Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СУДА СҮҢГУГЕ ДЕ СЕРГЕКТІК КЕРЕК

СУДА СҮҢГУГЕ ДЕ СЕРГЕКТІК КЕРЕК
ашық дереккөз
СУДА СҮҢГУГЕ ДЕ СЕРГЕКТІК КЕРЕК
Өмірде біреудің өмірін талқылап, өлімін тілеп жүретіндер бар. Ал керісінше біреудің өмірін құтқарып, жарқын болашақ сыйлайтындар да аз емес. Солардың ішіндегі ең батыл, ержүрек, нағыз батыр деген атқа лайықты жандар – сүңгуірлер. Біз осы бір ізгі жандардың еңбегімен танысып қайтпақ ниетте «Зербұлақ» көлінің бойында орналасқан төтенше жағдайлар қызметінің су асты сүңгуірлерінің бекетіне барып, олардың бір күндік жұмысымен танысып қайттық. Бізді сүңгуірлер құрамында 15 жыл бойы қызмет атқарып келе жатқан, талай адамның ажалына араша болып, талай сәбидің болашағына жарық нұр сыйлаған бас құтқарушы Шоқан Кенжеғұловтың өзі қарсы алды. Таңғы сағат 9:00-де кезек алмасып, өз жұмысына кіріскен құтқарушылар жасағы сағат 12:00-ге дейін өздерінің жаттығуларын жасап, киімдерін кептіріп, көліктерін дайындап, тал түсте Таластың бойын бетке алып, жолға шықтық. Мақсат – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сырттай бақылап қайту. Егер көмек керек болса, жедел түрде жәрдем беруге кіріседі. Жол бойы біз Шоқан Жұманәліұлын әңгімеге тарттық. – Осы салада қызмет етіп келе жатқаныма көп жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында суға батып бара жатқан талай адамды ажалдан арашалап қалсақ, талай адамның мәйітін тауып, күрсінген кездеріміз де, кейде түрғындардың су астына түсіп кеткен құнды заттарын тауып беріп, алғыс алған сәттеріміз де көп. Өмірде жақсылық жасау адамның ішкі жандүниесін рақаттандырады. Ал біреудің өмірін құтқару сенің жүрегіңді тыныштандырады. «Су – тілсіз жау» деп бекер айтпаған. Адамдар көбіне өзен-көлдердің жағасында суға шомылып, өз өмірін опат қылып жатады. Әрине, ол олардың суда жүзуді білмегендігінен емес, қайта өзінің жүзе алатынына сенімділігінен. Ал суда жүзе алмайтын адам суға бармайды да ғой. Сондықтан бұл жерде адамдар бірінші өз өміріне салғырт қарайды. «Су таяз екен, ештеңе етпейді» деп, астында тынып жатқан ағысының қатты екенін білмей қалады. Немесе сүңгіп мақтанам деп терең жеріне қалай кетіп қалғанын өзі де білмей қалады. Суға түскен адамның температурасы, қанайналымы өте тұрақсыз болады. Әрі шомылу кезіндегі тұрғындардың әрекеттері де бірде жылдам, бірде баяу болғандықтан, судың суықтығына байланысты сіңірлеріңіз тартылып қалуы мүмкін. Болмаса ішіндегі кейбір тастарға басыңызды, басқа дене мүшелеріңізді ұрып, қол-аяғыңыз жансызданып кетуі ықтимал. Бұл сіздің өміріңізге төнген қатерді күшейте түседі. Ал оны суға түспей тұрып адам аңғармайды, елемейді. Басына күн туғанда барып бір-ақ біледі, – дейді сүңгуір. Шоқан Жұманәліұлының айтуынша, жұмыстың ең қиыны – адамдарды су астынан алып шығу және олардың мәйіттерін ет жақын адамдарына тапсыру екен. Өйткені қанша айтқанмен өлі адамның денесін сүйреп алып шығу, оның денесін ұстау тірі адамға оңайға соқпайды. Суға батқан адам сәби болса, онда оның ата-анасы мен туған-туыстарының зар еңіреп жылаған сәттері көз алдарынан бірнеше күн кетпей жүретінін айтады. – Бір адамның мәйітін іздеп табу үшін жалғыз адамның шамасы жетпейді. Сондықтан команда болып жұмыс істейміз. Бір командада 4 сүңгуір болады. Бірі суға түсіп, адамды іздестіру жұмысын жүргізеді. Ал екіншісі сүңгуірдің беліне байланған арқанды ұстап, онымен сол арқылы байланыста болып тұрады. Үшіншісі – жәрдемші сүңгуір. Ол су астына түскен құтқарушыға қандай да бір қауіп төнген жағдайда көмек беруге дайын тұрады. Ал төртіншісі – команда жетекшісі. Ол қай бағытта, қай жерлерді іздеу керек екенін айтып, әрі іздестіру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын қадағалап тұрады. Сонымен қатар бір сүңгуір су астында көп дегенде жарты сағат жүре алады. Өйткені біздің тыныс алуымыз үшін берілген оттегі толтырылған баллонның салмағы да әжептәуір болғандықтан шаршап қаламыз. Оның үстіне су астына түскеннен кейін сүңгуірдің көру деңгейі де төмендейді. Кейде лай суға түссеңіз, су астына шөгіп қалған бұтақтар немесе темірлерге ілініп қалуыңыз да мүмкін. Мұндайда арқан арқылы белгі беріп сөйлесеміз. Мысалы, арқанды бір тартып, бір сілкісек, ол қауіпке кездестім деген белгі. Ал екі тартып, бір сілкісек, маған жәрдем керек деген белгі. Ал адамның мәйітін тапқанда үздіксіз дірілдетіп тартамыз, – дейді Шоқан Кенжеғұлов. Сондай-ақ өз тәжірибесінде ол: «Бір байқағаным, суға түсіп қайтыс болатындардың басым көпшілігі – өз-өзіне сенімді болғандар», дейді. – Көбіне біз кейде су жағалауларын бақылау барысында дос-жарандарымен келген адамдардың бір-бірімен бәсекелесіп жүзіп жатқандарына куә боламыз. Кейбірі мен Каспийге түскем, Балқашты кешкем деп көпіріп жатады. Әрі өздерінің сол сөздерін дәлелдеу үшін суға түседі. Алайда әртүрлі судың қысымы, ағысы және тура сол кездегі температурасының бәрі де адам денесіне әсер ететіндігін ескермейді. Суға түскен адамның өз-өзіне сенімді бола бастағаны оның шөгіп кетуге дайындалғаны деп түсінер едім. Сондықтан ешқашан сумен ойнауға болмайтынын адамдар бір сәтке де есінен шығармау керек. Бір адамның тұншығып өлуіне небәрі екі-үш минут жеткілікті. Әрі біз суға батып кеткендерді іздестіру барысында бір-екі сағаттан екі-үш күнге, тіпті екі-үш айға дейін уақытымызды жұмсайтынымызды айтқым келеді. Бұл судың соншалықты қауіпті екендігінің, әрі астына батқан адам бір орынға шөгіп қалмайтынының белгісі. Әрі суға тек қана жүзіп шомылушылар ғана батып кетпейді. Қыстыгүні балықшылар да батып кетіп жатады. Балықшыларды іздестіру біз үшін тіпті қиын. Біріншіден, су өте суық болады. Екіншіден, қыста киетін киімдердің салмағы ауыр. Оның үстіне мұз қатқан жерлердің астына түсу сүңгуір үшін де қауіпті. Міне, осындайда қызметіне адал адамдар ғана бұл қиыншылықтарға төзеді деп ойлаймын. Оның үстіне біз жаздың күндері кейде жағалаулардағы адамдарды бақылауда ұстаймыз. Сол кезде ештеңе істемесек те олардың қауіпсіздігін бақылап отырып-ақ кешке жақын демалғанда бір тонна көмірді түсіргендей денеміз салданып, мұрттай ұшамыз. Бұл физикалық, психологиялық тұрғыда шаршаудың белгісі. Сондықтан сүңгуірлердің, құтқарушылардың еңбегі қандай құрметке де лайықты деп ойлаймын, – дейді ол. Иә, біз әңгіменің тиегін ағытып, Талас өзенінің жоғарғы сағасына да келіп қалдық. Біз келгенде өзен бойында қаз-қатар тізілген көліктер мен суға түсіп мәз-мейрам болып жүрген балаларды көрдік. Бірақ олар түсіп жатқан жер Таластың буырқанған ағысының сағасы емес, қайта бөлініп, көлшік болып жайылып жатқан бір бөлшегі екен. Тереңдігі де адам бойынан аз-ақ асады. Бірақ солай болса да біздің көзімізше бірнеше адамға балаларды қараусыз қалдырмау турасында құтқарушы жасақ ескерту берді. Айта кету керек, қазіргі таңда департаменттің жедел-құтқару жасағының су айдындарындағы оқиғаларға жедел ден қоюына арналған 18 жүзу құралы бар. Олардың ішінде 1 қайық, 5 моторлы металл қайық, 8 үрлемелі қайық, 4 құтқару тақтасы жұмыс істеп тұр. Ал автономды жұмысты қамтамасыз ету үшін 10 тәулікке азық-түлік, жанар-жағармай қоры дайындалған.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар