жұмыссыздар саны 862 адамға жеткен. Сонымен қатар ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында қолға алынған шаруалар да аз емес. Нұржан Нұржігітов Әлихан Балқыбековтен ауданның негізгі кіріс көзі және құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы жаңа жобалар туралы сұрады. Осы ретте аудан басшысы биыл жергілікті бюджеттен қаралған 690,6 миллион теңгеге саябақтар мен аллеялар жаңартылып, ауызсу, жол мәселесі сынды бірқатар шаруа ретімен шешілетінін айтты. Аудандық бюджеттің кіріс көлемі көп болса, ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік туатынын ескерткен аймақ басшысы биыл құжаттары әзірленген 9 жоба бір аудан үшін аздық ететінін және шеткі аудандағы шаруаны тіктеу мәселесі аудан әкімдігінің сметалық құжаттарына байланысты екенін баса айтты. – Біз кез келген маңызды шешімді қабылдамас бұрын оны тұрғындардың қалай қабылдайтынын ойланғанымыз жөн. Осыған аса мән беріңіздер. Шешімді қоғаммен санаса отырып, қабылдауға тиіспіз. Сонда ғана түсініспеушіліктерге жол бермейміз. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды жүйелесек, елдің де әкімдікке деген оң көзқарасы қалыптасады. Сондықтан әкімдер өздеріне жүктелген функцияны 100 пайыз орындауы керек, – деді Нұржан Нұржігітов. Басқосуда облыс әкімінің қойған сауалдарына аудандық бөлім басшылары мен ауыл әкімдері мардымды жауап бере алмады. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен кейбір ережелерді өздері жете түсінбей отырған басшыларды сынға алды. – Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар көп. Алайда ауыл әкімдері қарапайым субсидияның шарттарын білмейді. Сол үшін де Мойынқұм ауданы былтыр субсидия алудан көш соңындағы аудандардың қатарында қалды. Үкіметтен грант алғандардың да саны аз. «Сен тимесең мен тиме» деп бос жүрген жарамайды. Апта сайын ауыл әкімдерінің жұмысын жетілдіру бағытын қайталап келеміз. Әлі нәтижесі байқалмайды. Халықтың тұрмысын түзеу, табысын арттыру басты мақсат. Бұл бағытта мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Бірақ біз соны халыққа өз деңгейінде жеткізе алмай отырмыз. Тек бюджет қаражатын игеріп қана қоймай, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керекпіз, – деді Н.Нұржігітов. Актив отырысын қорытындылаған аймақ басшысы аудан әкімдігінің бөлімдерін ауыл әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Мұнымен қоса ауыл әкімдеріне шешім қабылдарда «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын қаперден шығармауды тағы бір мәрте ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ МАМАНДЫҚ
Алдыңғы мақала
ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ МАМАНДЫҚ

Ұқсас жаңалықтар