Литва – Қазақстанның сенімді сауда-экономикалық серіктесі
25 шілде күні Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Литва Елшісі Гинтаутас Васюлисті еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.
Қазақстандық дипломат Г.Васюлиске ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан алғыс хат табыстап, Литва Елшісінің Қазақстанда болған бес жылға жуық уақыт ішінде екіжақты саяси және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жөніндегі нәтижелі жұмысын атап өтті.
«Литва дәстүрлі түрде Қазақстанның Балтық өңіріндегі басым сауда серіктесі болып қала береді. Қазақстанның әлемдегі ең ірі сауда серіктестерінің отызына кіре отырып, ол осы көрсеткіш бойынша ЕО елдері арасында тоғызыншы орында тұр», деп атап өтті Р.Василенко.
Кездесу барысында Балтық теңізіндегі Литва порттарымен өзара іс-қимыл тәжірибесінің болуын, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті ерекше атап өтілді. Осыған байланысты тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Комиссияның кезекті отырысы 2023 жылдың күзінде өтеді деп жоспарлануда.
Қазақстан Республикасындағы Литваның құрметті консулдықтары желісін кеңейтуге Г.Васюлистің қосқан үлесі және осы елдің Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Орал, Өскемен, Павлодар, Тараз және Шымкент қалаларындағы 10 құрметті консулының қызметі ерекше атап өтілді. Бұл ретте еліміздегі құрметті консулдықтардың саны бойынша Литва рекордсмен екені атап өтілді.
Кездесу соңында Р.Василенко Г.Васюлиске алдағы қызметінде табыс тіледі.
Өз кезегінде Г.Васюлис қазақстандық тарапқа қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы одан әрі жемісті ынтымақтастықтың жалғасатынына үміт білдірді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Литва арасындағы өзара сауда көлемі өткен жылы 28,7 пайызға өсіп, 584,3 миллион АҚШ долларын құрады (экспорт – 446,4 миллион доллар (өсім – 25,3 пайыз), импорт – 137,9 миллион доллар (өсім – 41,4 пайыз). 2005 жылдан былтырға дейін Қазақстанға Литвадан 77,2 миллион доллар тікелей инвестиция салынды.
Осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, Қазақстанда литвалық компаниялардың қатысуымен 176 заңды тұлға жұмыс істейді.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала