КИНОҒА БИЗНЕС ЕМЕС, ӨНЕР РЕТІНДЕ ҚАРАУ КЕРЕК
Өнер – өзгеше әлем. Өнер – шығармашылық идея. Өнер – табиғаты шынайы туынды. Өнер – жетістік. Өнер – адамзат қызығушылығы. Өнер – қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өзгерістің ең үлкені. Өнер – барша адамзаттың әлемді көркемдік жағынан игеруі жөніндегі әрекеті. Өнер – эстетикалық құбылыс. Өнер, түптеп келгенде, әсемдік пен әдеміліктің ең жоғары түрі.
Кез келген өнер түрі – теңдессіз байлық. Музыка, мүсін, кескіндеме, театр, кино, би тағы басқа өнер түрлері – құнды тарихи тамырымызға табан тірейтін, жадыны қайта жаңғыртатын, ұлттық кодымызды қалыптастыратын, руханиятымызды жандандыратын, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашатын қазақи рухы биік туындылар. Ұлттық тәрбиенің бастауы да, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу құралы да, қандай да бір этникалық қауым өкілдерінің тарихи көріністерінің жиынтығы және тарих насихаттаушысы да – өнер. Ал қазақ өнерін, оның ішінде киноны халықтың мүддесін қорғап, саналы ой өрбітетін бірден-бір мемлекеттік тетік дейміз.
Экран өнері – әдеби көркем шығарманы экранизациялау, ақпараттық жаңа форма, көркем картиналардың өндіріске енген арнайы циклі, техникалық қарқынды әрі күрделі тәсілдерді меңгеру түрі. Экранның ерекшелігі – кеңістік пен уақыттың көкжиегін тоғыстырып, яғни кеңістіктегі барлық оқиғаның және осы оқиғалардың өлшемі болатын уақыттағы әрекеттердің шындығын көрсете алатындығында. Көрермендерге тікелей және кедергісіз әсер етіп, эмоционалды тебіреністер жүйесіне дүмпу беріп, санаға терең ой салады. Ең алдымен ұлттық дәстүр ерекшелігін ашып көрсететін, қазақтың ұлттық менталитеті мен мінезіне лайықты бояулар беретін, ұлттық салт-дәстүрдің эстетикалық мәнін байқататын, шығармашылықтың сұлулығы мен әсемдігін көрсететін қазақ киноиндустриясының құндылығы зор.
Қазақ топырағына кеш келген осы бір өнер түрінің сюжеті ұлтты сақтайтын – ұлттық болмыстан, ата-баба аманаты – ұлттық құндылықтардан, рухани негіз – ұлттық тамырдан мүлдем ажыраған емес. Ұлт ретінде басты мүдделеріміздің бірі – тіл мен тарихты сақтау болса, тарихты сақтаудың бірден-бір жолы кино өнері дер едім. Біздегі кино өнерінде қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүр мен тәрбиелік мән бар.
Қазақ киноматографиясының кино тарихындағы алғашқы төл туындысы, алғашқы табысы 1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмі болды. Бұл көркем туынды кино өнеріне деген алғашқы қадам мен талпынысты оятқаны анық. Ал киноматографияның негізін қалаған «Амангелді» фильмінен көш түзеген қазақ киноиндустриясының бүгінгі жағдайы бәрімізге мәлім. Кино өнерінің бүгінгі арнасы заман талабы мен уақыт сынына лайық бет-бейнесін табуда. Тарихи, сапалы, салмақты туындыларымыздың қатары көбейіп, кино өнеріндегі биік талғам қалыптасты. Осылайша тәуелсіздік жылдарынан кейінгі жарық көрген киноларымызда кешегі кеңестік идеология мүмкіндік бермеген шығармашылық ой-сана еркіндігі анық байқалды. Шын мәнінде, барлық әлеует санасына бірден ықпал етіп, өнердегі көркемдік және эстетикалық әлемнің көкжиегін кеңейтіп, тарихқа қатысты танымымызды тереңдетіп, тарихи тұлғалар өмір шежіресінің тәліміне көрермен қауымды қанықтырды.
XXI ғасырдағы қазақстандық киноматография қоғамның, жеке тұлғаның, жалпы халықтың ұлттық рухани құндылықтарын сақтау және жеткізу барысында қарқынды жұмыс істеп, қоғамдық-әлеуметтік дамудың белгілі бір тарихи кезеңін суреттеп, жұрт тұрмысына барынша дем беріп, ел мұраты мен арман-мақсаты жолында күресіп, рухани даму жолына түсті. Оған отандық киноларымыздың көгілдір экранға шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қазақ кино саласының аудиториясының кеңейгендігі айғақ. Тұғырлы тәуелсіздігімізден кейінгі жылдары жарыққа шыққан тарихи кинолар жиынтығын: «Көшпенділер, «Сардар», «Жау жүрек мың бала», «Аңшы бала», «Жат», «Шал», «Кемпір», «Кенже», «Қазақ хандығы», «Томирис», «Домалақ ана» және т.б. құрады. Қазақ киносының мерейін асқақтатқан ортақ мүддедегі бұл туындыларда тарих беттерінен сыр шертетін оқиғалар, халық педагогикасының негізі – дәстүрлі ұлттық өнер, тәлім-тәрбие, ұлттық сезім, мінез, ой, таным, әдет-ғұрып, ата-баба салты, намыс, елге, жерге деген шексіз құрмет, халқымыздың арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, жалпы айтқанда, белгілі бір дәуір мен қоғам картиналарын көз алдымызға әкелді.
Иә, соңғы жылдарда осы бір әсемдік әлеміндегі өнер түрінен ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық болмағанымен, біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Қоғамдағы түрлі шырғалаңдардан өтіп, бірде құлдырап, бірде өрлейтін заңдылық та кино өнеріне тән болса керек. Себебі ақсаңдап жатқан тұстарымыз бен кемшіліктеріміз тағы бар. Бұл – киноны өнер деп емес, өндірістің, бизнестің бір түрі деп ұғынатындардан кеткен қателіктер деп ойлаймын. Дегенмен кино өнерінің даму тенденциялары нәтиже беруде өз ықпалын қарқынды түрде жүргізуде.
Кино – белгілі бір топты ғана емес, бүкіл қоғамды, керек десеңіз, әлемді жаппай қамти алатын, сол арқылы адам баласының көңіл күйіне, санасына зор ықпал ете алатын өнер түрі. Сол себепті де, бүгінгі таңда бұл өнер түрінің маңызы күн өткен сайын үдей түсуде. Экран өнерінің өркендеуі – қазақ халқының рухани және мәдени тұрғыдан өркендеуі. Алдағы уақытта, біздегі кино өнерінің алар асуы көп болады деген сеніміміз мол.
Ақерке КӘРІБЕКОВА, «ALEM» кәсіби білім беру колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің оқытушысы
Келесі мақала